Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай жалпыреспубликалық диктант өтеді
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай жалпыреспубликалық диктант өтеді
908
оқылды
Бұл бастама «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ-та ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен өткен ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорлары кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Министр өз сөзінде өңірлік ректорлар кеңесін дамытуға, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын жетілдіруге, мамандықтарды бейімдеуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Отырыс барысында Ректорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов өткен жылғы қызмет және биылғы жұмыс жоспарлары туралы хабардар етті. Оның сөзіне сүйенсек, 7 өңірлік ректорлар кеңесі құрылып, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және 5 өңірде оның отырыстары өтеді. Халықаралық ынтымақтастық оң жолға қойылды. Украина жоғары оқу орындары ректорларының кеңесімен, Қырғызстан жоғары оқу орындары қауымдастығымен келісімдерге қол қойылды және РФ, Әзірбайжан, Өзбекстан, Венгрия, Түркия ректорларының кеңестерімен де ынтымақтастық туралы құжатқа қол қою жоспарлануда. Ректорлар кеңесі қазақстандық ЖОО-ның QS халықаралық рейтингсініде қатысуын кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Орта Азия мемлекеттеріндегі ЖОО ректорларының бірлескен қызметі туралы келісімге қол жеткізілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын жүзеге асыру бағытында бірыңғай ақпараттық-талдау алаңы ретінде Қазақстан ЖОО консорциумын құру мәселесі талқылануда. Жиын барысында Ректорлар кеңесінің биылғы жұмыс жоспарының басты бағыттары қарастырылды. Оқу үрдісін жаңғырту және ЖОО ғылымын дамыту мәселелеріне басымдық берілмек. Сколково жоғары басқару мектебімен бірлесе жоғары білім саласында басқарушы-менеджерлерді даярлау бойынша арнайы бағдарлама әзірленді. Еліміздегі ең үздік салалық орталықтарда жас мамандар мен студенттерді тағылымдамадан өткізу бойынша «Тәлімгер» бағдарламасы қолға алынбақ. Ерлан Сыдықовтың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты Қазақстанда «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш құндылықтары» тақырыбында жалпыреспубликалық диктант өтеді. Кеңестің тағы бір бастамасы – жоғары оқу орындарының қызметін цифрландырудың университеттік алгоритмін енгізу, бұл ел университеттерінің барлық қызметін толыққанды цифрландыруға көшудің бірыңғай платформасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Басқосу соңында ректорлар кеңесінің шешімімен химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ережеп Мәмбетқазиевке және биология ғылымдарының докторы, профессор Жасұлан Шаймардановқа «Қазақстан Республикасының Құрметті ректоры» атақтары берілді.