Пәтерден шыққан өрттен 30 адам құтқарылды
Пәтерден шыққан өрттен 30 адам құтқарылды
299
оқылды
Павлодарда өрт болған пәтерден 30 шақты адам құтқарылды. Тілсіз жаудың шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр. Аймақтағы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,  6 мамыр күні сағат 19.28-де Естай көшесі, 101 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама  түскен. Он екі қабатты тұрғын үйдің үшінші  қабатында екі бөлмелі пәтерде балкон, үй заттарын, терезенің ағаш жақтауларын жалын шарпыған. «Өрт шалған аумақтың жалпы алаңы 6 шаршы метрді құрады. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін 102 қызметі 12 адамды эвакуациялады», - дейді департаментте. Сондай-ақ ТЖД бөлімшелерінің өрт сөндірушілері баспалдақ бойынша 15 адамды қауіпсіз жерге шығарды, олардың төртеуі - бала. Апаттық медициналық орталық қызметкерлері 1939 және 1990 жылы туған әйелдерге және 1975 жылы туған ер адамға медициналық көмек көрсетті. Оларға «жану өнімдерімен өткір ингаляциялық улану» диагнозы қойылды, ауруханаға жатқызудың қажеті болмады. Тілсіз жаудың шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.