Жоғарғы Сот республика судьяларының кеңейтілген кеңесін өткізді
Жоғарғы Сот республика судьяларының кеңейтілген кеңесін өткізді
306
оқылды
Оның жұмысына Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Парламент депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Владимир Волков, Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, «Атамекен» ҰКП, адвокатура және нотариат басшылары қатысты, – деп хабарлайды Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі. Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов екі жыл ішінде бірқатар бастамалардың іске асырылғанын айта келе, олар судьялардың, адвокаттардың, заңгерлер қауымдастығының пікірлеріне негізделгенін атап өтті. «Сот төрелігінің 7 түйіні» шеңберінде сот жүйесін жаңғырту бойынша шаралар кешені жүзеге асырылды. Олар судьяларға ғана емес, тұрғындар мен бизнес үшін де тиімді болды. Күнделікті қандай қиындықтармен бетпе-бет келетінімізді көпшілік біле бермейді. Халық жедел өзгерістерді талап етеді. Олар сот төрелігінің бүгін, тап қазір мінсіз болғанын қалайды. Алайда, күрделі өзгерістер үшін уақыт қажет», – деді ол. Ж.Асанов судьялық кадрлардың, сот актілері мен сот қызметінің сапасын жақсарту туралы Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Жоғарғы Соттың 17 заң жобасын әзірлегенін атап өтті.  9 заң күшіне енсе, тағы кемінде сегізі талқыланып жатыр. Соңғы екі жылда елімізде ақтау үкімдерінің саны күрт өсті: ауыр қылмыстар бойынша 15 есе, ал аса ауыр түрлері бойынша 5 еседен артқан. Судьялар қылмыстық қудалауға ұшыраған азаматтардың құқықтарын неғұрлым жақсы қорғай бастады. Тергеу және анықтау органдарының үстінен түсірілген шағымдардың 42% қанағаттандырылды. «Президент Жолдауында бірқатар құқықбұзушылықтар үшін жазаны қатайту туралы тапсырма берді. Сәйкесінше енді құқық бұзушылық пен қылмыс үшін жаза тағайындау бойынша сот практикасы да өзгереді. Бұл жеке тұлғаға қарсы, соның ішінде жыныстық тиіспеушілікке, сексуалдық сипаттағы зорлау әрекеттеріне, отбасы мен кәмелетке толмағандарға қарсы, автокөлікте мас күйінде жүргізу және т.б. байланысты. Барлық соттар мұны   назарға алу тиіс», – деді Жоғарғы Сот Төрағасы. Бұдан әрі Жоғарғы Сот өкілдері заңнамалық новеллалар енгізілгеннен кейін сот жүйесінде орын алған өзгерістер туралы сөз қозғады. Мәселен, Жоғарғы Соттың судьясы Ақылтай Қасымов Сот жюриі жұмысының жаңа форматы туралы хабарлады. Ол атап өткендей, өткен жылы теріс себептермен 37 судьяны жұмыстан босату ұсынылған. Олар заңсыз сот шешімін қабылдаған, аттестаттаудан өтпеген және судья этикасын бұзған судьялар. Өткен төрт жыл ішінде де соншама судья жұмыстан босатылған болатын. Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның төрайымы, Жоғарғы Соттың судьясы Лариса Шепелева мұндай өсімнің себептерін әлемдік үздік тәжірибелерді ескере отырып, судьялардың кәсіби сапасын бағалаудың жаңа әдістемесін енгізумен түсіндірді. Егер бұрын аттестаттаудан кемінде 1% өтпесе, енді 10% -нан астамы өте алмай отыр. Сот төрелігі академиясының ректоры Зәуреш Баймолдина судьялық кадрларды даярлау және сот төрелігін жүзеге асыруда кемшіліктерге жол  бергендердің біліктілігін арттыру бағытындағы негізгі өзгерістермен таныстырды. Жоғарғы Соттың судьясы Айгүл Сапарова шешімдер жаңа форматта әзірлеу және оларды дұрыс түсіндіру бойынша судьяларға арналған тренингтердің барысы туралы айтты. Спикер азаматтық істер бойынша сот актілерін әзірлеу жөніндегі тиісті оқу құралын таныстырды. Мұндай көмекші құралдар қылмыстық және әкімшілік істер бойынша да әзірленіп жатыр. Жоғарғы Соттың судьясы Ұлбосын Сүлейменова пилоттық, соның ішінде «түнгі» және «отбасылық» сот жобаларын іске асырудың тиімділігін атап өтті. Департамент басшысы Наиль Ахметзакиров сот менеджментінің тиімділігін арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Департамент басшысының орынбасары Аслан Түкиев заң жобаларын әзірлеу жұмысының, атап айтқанда, әкімшілік әділет жүйесін құру, АПК және ҚПК-ні жетілдіру бағыттарына тоқталып өтті. Басымдыққа ие бағдарламалардың жетекшілері Нұржан Молдақов пен Айдос Садуақасов «Е-сот» және «Коммуникациялық стратегия» жобаларының нәтижесі туралы айтып берді. Кеңес барысында Жоғарғы Соттың қылмыстық сот алқасының төрағасы  Әбдірашид Жүкенов сөз сөйледі. Одан әрі Ж.Асанов «Қазақстанның сот төрелігінің ахуалы, үрдістері мен келешегі» жинағын таныстырды. Онда сот жүйесі туралы өзекті мәліметтер қамтылған. Бұл жинақ ЖС сайтында 3 ақпанда жарияланады. Жинақтың мазмұнын онлайн-режимде жаңартып отыру үшін оның цифрлық нұсқасы әзірленуде. Оның көмегімен сарапшылар, халықаралық институттар, сот қызметтерін тұтынушылар кез-келген уақытта сот жүйесінде орын алып жатқан жаңашылдықтармен таныса алады. Сондай-ақ, кеңесте Жоғарғы Сот Төрағасы 2020 жылға арналған міндеттерді белгіледі. Сот төрелігінің сапасына мониторинг жүргізу бойынша IT-өнімді енгізу, судьялар штатын ұлғайтпай-ақ, арнайы әкімшілік соттар құру, қылмыстық істер бойынша кассацияға қолжетімділікті кеңейту, апелляцияның рөлі мен жауапкершілігін арттыру басым міндеттер ретінде аталып өтілді. Ж.Асанов Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тезисін еске сала келе, қоғаммен тиімді кері байланыс құру қажеттігін атап өтіп, 2020 жылды коммуникация жылы деп жариялады.