Уақыт өткен сайын ардагерлермен бірге Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы да санамыздан өшіп бара жатқандай. Бүгінгі ұрпаққа соғыс кино мен шығармаларда айтылатын аңыз ғана. Ал оны көргендер мен қан майданда қару алып жауға қарсы күрескендер үшін бұл кешегі шындық. Біз жыл сайын қазақтан шыққан қаншама соғыс ардагерлерін ұлықтап, еске алсақ та, өзге топырақта дүниеге келіп, батырлығымен талай жанды мойындатқан қазақтарды елеусіз қалдырады екенбіз.
Бұл жатсынғанымыздан емес, тарихты жақсы білмегенімізден, батырларымыздың ерлігіне қызығып, түгендемегенімізден де шығар. Әйтпесе, өмірге өзге топырақта қазақ болып келіп, батыр болып кеткен боздақтарымыз баршылық. Осынау соғыста бүкіл КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгерлер, командирлер, қолбасшылар, партизандар, қарапайым халық өкілдері 1934 жылы белгіленген ең жоғарғы құрмет – Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Солардың қатарында қазақтан шыққан 103 қаһарман бар. Біз ізденген дерек бойынша, олардың 13-і көршілес мемлекеттердің атынан соғысқа аттанған. Айталық Ресейдің Таулы Алтай, Астрахан, Омбы мен Орынбор облыстарынан шыққан 7 батыр, Өзбекстанда туған 5 қазақ, Түрікменстаннан 1 қандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағын иеленіпті. Соғыс тақырыбын зерттеген журналист Бекен Қайраттың айтуынша, батырларымыз өзге елдің топырағында дүниеге келсе де, олардың ерлігі қазақ халқына үлгі, рухына қолдау.
– Бар қазақтың Отаны, құйылып жатқан алтын бұлағы, теңізі – Қазақстан. Шетелдегі қазақ батырлары ұлтымыздың өкілі ретінде әрбір қазақтың мақтанышы болуы керек. Сондықтан өзге топырақта дүниеге келіп, соғыста батыр атанған майдангерлердің ерлігін жан-жақты зерттеуіміз қажет. Өйткені олар басқа қоғамның мүшесі болса да, «кімсің?» деген сұраққа «қазақпын» деп жауап береді,– дейді Бекен Қайрат.
Өзбекке телінген қазақ батыры
Қазақ батырларының қадірін өзіміз біліп, төрімізге шығара алмай жүргенде көрші ағайын өздеріне теліп үлгерген. Ұзақ жылдар бойы өзбек халқы Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымовты өздерінің ұлттық батыры, өзбектен шыққан тұңғыш генерал деп құрметтеп келді. Есімін де тілдеріне бейімдеп Собир Рахимов деп жазды. Батырға арнап елінде ескерткіштер орнатты, есімін Ташкенттегі метро стансасына, аудандарға, көшелерге, мектептерге берді. 1949 жылы өзбек жазушысы Камиль Яшен «Генерал Рахимов» пьесасын жазды, 1967 жылы «Өзбекфильм» киностудиясы «Генерал Рахимов» атты көркем фильм түсірді. С.Рақымов өмірдерегін 70-жылдары Шымкент педагогика институтында ұстаздық еткен, филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлы, Л.Юсупов, 90-жылдары Е.Дүйсебеков, танымал журналист, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ зерттеп, С.Рақымовтың өзбекстандық қазақ екенін дәлелдеген. С.Рақымовтың қазақтығы қазақ баспасөзінде біраз жылдардан бері көтеріліп келгенімен билік оны кейінгі жылдары ғана мойындай бастады. Батырдың жары Құралай Натуллаева өмірден озғанша жұбайының қазақ екенін «Сабыр – Ұлы жүздің баласы, Суанның ішіндегі руы қанбағыс, Мәмбетбек датқаның немересі» деп айтумен өтті. Сабыр өзімен бірге майданда болған жұбайы Құралайға «Менің арманым – қазақ болып өлу» деп үнемі айтып жүреді екен. Құралай апамыз жұбайын қайта қазақ қылу үшін 50 жылдай ізденіп, Сабыр оқыған әскери училищенің, Қазығұрттың мұрағаттарынан «Сабыр Омарқұлұлы», «ұлты қазақ» деген құжаттар тапқан. 1996 жылы халықаралық сотқа шағымданып, ерінің аманатын 50 жылдан кейін орындап 2006 жылы өмірден озады. Батыр генералға қазақтардың «ортақтасуы» өзбектерге ұнамасы анық. Майданға бірнеше рет концертпен барғанда генералмен кездескен әнші Роза Бағланова да С.Рақымовты ұлты қазақ деп өтті. Дегенмен қазақтың тұңғыш генералын ұлтына қайтаруға сол кездегі қазақтың тарихшы ғалымдарының ешқайсысы әрекет жасамаған. Мүмкін «ұлтшыл» атанудан қауіптенді ме екен? Ал биыл тұңғыш қазақ генералының туғанына 120 жыл толады.
Атақсыз абырой жинаған
Соғыс тақырыбына қалам тербеу екінің бірінің қолынан келмейді. Өйткені өзге елдердің архивтерін қопару, қатталып қалған тарихты қайта қорту – машақаты көп жұмыс. Солай бола тұра, бұл тақырыпты зерттегендер бар. Ал өзге топырақта дүниеге келіп, батыр атанған қазақтарды іздегендер аз. Шеттегі батырларымызды түгендеген белгілі журналист Жанболат Аупбаевтың пікірінше, Кеңес Одағы соғыс тақырыбын жазуға тек майданға қатысқан жазушыларға рұқсат берген. Тек 1965 жылдан кейін ғана өзге журналистер бұл тақырыпта қалам тербеген.
– Шеттегі қазақ батырларын түгендеген журналистердің алғашқысы «Правда» газетінен Тельман Жанұзақов еді. Ол 3 мыңға жуық батыр атағына ұсынылған, алғаш партизан болған қазақтар жайлы газетке «Қаһарман» сериясымен мақалалар жариялады. Одан кейін Қалаубек Тұрсынқұлов Белоруссиядағы батырлардың ішінен қазақтың есімдерін көріп, «Алыста қалған ағалар» атты еңбек жазды,– дейді Жанболат Аупбаев.
Оның айтуынша, Кеңес Одағының Батыры атағын алмаса да, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түскен қазақ батырлары көп болыпты. Ал олардың есімі көп жерде көрсетіліп, айтыла бермейді. Жанболат Аупбаев шетте туған батырларымызды түгендеу үшін Ресейдің бірнеше облысына барған. Осылайша, Омбыдан шыққан қазақ батыры Төлеу Сәрсенбаевтың есімімен танысады. Төлеу Сәрсенбаев – өзінің жанқиярлық ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған ұшқыш-радист. Кеңес Одағының Батыры М.М.Воронковтың авиаэскадрильясында қызмет еткен қазақ батыры ауылда қалған Қайролла деген інісіне: «Өртенген ұшақты жерге қондырып, әрең дегенде аман қалдық», – деп бір рет хат жазыпты. Ұрыс алаңының аспанында жарық жұлдыздай жарқ еткен Сәрсенбаев қысқа ғұмырында Кеңес Одағының Батыры атағын алып үлгермеді.
Омбыдан шыққан Лұғат Сағындықов пен Дүйсеке Мүсетов те – Ұлы Отан соғысына қатысқан жандар. Майдан даласындағы от кешуден оралған соң Лұғат Мүсетов Омбы облысының Нововоршавский ауданындағы «Черлакский» кеңшарында шопан болып еңбек етеді де, Дүйсеке Мүсетов Любинский ауданындағы «Северолюбинский» кеңшарында диқаншылықпен айналысады. Айтайын дегеніміз, кешегі майдангер екеуінің бертінгі бейбіт өмірде бағы жанып, Ресейдегі санаулы қазақтар арасында Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атаққа алғашқылардың бірі болып қол жеткізгені.
Сол кезде «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған азаматтар Кеңес Одағының Батыры атағымен бірдей дәрежеге ие болатын. Омбыдан осындай атақ алған батырдың бірі – Әлмұқ Майемеров. Ол 1942-1943 жылдары 54- армияның құрамындағы генерал И.Федюнинскийдің әскері сапында Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысады. Волхов қаласы үшін болған қырғындағы асқан ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденін иеленеді. Арада бір жыл өткенде жоғарыдағы марапаттың ІІ дәрежесін де алады. Оған бұл награда 1944 жылы Рига аумағындағы батыл да тапқыр іс-әрекетіне байланысты берілген еді. Содан арада жыл өткен соң Германияның Ауст қаласына кіреберісте зеңбірекпен жау колоннасын талқандаған ерлігіне байланысты Әлмұқ Майемеров І дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады.
Қазақтан шығып, Моңғолия мен Қытайда генерал атанған батырлар да бар. Айталық, Сталиннің қолынан жеке марапат алып, шет жерде жүрсе де ерлігімен және білгірлігімен көзге түскен, Монғолияның тұңғыш қазақ генералы атанған Зайсанов Мүдәрістің тағдыры осыған мысал. Ол соғыс жылдары генерал шеніне дейін көтерілген Моңғолияның алғашқы қазақ генерал Зайсанов Мүдәріс 1945 жылы азаттық майданына қатысып, Ішкі Қытай өлкесінің Манжурияға дейінгі жерін Жапон басқыншыларынан тазартуға атсалысса, 1947 жылы 3 маусымнан Бәйтік тауы маңындағы болған жойқан ұрыста ұшағының бензин багына оқ тигенде, ұшағын шеберлікпен жерге қондырады. Ал Бай-өлке аймағында дүниеге келген Ікей Мәзімұлы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Моңғолия Халық Батыры атағын алған алғашқы қазақ. Қытайдағы қазақтардан шыққан әскери генерал Хасен Рүстемұлы да Екінші дүниежүзілік соғыста полк басқарып, жапон басқыншыларына қарсы соғысқан.
Дегенмен жат жерде жүріп ерлігімен танылған батырлардың есімін біз әлі де толыққанды білмейміз. Жиі-жиі еске алып тұрмасақ ұмытылып та кетуі әбден мүмкін. Өйткені, оларды іздейтін, батырлығын еске алатын ұрпақтары Қазақстанда емес. Отанында жоқтайтұғын жақыны болмаған соң қазақ батырлары жайлы айтылар әңгіме де аз. Айталық, Петропавлдың тумасы Әбу Сүлейменов Ресейдің Қорған облысына көшіп барып, сол жақта оқып, майданға аттанған. Бірақ Қазақстандағы туыстары Ә.Сүлейменовтің ерлігін айтып жүріп, ізденіп батырға мектеп пен көшенің атын бергізді. Ал Қорған облысы Кеңес Одағының Батырына бірде-бір құрмет көрсетпей отыр. Ендеше қазақтан шыққан батырларды түгендеу, лайықты деңгейде құрмет көрсету мәселесі мемлекеттік деңгейде үлкен мінбелерде шешілуі керек. Өйткені барлық қазақ батырының даңқын жоқтайтын жақыны жоқ.