Атырауда соңғы 2 жыл қатарынан балықтардың жаппай қырылу фактісі тіркелді. Бір күннің ішінде жағаға жайылған топан сумен қайраңға шығып қалған жарты тоннадан аса балықтың өлексесі жиналған.
Бесікті елді мекені «Бақсай» каналы мен Алға ауылы «Алмағамбет» көлінде балықтардың өліп жатқаны туралы дабылды әлеуметтік желі қолданушылары жазды. Алайда құзырлы органдар көл жағасында жайрап жатқан балықтарды жинап алуға тыйым салды.
Аталған мәселе бойынша өткен баспасөз мәслихатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов жағдайдың өткен жылмен салыстырғанда тұрақты екенін атап өтті.
«Безымянный» көлінен 65 келі, ал «Алмағамбет» көлінен 507 келі өлген балық жиналды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының қызметкерлері мен Алға ауылының жұмысшылары тартылған. Былтыр көктемде судың жайылуынан қайраңда өлген балық саны 12 тонна болды. Осындай жағдай қайталанбас үшін тонна балық қайраңда қалып кеткен еді. Алдын алу жұмыстары жүргізілмесе, жағдай өткен жылғыдай болуы мүмкін еді», – деді Аян Қайратұлы.
Комитет төрағасы орынбасарының сөзін Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы құптады. Оның айтуынша, өзен-көлдерге су тым көп мөлшерде келген. Осыдан барып олардың арнасы жыңғыл басқан аумақтарға дейін жайылған. Ал кейін су қайта азайғанда, жыңғылдың ортасында қалған балықтар қырылды.
– Өңірде 200 су айдыны бар. Соның 70-ке жуығы қауіпті. Су айдындарын ыңғайлауға, жағдайын жақсартуға ақша қарастырылмайды. Бұл жерлерге жергілікті атқарушы органдар жауапты. Каналдар мен көлдерді күтімге алу, балықтардың уылдырық шашатын уақытына сай дайындау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бірақ бұл жұмыстар әлі де толық жүзеге аспай отыр. Жергілікті мамандардың өз күшімен шапқылап жүргені болмаса, айдындарға балықтардың оңай кіріп-шығып, уылдырық шашуы үшін жағдай толық жасалмаған. Өткен жылы балықтың өлу көрсеткіші биыл жоғары болды. Себебі биыл 70-ке жуық су нысанында тазалық жұмысы жүргізілді, – дейді Артур Сәдібекұлы.
Басқарма басшысының орынбасары тірі балықтардың сүзіліп, Жайық өзеніне қайта жіберілгенін айтты. Алдағы уақытта балықтардың жаппай қырылуын болдырмас үшін Атырау қаласы мен аудан әкімдіктеріне тапсырма берілген. Су айдындарындағы жағдай жергілікті атқарушы органдары мен Жайық-Каспий облысаралық инспекциясының қызметкерлерінің бақылауында.
Осылайша, балық шаруашылығының мамандары айдындардағы оқыс оқиғаны судың аз келуімен байланыстырды. Бұрын Ресейден келетін судың мөлшері әлдеқайда көбірек болған. Оның үстіне, ағын су сәуірден бастап тамызға дейін толассыз келген екен. Сол сәтте балықтар уылдырықтарын шашатын жерге еркін жетіп, Жайық өзеніне қайта жүзіп өткен. Қазір теріскейден келген ағын су бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде тартылып қалады.
Судың тартылуынан балықтың қырылуы өз алдына, бүгінде көпшілік қайранға шығып қалған балықты халыққа таратып беруге тыйым салатындардың әрекетіне түсінбей дал.
– Өткен жылы да жағаға шығып қалған көп балық өлді. Мамандар қуғанымен, кейбір тірі балықтарды тұрғындар қапшыққа салып, үйлеріне тасыды. Арам өлгенше балықтарды азық етуді жөн көрген шығар. Меніңше, құзырлы мекеме қызметкерлері балықтарды құтқара алмайтын болған соң, халыққа оны жинауға шектеу қоймауы керек еді, – дейді көпбалалы ана Мөлдір Серікбай.
P.S.
Қысқасы, балықтың қырылуы жыл сайын қайталанатын құбылысқа айналып келеді. Бұл сала мамандарының осы мезгілде мәселеге баса назар аударып, алдын алу жұмыстарын өз деңгейінде жүргізуін талап етеді.