Елімізде әр спорттың дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Соның ішінде су спорты да бар. Қайықпен ескек есушілердің су үстіндегі жарысы басқа спорт түрлеріне қарағанда кеш басталса да, дамуы жағынан көп спорт түрінен көш ілгері келеді. Байдарка мен каноэ есуден команда басшысы Берік Жаниев осы спорттағы жетістіктер мен маңызды мәселелерге тоқталды. Ендеше сол сұхбатты мәртебелі оқырман назарына ұсынамыз!– Аға, әңгімемізді байдарка мен каноэ есу спортының елімізде даму барысынан бастайықшы.
– Кейінгі жылдары елімізде байдарка мен каноэ есу қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі саналады. Ескек есуден 2012 жылы Лондонда 4 спортшы, 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарында 11 спортшы, 2020 жылы Токио Олимпиадасында 6 спортшымыз бақ сынап, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл спорт түрін ілгерілету ісінде 11 өңір бірінен-бірі қалыс қалып жатқан жоқ. Әсіресе, Алматы облысы, Батыс Қазақстан облысы, Түркістан облысы, Қызылорда мен Атырау облыстары, Алматы, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында спортшыларға жақсы жағдай жасалған. Қазір жаңадан құрылған 3 облыста да байдарка мен каноэ есуді дамыту жоспарланып отыр.
– Қазақстанда ересектер және жастар арасында чемпионаттардың өткізіліп тұратынын білеміз. Ал жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды ұйымдастыру мүмкін бе?
– Иә, Қазақстан чемпионаттары тұрақты түрде өтеді. Жуырда Алматы облысында ересектер мен жасөспірімдер арасында біріншілік өтті. Бірақ халықаралық жарыстарды өз жерімізде қабылдауға әлі дайын емеспіз. Өйткені бізде арнайы су каналы жоқ. Түркістанда осындай канал салу мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол аяқталса әлеуметіміз артып, мүмкіндігіміз молаяды.
– Оқу-жаттығу жиындарына көбіне қай елдерге барасыздар? Өзімізде осы спорт түрінен қай қалаларда жақсы жағдай жасалған?
– Ескек есу спорты бойынша ұлттық құрама халықаралық оқу-жаттығу жиындарына алыс-жақын жерлерге шығып тұрады. Көбінесе шетелде, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасында жаттығу өткізеді. Өйткені қыста аталған елдер жылы болады. Өткен айда, яғни 24-26 наурызда Таиландта Азия чемпионаты өтті. Соның алдында команда мүшелері Түркияда жаттықты. Нәтижесінде біздің спортшылар ересектер арасында 28 медаль, оның ішінде 10 алтын, 8 күміс, 10 қола алды.
Бүгінде ескекшілерге барлық жағдай жасалған. Қазақстанда бізге Алматы облысы мен Алматы қаласының климаты ыңғайлы. Шымкентте арна база болғанымен, жазда ол жақ қатты ыстық. Сондықтан жаттығу жасауға мүмкіндік бола бермейді. Нұр-Сұлтанда ауа райы қолайлы болғанымен арнайы ескек каналы жоқ. Сол себепті елімізде жарыстардың көпшілігі Алматыда, Алматы облыстарында өтеді. Болашақта Түркістан облысында халықаралық стандартқа сәйкес каналда су спортынан спорттық бәсекелерді өткіземіз деген үміттеміз.
– Спорт кешендері жеткілікті ме? Қайық, ескектен бөлек жаттығуға қажетті жабдықтар жағынан мәселелер толық шешілген бе?
– Қазақстандағы ескек есу спорты түрлерін дамытуда республикалық жарыстар мен жаттығу жұмыстарын өткізуге қолайлы мамандырылған базаның (канал) жоқтығы қолбайлау болып тұр. Біз негізі уақытымыздың көп бөлігін суда өткізетін болғаннан кейін көбіне жаттығу залында отыра бермейміз. Жалпы дайындық арасында болмаса, негізінен суда жаттығамыз. Ал техникалық қамтамасыз ету жағынан қиындықтар бар. Құрал-саймандар, әсіресе қайықтар қымбат. Қыс мезгілінде су мәселесі – басты проблемамыз.
Мысалға, Нұр-Сұлтан қаласында Есілде туристік параходтар жүреді. Олар спортшылардың алаңсыз жаттығуына кедергі келтіреді. Соған байланысты Есіл өзенінде қалаған уақытта жаттыға алмаймыз.
Жаңа каналымыз тезірек бітсе елімізде халықаралық жарыстар өтуші еді. Бірден Азия чемпионаты болмаса да Азия кубогын өткізуге болады. Артынша Азия чемпионатына да кезек келер. Себебі 2013 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласында Академиялық есуден Азия чемпионатын өткізу арқылы өзбектер үлкен бір деңгейге көтерілді. Жарыс алдында қаншама қайықтар, өзге де техникалар сатып алды. Кейін олардың бәрі өз пайдаларына жарады. Олардың жастары қазір жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бізге осы спорт түріне балаларды көптеп тарту үшін әр келген балаға жағдай жасайтындай техникалар, жаттығу орындары жеткілікті болуы тиіс.
– Жас жеткіншектердің, балалардың бұл спорт түріне қызығушылығы қалай? Байдарка мен каноэ есу спортының басты ерекшелігін атаңызшы.
– Шынын айтқанда, көп қызыға қоймайды. Жаттықтырушылар өздері осы спорт түріне ыңғайы бар, икемі бар деген балаларды тартады. Бір ескеретіні, ескек есу – қымбат спорттардың санатында. Себебі біздің қайығымыз бен ескегіміз арзан тұрмайды. Есесіне ескек есу үйірмелері тегін. Ал ұлттық құрамаға, әр өңірдің құрамасына үкімет, ҰОК, Спортты дамыту дирекциясы, Қайық федерациясы толыққанды жағдай жасап отырады. Осының арқасында елімізде ескекшілер көбейіп, спортшылар арасында бәсекелестік пайда болуда. Өздеріңіз білетіндей, бәсекелестік спортшыларды қайрай түседі, мықты болуға жігерлендіреді.
Әлемдік жарыстарға тек ұлттық құрама мүшелері қатысады. Олар Қазақстан Республикасының чемпионатында іріктелініп, оқ бойы оза шапқан ескекшілер әлемдік аренада ел намысын қорғауға мүмкіндік алады. Байдарка мен каноэ есу спортына қатысуға негізгі екі себепті атар болсақ, біріншіден, бұл спорт түрінен жарақат алу қаупі төмен. Екіншіден, жаттығу, жарыстың барлығы табиғат аясында, ашық аспан астында, таза ауада өтеді.
– Соңғы сұрақ, спортшыларды алда қандай жарыстарғ күтіп тұр?
– Алда Қытайда өтетін Азия ойындарына дайындықты бастап кеттік. Екі алтын, үш күміс, үш қола аламыз деп жоспарлап отырмыз. Күні кеше құрама спортшылары оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Болгарияға ұшып кетті. Алда екі әлем кубогі кезеңдеріне қатысамыз. Бірінші кезеңі Чехиядағы Рачица қаласында, екінші кезеңі Польшадағы Познань қаласында өтеді.
Ескекшілеріміз ешкімге есе жібермей келеді. Қазақстанда байдарка мен каноэ есу бойынша Азия ойындарының алтыны, Азия чемпионаты мен әлем біріншілігінің медальдары бар. Жастар мен жасөспірімдер құрамасы барлық әлемдік ірі додаларда жеңіс тұғырына көтерілген, ұпайлары түгел. Бізге енді жетпей тұрғаны әлем чемпионатының алтыны мен Олимпиада ойындарының жүлдесі. Осы жарыстардан үздіктер шықса, еліміздегі байдарка мен каноэ есу спортының деңгейі одан сайын өсер еді.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбатқа келіскеніңізге алғыс білдеріміз!
– Сізге де көп-көп рақмет!