Биылға бары 50 пәтер
Биылға бары 50 пәтер
378
оқылды
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді қазақ даналығы. Расында, бүгінде баспана бақытына кенелсем дейтіндердің қарасы қалың. Жылда мемлекет тарапынан түрлі жобалар жанданып жатқанымен, оның бірде-біреуі нақты жастарға бағытталмаған еді. Осы орайда осыдан екі жыл бұрын Жамбылда «Әулиеата жастары» жобасына жан біткен. Алайда басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сылдыр суға, одан әрі буға айналатындай көрініс тапты. Жобаның есеп-қисабы дайын болғанымен, оны іске асыру кейінге қалдыра берген. Әйтеуір жылда келер жылға қалып, көптің үміті үзілуге шақ қалған. Бірақ жуырда Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов жобаға жауаптылардың басын қосып, бағдарламаға бюджеттен қаржы қаралатыны туралы қуанышты хабардан құлағдар етті. Алайда аталған жоба жастарды толықтай баспанамен қамти ала ма? Негізі, жастарға арналған жобаның жүрісі ауыр болғаны туралы М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен жиында Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепбергенге жастар айтқан. Сол кезде халық қалаулысы жастардың үнін Үкіметке жеткізуге уәде берген-ді. Жобаның жүрісін жылдамдатқан мәжілісменнің Үкіметке жолдаған сауалы ма әлде сүзгіден өткен уақыты осы болғаны ма белгісіз, әйтеуір «Әулиеата жастары» жобасына қатысты сең қозғалды. Бірақ бұл бағдарлама кімдерді баспанамен қамтиды? Екі жыл «ертеңнің» еншісінде қалып кеткен жоба түпкі бағытынан айнып кеткен жоқ па? Облыс әкімі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, бірқатар өзгеріс болғанымен, бағдарлама түпкі бағытынан айнымапты. – Облыста мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы облыстық мәслихаттың шешімімен 2020 жылы қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар 11 бөлім, 94 тармақтан тұрды. Кешенді жоспарды іске асыруға 5 жылға 1,3 миллиард теңге белгіленді. Өткен жылы бағдарламаның тиімді іске асырылуын бақылау мақсатында зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Алайда Тараз қаласы мен аудандарда бірнеше кемшілік анықталды. Аталған әкімдіктердегі салалық бөлімдер тапсырманың мерзімінде орындалуына баса назар аудармаған және таныспаған. Осыған орай әкімдіктерге тиісті ұсынымдар беріліп, кемшіліктер түзетілді. Енді Сарысу, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Мойынқұм ауданының әкімдері бағдарламаның аудан көлемінде іске асырылуын бақылауға алу қажет, – дейді Серікбол Берікқожа. – «Әулиеата жастары» жобасы аясында шілде айынан бастап жастарға жеңілдетілген несие берілмек. Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктері ескеріліп, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынған. Өңірде бүгінде тұрғын үй алуға 7 140 жас кезекте тұрса, жер телімін алуға кезекте тұрған жас әулиеаталықтардың саны 11 мыңға жуықтайды. Дәл қазір бағдарламаға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп отыр. Алайда бұл қаржы бар болғаны 50 жасты ғана баспанамен қамти алады. Жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 13 миллион теңге. Несие беру уақыты – 19 жыл. Ал пайыздық мөлшерлеме мен бастапқы жарна 5 пайызға тең. Осы жылдың бес айы өтіп кеткендіктен «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ уәде еткен 50 пайыздық қаржыландыруды көрсете алмайды. Сондықтан биыл тек 50 жас қоныстойын тойлайды. Келер жылы банк тарапынан қолдау болса, баспаналы болатын жастардың санын 100 адамға жеткізуді көздеп отырмыз, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы. Негізі, бүгінде өңірде 13 миллион теңгеге дейінгі бағада баспана табу қиын емес. Алайда тұрғын үй жастардың бәріне бірдей бұйыр­мауы мүмкін. Оған себеп – үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс. Сонымен қатар жобаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Әрине, 50 баспана кезекте тұрған 7 140 жастың жұмырына жұқ болмайтыны анық. Оған қоса, бағдарламаның әлі де пысықтайтын тұстары баршылық. Мұны облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы да айтып отыр. – Бағдарламаның мақсаты жақсы. Бізге керек жоба. Дегенмен кей тетіктерін қайта қарау керек. Ертең жастар немесе қатысуға ниеттілердің арасында түсінбестік туындамас үшін, жан-жақты саралап, шешім қабылдауға тиіспіз. Түсіндіру, ақпараттық жұмыстарды барынша жүргізу маңызды, – дейді аймақ басшысы. Әрине, Жастарға жасалған дүниені жоққа шығарудан аулақпыз. Алайда жастар жылдар бойы сарыла күткен жобаға тым аз қаржы қаралғаны көңіл құлазытады. Ертең 50 баспана үшін біреу «көкесін», енді бірі «жәкесін» ортаға салатыны тағы айқын. Сондықтан «Отбасы банкі» жарты жылға болса да қолдан келген қаржылай қолдауын көрсетсе деген тілегіміз бар. Бәлкім, сонда 50-дің сыртында қалып кеткен бірлі-жарым жастар баспаналы болу бақытын сезінер.

Жамбыл облысы