Жетінші мамыр–Қазақстанда Отан қорғаушылар күні. Соған орай еліміздің Қарулы Күштері туралы деректер жинақтадық. Қарулы Күштер дегеніміз не?
Қазақстан Республикасының «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» Заңына сәйкес, қарулы күштер – бұл Қорғаныс министрлігіне қарасты барлық бөлімшелер мен мекемелер:
- құрлық күштері;
- әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері;
- әскери-теңіз күштері;
- әскери оқу орындары және тағы басқалар.
Олардың басты міндеті – халықты ықтимал агрессиядан қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау, мемлекеттік және әскери объектілерді, әуе кеңістігін қорғау.
Неліктен Отан қорғаушылар күні 7 мамырда атап өтіледі?
Себебі тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері 1992 жылы 7 мамырда құрылды.
Қазақстан армиясы әлемде нешінші орын алады?Global Fire Power рейтингінде Қазақстан 142 елдің ішінде 64-ші орынға ие. Аталған рейтингте АҚШ, Ресей және Қытай көш бастап тұр.
Зерттеушілер рейтингті 50 факторға сүйене отырып жасайды. Олардың қатарына:
қорғанысқа бөлінетін қаражат;
әскер саны;
танктердің, кемелердің, ұшақтардың, тікұшақтардың және басқа да әскери техниканың саны кіреді.
Қазақстан қандай әскери одақтарға мүше?
Қазақстан – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) және ТМД Әуе шабуылына қарсы біріккен жүйесінің мүшесі.
ҰҚШҰ елдері Келісім шеңберінде түрлі агрессиядан, халықаралық терроризмнен қорғауда бір-біріне көмектесуі тиіс. Мәселен, 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар кезінде Тоқаевтың өтініші бойынша Қазақстан аумағына ҰҚШҰ-ның 2,5 мың бітімгері кірді. Бұл ұйым 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанымен, сол кезде ҰҚШҰ күштері қауіпсіздікті қорғауға алғаш рет тартылды.
Ал Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың бірлескен жүйесіне кіретін елдер ТМД-ның әуе кеңістігін бірлесіп қорғайды және бақылайды.
Қазақстанда қанша әскери қызметкер бар?
2021 жылғы мәліметтер бойынша, елде 135 мың әскери қызметкер болған, оның ішінде 7 300-і әйел.
Мерзімді әскери борышын өтегендер, келісімшарт негізінде қызмет ететіндер, сондай-ақ арнаулы әскери оқу орындарының оқушылары әскери қызметшілер болып есептеледі.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 900 мыңға жуық адам мерзімді әскери қызметтен өткен.