Елімізде 22 мыңнан аса ғалым бар. Бірақ ғалымы көп елдің ғылымының дамуы көпшіліктің көңілінен шықпай келеді. Себебі құжат бойынша расталған ғалым өндіріске араласып, отандық ғылымның дамуына атсалысуға асықпайды. Сонда мемлекеттен ғалым даярлауға бөлінетін қыруар қаржының желге ұшқаны ма? Мұның бір ұшы академиялық адалдыққа келіп тіреледі.
Мемлекет басшысының қолдауының арқасында соңғы жылдары ғылым саласына көп көңіл бөлініп жатыр. Ғылымды дамытуға арналған бағдарлама бекітіліп, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді. Бағдарлама бойынша 2025 жылға дейін ғылыми кадр әлеуетін арттыру, оңтайлы ғылыми экожүйені қалыптастыру, ғылымның экономикадағы үлесін арттырып, өнеркәсіппен байланыстыру және ғылымды басқаруды жетілдіру сияқты міндеттер көзделген. Биыл мемлекет тарапынан бөлінетін грант саны 2 есе, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есе өсті. Тіпті, гранттарды толық игеру үшін министрлік магистратура мен докторантураға түсетін азаматтарға жылына 2 рет тест тапсыру мүмкіндігін де берген. Алайда ғалымның көбейгені ғылымның сапасына оң әсерін тигізбей келеді. Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының айтуынша, бірнеше жыл бұрын әкім-қаралар, шенеуніктер жаппай оқып, диплом алып кетті. Кейбір әнші-әртістер үшін де магистратура мен докторантураға түсу сәнге айналды.
– Олар ғылым магистрі болып университетте сабақ бере алмайды. Оларға «Мен магистрмін, не болмаса ғылым докторымын» деген атақ қана керек. Осыны сүзгіден өткізу керек. Ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әртіс неге магистрант болады? Оған неге мемлекеттің грантын беруіміз керек? Ол бәрібір ғылыммен айналыспайды, жаңалық ашпайды. Бірақ ол мемлекет бөлген тегін грантпен оқиды. «Қара рецензент» деген болады. Дүрмекпен қорғалып кеткен диссертация, докторлық жұмыстарды сол арқылы да анықтауға болады. Министрлік соны да қолға алмай отыр,–дейді Амангелді Айталы.
Шенеуніктер ғылыми атаққа құмар
Докторлық диссертациясында «плагиат» қолданды деп айыпталып, кейін қызметінен алынған бұрынғы Білім және ғылым вице-министрінің дауынан кейін еліміздегі саяси элитаның қандай ғылыми атағы барын түгендеп шықтық. Сөйтсек, қазіргі Үкімет құрамында 3 ғылым кандидаты, 2 ғылым докторы, 5 ғылым магистрі бар екен. Ал олардың ғылыми жұмысының қай деңгейде жазылғаны бізге беймәлім. Бірақ ғылыми дәрежесі бар жандардың ғалым болуды таңдамағаны анық. Алматы менеджмент университетінің доценті Данияр Сапарғалиевтың пікірінше, Қазақстандағы білім-ғылым саласы еңбегі сіңбеген кандитаттар мен доктор дәрежесіндегі педагогтер кесірінен сапасыз күйге түскен. Ол Үкіметтен 90-жылдары жазылған ғылыми жұмыстарды тексеруді сұрайды.
– Кандидаттар мен докторлардың 99 пайызы 2011 жылға дейін дәрежесін қорғағандар. Оған дейін плагиатты тексеретін бағдарлама шыққан жоқ. Сенаторлардың 40 пайызы, мәжілісмендердің 30 пайызы ғылыми дәреже иеленген. Сондықтан бәрін әділ, ашық түрде қайта тексерейік, – дейді Данияр Сапарғалиев.
Әзірге ешқандай оқу орнының доценттер мен доктор, профессорларды тексеретін жоспары жоқ. Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының сарапшылары да ғылыми жұмыстардың сапасыздығын айтты. Олар 1991 жылдан бастап жарияланған барлық ғылыми жұмысты тексеру керек деп есептейді. Плагиат табылған жағдайда диссертациялық кеңестің дәрежесін алып, жұмыстан шығарылады. Бірақ Білім және ғылым министрлігінің мұндай тәуекелге баруы екіталай. Өйткені докторлық, кандидаттық дәреже кейбір шенділердің кеудесіне тағатын «төсбелгісіне» айналған. Олар ғылымның дамуын емес, атағы мен абыройының артқанын місе тұтады. Бұған бұрынғы вице-министр Фатима Жақыпованың жағдайы мысал. Әлемдік бірнеше антиплагиат жүйесі вице-министрдің жұмысының плагиат екенін дәлелдесе де, Жақыпова қиянатын мойындамастан өз еркімен жұмыстан кетті. Өз кезегінде жазасыз қалған вице-министрдің жағдайы қоғам тарапынан дау туғызғанымен, іс жылы жабылып қоя салды. Ендеше бұл қарқынымызбен отандық ғылымды плагиаттан тазартуымыз мүмкін емес.
Ой ұрлығы қылмысқа жатпайды
Осы жағдайдан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлемдегі ең үздік 15 мың университет қолданатын Turnitin (Turnitin Plagiarism Framework) атты антиплагиат жүйесінің елімізде іске қосылғанын, нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізілгенін жеткізді.
– Барлық курстық, дипломдық жұмыс, диссертация осы жүйеден өтеді. Екіншіден, жүйеден өтіп қана қоймай, сол жерде сақталады. Сатылатын диплом, басқа да проблемалар барын жасырмаймыз. Бір рет дайындалған жұмысты екінші рет қорғап шығу деген бұдан былай болмайды, – деген еді министр.
Осы тұрғыда бірнеше ғалым қазақстандық ізденушілер әдетте ресейлік жұмыстардан аударып көшіретіндіктен, Turnitin жүйесінен плагиат жұмыстың өтіп кетуі мүмкін екенін жазды. Былай қарасаң, қисынды. Себебі Turnitin – 1997 жылы негізі қаланған АҚШ-тың антиплагиат жүйесі. Иә, ресейлік ғылыми еңбектерден ұрланбағанын анықтау үшін солтүстіктегі көршімізде бұған дейін жазылған, қорғалған диссертациялар антиплагиат жүйесінің мәліметтер қорында болуы керек. Turnitin бағдарламасының орыс тілінде интерфейсі бар. Бірақ бұл жүйедегі мәліметтер қорының қомақтылығына кепіл бола ала ма?
Жарайды, жүйе жемісті жұмыс істейді немесе мәліметтер қоры ресейлік ғылыми еңбектермен толықтырылды делік, бірақ мұндай бағдарламалар негізінен мәтін бойынша тексереді. «Автордың сөйлемі осыған дейін жазылған қандай да бір ғылыми жұмыста кездесе ме, жоқ па?» деген сұраққа жауап береді. Бірақ мазмұн жағына басымдық бермейді. Мәселен, диссертацияны жазып отырған адам француз тілінде қорғалған еңбекті қазақшаға өңін айналдыра аударып беруі мүмкін. Мұндайда мәтін айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Ал осындай қулықпен құтылып кетпес үшін жұрт мақтаған бағдарламадан кедергісіз өткендерді мазмұн жағынан тексеретін сарапшылар кеңесі қажет. Еуропа елдерінің университеттерін айтпағанда, ресейлік белсенді ғалымдар өздері бастама көтеріп, «Диссернет» атты тәуелсіз желілік қауымдастығын құрды. Аталған қауымдастық бұған дейін антиплагиат бағдарламасынан өтіп, ғылыми атақ алған біраз шенеуніктің жұмысын тексеріп, нәтижесінде Ресейдегі әрбір оныншы ректордың еңбегінен плагиат тапқанын жариялады. Осыдан-ақ кез келген күшті антиплагиат бағдарламасы ғылымды «академиялық ұрлықтан» тазартуға 100 пайыз кепілдік бере алмайтынына көз жеткізуге болады. Сондықтан қалайда сауатты, объективті, тәуелсіз сарапшылардан құралған ықпалды ұйым, дәлірек айтқанда мимен орындалған ойдың жұмысын електен өткізуге адами фактор керек-ақ.
– Иә, егер ғылыми жұмысты мазмұн жағынан бағалайтын арнайы сарапшылар кеңесін құратын болсақ, олардың еңбегіне лайықты қаржы төлеуіміз керек. Өйткені бұл заманда біреудің шимай-шатпағын тексеріп отыру кім-кімге де оңай емес. Сосын антиплагиат жүйесін қанша жетілдірсек те, одан айналып өтудің жолы оңай. Сондықтан заң бойынша ғылыми жұмыстарды көшірген азаматтарға қатаң жаза тағайындауымыз қажет. Сол кезде ғылымда тек адал жандар қалар еді, – дейді білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы.
Шыны керек, Ресейде бұрын қорғалған ғылыми жұмыстарды компьютерге салып, автоматты түрде аударып ұсынатындар көп. Тіліміздің соншалықты құнарлығынан ба, әлде түсініксіздігінен бе, антиплагиат жүйесі мұндай аудармаларды тап басып таба алмайды. Мардымсыз болса да, бұл да ұрлық. Тұтас астық толы қоймадан бірер қап азық алса, ол да ұрлық болып саналмай ма? Ендеше ғылым жолын таңдап, жоғары дәрежеге көтерілемін деген жанның әр ісі кіршіксіз таза болғаны жөн. Әйтпесе, жұрттан жасырған өтірік күндердің күнінде бәрібір әшкере болады.