«Алтын белгі» үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтіледі
«Алтын белгі» үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтіледі
Фото: Владислав Воднев
1,596
оқылды
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқу жетістіктерін бағалау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы қол қойды. Енді «Алтын белгі» алу талаптары айтарлықтай күшейтілді. Бұл туралы БҒМ басшысы өзінің Telegram каналында жазды.
«Келесі жылдан бастап 9-сыныпты аяқтап, арнайы аттестат және 10-11 сыныптардың барлық оқу тоқсаны бойынша «үздік» деген баға алған оқушылар «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер бола алады», – деп хабарлады ол.
Сондай-ақ, талапкерлер Назарбаев зияткерлік мектебі базасында математика пәнінен емтихан тапсыруы керек. Министрдің сөзінше бұл шара академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін қабылданған.
«Бұл ретте тапсырмалар НЗМ-ге емтихан тапсыратындарға да, жалпы білім беретін мектеп базасында тапсыратындарға да тапсырмалар бірдей болады» – деп атап өтті министр.
Аймағамбетовтың айтуынша, былтыр «Алтын белгі» алған түлектер саны рекордтық деңгейге жеткен. Алайда ол түлектердің біршама бөлігі ҰБТ-дан төмен балл алған. Осыған байланысты үміткерлерді үздік белгісіне объективті және ашық бағалау үшін емтихандардың бірі тәуелсіз білім беру ұйымында өтеді.
«Биыл мектеп бітірушілер емтиханды өз мектептерінде тапсырады. Сондай-ақ белгіден бас тарту туралы өтініштер жарамсыз. Талаптарға сай келетін үміткерлер белгіленген тәртіпте қорытынды аттестациядан өтеді» – деп түсіндірді министр.
Аталған нормалар келесі жылдан бастап күшіне енетініне қарамастан, биыл ҰБТ нәтижелері бойынша «үздік» белгісін берудің объективтілігі бағаланатын болады. Министр осыған орай мектеп әкімшіліктері, білім бөлімдері мен басқармалары қорытынды емтихандарды өткізудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

Томирис Байғабыл