Бағаны қымбаттатуға рұқсат жоқ
Бір кездері Ақмола облысында миллиондап жұмыртқа шығаратын төрт бірдей құс фабрикасы болған. Өткен жылы Бурабай ауданындағы құс фабрикасы банкротқа ұшыраған. Қалған үшеуінің қазіргі жағдайы мәз емес. Құс фабрикаларындағы істің кері кетуіне жем бағасының қымбаттауы себеп болса керек. Шаруасы шатқаяқтаған кәсіпкерлер құс фабрикаларын мемлекет қаржыландырмаса, жұмыртқа өндірісі құрдымға кететінін айтып дабыл қақты. Себебі жағдайды оңалтуға кәсіпкерлердің мүмкіндігі жоқ. Олар өнім бағасын қымбаттату арқылы табысқа шығуға әрекет жасаған. Алайда олардың бұл қадамын антимонополия қызметі құптамаған көрінеді. Оның үстіне, жергілікті кәсіпкерлерге бағасы әлдеқайда арзан импорттық тауарлармен бәсекелесу де қиынға соғып тұр. «Жұмыртқа бағасы өскенін анықтаған антимонополия қызметі оның құнын арттыруға еш рұқсат бермей қойды. Ал шетелдік импорт өнімдері күн санап сөредегі біздің өнімдерді ығыстырып барады. Бұлай жалғаса берсе, тауықтарымызды түгел сатып, өндірісті жауып кетуге тура келеді. Қазір де шығынға белшемізден батып жатырмыз. Соған қарамастан фабрикадан жұмыс істеп, нәпақысын тауып жүрген 240 жұмысшыны қысқарту әзірге ойымызда жоқ. Бірақ олар да жалақысының өскеніп, ара-тұра сыйақы төленгенін қалайды. Ал олай етуге біздің еш мүмкіндігіміз жоқ», – дейді Степняк қаласындағы «Қазгер-Құс» фирмасының басшысы Борис Оздоев. Бұл кәсіпорын – жылына 320 миллион дана жұмыртқа шығаратын еліміздегі ең ірі құс фабрикаларының бірі. Әйтсе де, қазір бұл фабрика құрдымға кетудің алдында тұр. Сол секілді құс шаруашылығына ден қойған Аршалы ауданы Жалтыркөл ауданындағы «Ақ дала агро» компаниясы да мемлекет қолдауын күтеді.Табысынан шығыны көбейген
Құс өсіру және шығарумен айналысатын бұл кәсіпорындар осыған дейін жемді Ресейден арзан бағада алып келген. Көрші елдегі санкциялар құс фабрикаларына қажетті жемнің бағасына да өз әмірін жүргізген. Ресейден келетін жемге тосқауыл қойылған соң елдегі жем бағасы да шарықтап кетіпті. «Қазір Ресейде бидайдың келісі 90-95 теңгеден болса, бізде 150 теңгеден асып жығылады. Тіпті, соның өзін табу қиын. Бұдан жұмыртқаның өзіндік құны бірден еселеп артты. Ал біз шығарған шығынды қайтармақ түгілі, әр жұмыртқадан 7-8 теңгеге дейін шығындаламыз. Бұлай жалғаса берсе банкротқа ұшырайтынымыз анық. Ал жазғы уақытта жұмыртқаға сұраныс айтарлықтай азаяды. Фабрика біржола құрдымға кетіп, жабылып тынбасы үшін бізге мемлекеттен қолдау ауадай қажет», – дейді құс фабрикасының басшысы Борис Оздоев. Атап өтетін бір жайт, бүгінде құс фабрикаларына мемлекеттен берілетін субсидия тоқтатылған. Ал мәселеге жауапты облыстық басқарма өкілдері өңірдегі құс фабрикаларындағы қиын жағдайды ескеріп, қолдау болатынын мәлімдеді. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы аталған құс фабрикаларына 1 тонна жем 117 мың теңгеден берілмек. Қазіргі нарықтағы жем құны 150-160 мың теңгеден асып жығылатынын ескерсек, бұл аталған құс фабрикаларына әжептәуір көмек болатыны анық. Яғни, шамамен 25 пайызға арзандатылған жем беріледі», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі Қайрат Көшенов.P.S.
Бір сөзбен айтқанда, қазаққа енді жұмыртқа жеудің өзі қымбатқа түсетін түрі бар. Жемі дұрыс болмаған тауықтар жұмыртқа бермек түгілі бір күнде қырылып қалуы да ғажап емес. Әрі-беріден соң өзге фабрикалардың да Бурабайдағы құс фабрикасының кебін кимесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан азық-түліктің маңызға ие түріне жататын жұмыртқаның қат дүниеге айналмауы үшін құс фабрикаларына мемлекет қолдауы ауадай қажет.
Ақмола облысы