Балалар жылының жоспары көңіл көншітпейді
Балалар жылының жоспары көңіл көншітпейді
693
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тікелей тапсырмасымен биыл­ғы жыл Балалар жылы деп жарияланған бо­ла­тын. Осыған орай Парламентте ба­ла­ларды қорғауға арналған жаңа заң қа­был­данды. Сондай-ақ «AMANAT» пар­тия­сының Сай­лауалды бағдарламасы бойын­ша бекітілген 362 тармақтан тұратын Жол кар­тасының көп­шілігінде балалар та­қыры­­бына айрықша на­зар аударылған еді. Дегенмен Үкіметтің Балалар жылына ар­налған іс-шаралар жоспары партия та­ла­бына сай келмейтін сияқты. Мұны Мә­жі­ліс депутаттары бірнеше рет айтты. Балалар жылына орай Үкімет тиісті іс-ша­ралар жоспарын дайындап, оны «AMANAT» пар­тиясының жанындағы Отбасы және ха­лықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі рес­публикалық қоғамдық кеңес мұқият зер­де­леді. Сөйтіп, Үкімет ұсынған жоспардағы іс-шараларды жан-жақты саралады. Партияның Мәжілістегі фракциясының мүшелері бұл мәселеге қатысты арнайы отырыс та өткізген еді. Ал кеше «AMANAT» партиясының баспа­сөз орталығында Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев пен Динара Закиева журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Тақырып сол – балаларға қамқорлық көрсету мәселесі. Баспасөз мәслихатында депутаттар Балалар жылына арналған іс-шараларға шолу жасады. Мәжілісмен Динара Зәкиеваның айтуын­ша, Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-ша­раларға 48,3 млрд теңге қарастырылған, оның 16,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бө­лінді. Құжатта 50 тармақ бар, бірақ депутат олар­дың көпшілігін қайта қарау қажет деп са­найды. «Жоспар шығармашылық байқаулардан, жиын­дардан, түрлі ұсынымнан, тіпті балалар лагерлерінде жазғы демалыс маусымын ашудан құрал­ған. Неге қаражатты барлық баланы қо­ғам­дық көлікте тегін жүру, мектептерде тегін түс­кі аспен қамтамасыз ету сияқты жүйелі мә­се­лелерді шешуге бағыттамасқа? Бюджет қар­жысы бірреттік байқауларға емес, бала­лар­дың мәселесін түбегейлі шешуге бағытталуы ке­рек. Ашығын айтқанда, балалардың құқын қор­ғау саласындағы уәкілетті орган – Білім жә­не ғылым министрлігінің жұмысы түсінік­сіз», – деді Динара Зәкиева. Ал депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуын­ша, еліміздегі интернаттар әлі толық жөнделіп біт­пеген көрінеді. Жыл басынан бастап республика бойынша 247 интернатта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балалардың өмір сүру сапасын арттыру шара­лары жос­парланған. Оларда 147 мың бала тұрады. Бұған дейін 130 мекемеде жаңарту-жаңғырту жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабыл­данған болатын,– дейді депутат. Естеріңізге сала кетейік, «AMANAT» пар­тия­сының фракциясы ақпан айының басында жүйесіз шараларға жұмсалатын шығындардың орнына аз қамтылған отбасындағы әрбір балаға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін 35 мың теңгеге дейін жеткізу қажетін айтқан еді. Сондай-ақ қиын жағдайда қалған отбасыларға көмек көрсету мақсатында барлық өңірде Отбасы істері жөніндегі басқармаларды құруды ұсынды. Оған қосымша Отбасы инс­титутын нығайту, отбасындағы жанжал мен ба­лаларға қатыгездік танытудың алдын алу үшін өңірлік даму жоспарына нысаналы инди­каторларды енгізу жайы айтылды. Бірақ Үкімет бұл бастамалардың ешқайсысын қолдамапты. «Жалпы жиынтығы 100 млрд теңгеден ас­там қаржы қарастырылған Балалар жылына ар­нал­ған өңірлік жоспарлар көңіл көншітпейді. Олардың кейбіреулерінде ғана инклюзияны қолдау кабинеттерін, денешынықтыру-сауық­тыру орталықтарын, аутизмі бар балаларға арнал­ған бөлімдерді ашу сияқты маңызды іс-шара­лар көзделген. Дегенмен осы жоспарлар­дағы маңызды іс-шаралардың үлесі 35%-дан аспайды, ал қалғандары ертегі премьерасы, жаңа­жылдық шыршалар, қашықтан өткізілетін чемпионаттар, айтыстар, мектептердің ашылу рәсімдері және тағы басқа үстірт дүниелер. Бұл шараларға әр өңір 3-тен 32 млрд теңгеге дейін ақ­ша жұмсауды көздеп отыр», – деді Елнұр Бей­сенбаев. Брифинг барысында халық қалаулылары ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарға да тоқталды. Депутат Елнұр Бейсенбаев атап өт­кендей, Мәжілістің соңғы жалпы отыры­сында бірінші оқылымда тиісті заң жобасы ма­құлданған. «Енді жаңа заңға байланысты ерекше қа­жеттіліктері бар баланы санаторий-курорттық ем­деуге алып баратын ата-аналардың біріне сол жерде тұру және тамақтану шығындары өте­летін болды. Алдын ала есептеулерге сүйен­сек, алдағы үш жыл ішінде ата-анасымен не­ме­се заңды өкілімен бірге санаторлық-курорт­тық емделуге кемінде 62 мың бала барады», – деді ол. Айта кетейік, заң жобасында мүгедектікті сырт­тай белгілеу формасы қарастырылған. Сон­дай-ақ барлық таксопарк мүгедектігі бар адам­дар үшін қазіргідей 30 көліктің біреуін емес, әрбір 10 таксидің бірін олардың мұқ­таждығына қарай толық бейімдеп қоюы тиіс. Ал жастар саясаты жөніндегі заң жобасында барлық кәмелетке толмағандар үшін қоғамдық көлікте тегін жүру нормасы қарастырылған. Осы тұста «AMANAT» партиясының Бала­лар жылында қарастырылған іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруға айрықша назар аударып отырғанын атап өту керек. Партия Мәжілістегі фракциясы арқылы Үкіметтің жос­парын қатаң қадағалауға алып қана қоймай, өзге де іс-шараларды ұйымдастырды. Атап айт­­қанда, қиын жағдайға тап болған отба­сы­ларға, әйелдер мен балаларға кешенді көмек көр­сету және зорлық-зомбылыққа ұшыраған жан­дарға жәрдем беру мақсатында саяси ұйым­ның жанынан «111 шұғыл қызметі» бай­ланыс орталығы ашылды. Оған 25 мыңнан ас­там өтініш келіп түсті. Сонымен қатар бұл қызмет арнайы құрылған жедел әрекет ету топ­тарымен өзара байланыста жұмыс істейді. Олардың бірлесіп атқарған жұмысының нә­ти­жесінде қиын жағдайдағы 64 мың отба­сына кө­мек берілді. Былтыр «Бақытты отбасы» пар­тиялық жобасы аясында балалар мен отба­сыларды қолдау мақсатында 6 мыңнан астам іс-шара жүзеге асырылды.