Іnstagram желісінде қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов әйелімен түскен суреті қызу талқыға түсіп жатыр. Онда спортшы жарымен бірге түскен суретін парақшасына жариялағанын көруге болады. Ал жары бет-аузы тұмшаланған никаб (мұсылман әйелдердің бас киімі, онда беті толық жабылып, тек көзі ашық қалады – авт.) киіп алған.
Желі қолданушылары боксшының әйелінің бұл киіміне қатысты түрлі пікір білдіріп жатыр. Онда пікірлер екіге жарылған: «Жамылады дегенге қатты жамылып кеткен емес пе?», «Өз әйелі ғой, өзі біледі», «Бұл – ата-бабаларымыздың әйелдерінде болмаған киім екен», «Бұл – мұсылманның киімі», «Жетпегені осы еді!» дейді пікір қалдырушылар. «Маша Аллах! Әмин! Әйеліңіз әдемі киініпті!» дегендер де баршылық.
Кейін боксшының өзі оқырмандарына жауап береді. Ол желідегі фотоға Сауд Арабиясында жүргенде түскендерін айтады. Содан соң, «Ей, халайық, менде не шаруаларың бар? Өз өмірлерің керемет болса, мұнда жазбас едіңіздер… Бұл – Саудиде түскен сурет. Мұнда былай жүруге болады… Әйелім никаб тақпайды, негізі бұл жерде масканың орнына таққан… Сәукеле, кимешек пен тақия кигендерге... Батыстың киімін күнде киіп жүргендеріңізді ұмытпаңыздар… Бір рет арабтікін кигенде көріп қалады екенсіздер», – деп ренішін білдіреді Данияр Елеусінов.
Еске салайық, Данияр Елеусінов кейінгі жекпе-жегін былтыр желтоқсанда өткізіп, аргентиналық Хуан Эрнан Леальді төрешілер шешімімен жеңген болатын. Бұл кездесуден соң Елеусінов жартылай орта салмақта IBO тұжырымы бойынша Әлем чемпионы атанған еді.