Қазақстан – Түркия: серіктестіктің жаңа деңгейі
Қазақстан – Түркия: серіктестіктің жаңа деңгейі
618
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Реджеп Тайип Ер­до­ғанның шақыруымен Түркияда ресми іс­сапармен болды. Ресми кездесулерде екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мә­дени-гуманитарлық саладағы байланыс­тың жайы талқыланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Реджеп Тайип Ердоғанның ресми іс-шаралар аяқталған соң үстел теннисін ойнағаны бейнеленген фотосуреттер жаһандық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіні аралап кетті. Шетелдік журналистер бұл спорт қос пре­зиденттің де сүйікті бір ойыны екенін еске салады. Осы бейресми сәттің өзі бауырлас елдердің бір­лігін паш еткендей. Тағы бір символға толы жайт: Жаңа Қазақстанның, Екінші Республиканың негізін қалап жатқан Қ.Тоқаевтың туыстас елге мемлекеттік сапары Түркия Республикасының негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етуден басталды. Анытқабір кесенесін аралап көрген ол «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңба қалдырды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев тамырлас түрік жұртына зор құрметін білдіріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы дос­тықтың мәңгі болуын, екі ел ынтымақтастығының арта беруін және бауырлас түрік халқына бақ-береке тіледі. Осыдан кейін Анкарадағы Президент сарайында Қазақстанның жаңа лидерін ресми қарсы алу салтанаты өтті. Ресми рәсімнен кейін қос елдің президенттері оңаша отырып, шағын құрамда кеңесті. Тоқаев пен Ердоған түркі елдерінің айналасында қалыптасып жатқан аймақтық және жаһандық күрделі ахуал жайында пікір алмасты. Ең бастысы, қос мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-түрік стратегия­лық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Шағын құрамдағы кездесу соңында Қ.Тоқаев Түркия Президентін елімізге сапармен келуге ша­қыр­ды. Р.Ердоған Түркияға сапармен келгені үшін әріптесіне алғыс айтып, оның шақыруын ризашылықпен қабыл алды: аманшылық болса, биыл күзде елімізге келуге ниетті. Атап өтер жайт, Қазақстан Президентінің осы сапары аса жемісті болды: екі ел арасындағы қарым-қатынастарды «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне дейін көтеру туралы шешім қабылданды. Сарапшылардың айтуынша, бұл одақтас болумен бірдей екен. серіктестік Мемлекет басшылары қазақ-түрік ресми делегациялары мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген келіссөздер өткізді. Тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестікті қалай дамыту керегін, оның тәсілдері, жолдары мен перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Түрік басылымдары сырттан жау тисе, енді қазақ пен түріктің бірлесе қорғану жайы да назардан тыс қалмағанын жазды. Түркияның Сириядағы түркі жұртына, Ливияға, Әзербайжанға, Украинаға соғыс кезінде қандай қамқорлық жасағанын халықаралық қауымдастық көріп, біліп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан атажұрт болса, Анадолы екінші Отанымыз деп білетінімізді жеткізді. –Бүгінде Түркия саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуда орасан табыстарға қол жеткізді. Өңірлік және жаһандық маңызы зор мәселелерді шешудегі белсенділігі мен табандылығы арқылы әлемдік сахнада лайықты орынға ие болды. Осы тұста қадірлі Реджеп мырза, қуатты Түркия елінің арманын арқалаған саясаткер ретінде еңбегіңіздің әрдайым жемісті болуына тілектеспін. Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасындағы ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынастарымыз бүгінде өрістеп, стратегиялық серіктестік деңгейінде ілгерілеп келеді. Қазақ халқының «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ» деген ұлағатты сөздері Сіздің шынайы досымыз, тілектес бауырымыз екеніңізді айшықтайды, – деді Мемлекет басшысы. Ол екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толғанын, қазір Түркия Қазақстанның жетекші сауда серіктесінің бірі екенін айтты. –Түркия – Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің бірі. Алыс-берісіміз жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 5 млрд долларға жеткен. Осы қарқынды азайтпай, сауда-саттықты 10 млрд долларға жеткізуіміз керек! Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында. Экономикамызға 4 млрд доллардан аса инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы 1 млрд доллардан асты. Соңғы 2 жылда Қазақстанда 16 инвестжоба жүзеге асырылды. Тағы 10 жаңа жоба пысықталып жатыр. Қазақстанда жасыл экономика, IT технология, ғарыш, өндіріс сияқты салалар толық игерілмеген. Сіздерді осы салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Қ.Тоқаев. Айтқандай, ол сапары аясында Түркияның ірі инвесторларымен кездесті. Оның қорытындысында жалпы сомасы 1 млрд доллар тұратын бірқатар коммерциялық келісімшартқа қол қойылды. Қазақстан-Түркия Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге әзір екенін атап өтіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын жеткізді. – Біз әріптестігімізді кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Түркия мен Қазақстан – ортақ тарих, тіл, дін, мәдени құндылықтардан қуат алған, мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Түркия Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығына ерекше көңіл бөледі. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы күш-жігеріңіз бен табандылығыңызды құрметтеймін! Осы бағыттағы ауқымды реформаларыңызды қолдаймын, – деді Р.Ердоған. Келіссөз барысында өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен инвестжобаларды жүзеге асыру, көлік-транзиттік серіктестікті нығайту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалану мәселелері кең талқыланды. Цифрландыру және озық технологиялар, туризм және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастық жолға қойылмақ. Түркияның жетекші техникалық университеттерінің филиалдары Қазақстанда ашылады деп күтілу­де. Сапар қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Реджеп Тайип Ердоған қазақ-түрік ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру үшін Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Қазақстан мен Түркия Еуразия құрлығында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді. Сондай-ақ архив, БАҚ, білім беру, бірлесе кино түсіру, ауыл шаруашылығы, инновация және ақпараттық технологиялар, халықаралық жүк тасымалдары, қызмет көрсету, кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату, әскери барлау мен әскери ынтымақтастық және басқа салаларда өзара байланысты жаңа белеске көтеретін маңызды 14 келісім бекітілді. Батыстың санкциясы салдарынан Ресей аумағы арқылы транзит шектелді. Сондықтан екі ел Ресейді айналып өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалануға келісті. Президент Түркия Республикасының Президенттік ұлттық кітапханасына барды. Мемлекет басшысына ең алдымен ескі қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар бөлімі таныстырылды. Екі елдің ақпарат құралдарына арналған брифингте Қасым-Жомарт Тоқаев өз сапарын «мазмұнды әрі мағыналы болды» деп бағалады.