Тарихты мансұқтауға болмайды – Ахмет Тоқтабай
Тарихты мансұқтауға болмайды – Ахмет Тоқтабай
1,149
оқылды
9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдастырылатын «Мәңгілік полк» шеруі осыдан он жылдай бұрын басталып, бұрынғы одақтас елдерден қызу қолдау тапқан жыл сайынғы шара еді. Оны құптайтындар да, құптамайтындар да болатын. Қоғамда Кеңес тарихын мансұқтау белең ала түскендіктен, Қызыл империяның жеңісін насихаттауға тыйым салу керек деушілер көбейді. Биыл елімізде мерекеге орай дәстүрлі әскери шеру болмайтыны жарияланғаны себепті «Мәңгілік полк» шарасы да «Батырларға тағзым» атауымен басқаша өтті. Бірақ көшеге шыққандар қолдарына Сталин мен Берияның суретін ұстап жүргені қоғамда резонанс тудырып, тарихты мансұқтауға бейіл көңіл күйді күшейтіп жіберді. Ендеше майдангерлердің суретін көтеріп көшеге шыққандардың бұл ісі қаншалықты дұрыс? Шейіт кеткен марқұмдарға осылай тағзым жасау қажет пе? «Сталин деген Гитлермен бірдей адам ғой. Төрт миллионнан астам қазақты қырған «қандықол көсемнің» біздің елде ұлықталуына жол бермеу қажет. Оған үзілді-кесілді тыйым салуға тиіспіз. 1918-1920 жылдары Азамат соғысында екі миллион қазақты Қызыл империя қырды десек, Сталин оның жолын жалғады. 1933 жылғы ашаршылықты ұйымдастырғанда, 1937 жылғы ұлт интеллигенциясын қырғанда ол бәрін біліп отырды ғой. Сондықтан да мен оның суретін алып шыққандарға қарсымын. Ал Берияға келсек, оның тарихи бағасын әлі де анықтау қажет. Шеруге келер болсақ, Сталин мен Берияны қатар қоюға болмайды. Олардың қайсысының қазаққа зияны көп тиді деген тұрғыда қарау керек. Тіпті, кешегі «Батырларға тағзым» шеруіне олардың суретін алып шығу – мүлдем дұрыс емес. Батырларды ұлықтаған жөн, бірақ оның қазаққа тән үлгісін, Қазақстанға тән моделін тауып алу керек. Қазақстаннан Екінші дүниежүзілік соғысқа 1 млн 200 мың адам аттанса, оның 600 мыңы қаза болды. Майдангерлеріміз барлық шайқаста батыл соғысып, ерлік пен патриотизмнің ғажайып үлгісіне айналды. Ұлы Отан соғысы майданында көрсеткен ерлігі үшін Қазақстанның жүздеген мың жауынгерлері КСРО-ның әскери ордендерімен және медальдарымен марапатталған болса, 500-ден астам адам «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды. Міне, осы жайттарды ескеріп, ішкі саясат органдары «Батырларға тағзым» шеруіне өте мұқият қарап, оның ұлттық рухта аталып өтуіне баса назар салуы тиіс. Қалай болғанда да, Ұлы Отан соғысында Ұлы Жеңіс жолында қаза болған аталарымыздың ерлігін жоққа шығарып, тарихты мансұқтауға болмайды!», – деді тарихшы Ахмет Тоқтабай