Қараусыз құрылыс – қауіпті құрылыс
Шетелдік және отандық сарапшылар қазақстандық сәулетшілерді аяусыз сынайды. Тәуелсіздік мемлекеттік құрылыстың қарқынын есепке алды да, оның мазмұнын назардан тыс қалдырды. Статистика үшін құрылған есепте сапаға мән берілмеді. Құрылыс саласындағы жобалаушы ұйымдардың 90 пайызы көлеңкеде көрінеді. Бұл – өзге бірде-бір салада жоқ рекорд! Жаңа Қазақстанды құру құрылыстың сапасы мен сәулетіне көңіл бөлуден басталса игі.
Алпауыттар семіз сөйлеп, арық шығуға әуес
2021 жылғы 27 қазанда Digital Bridge халықаралық технологиялық форумына қатысқан ел Президенті Қ.Тоқаев құрылыс саласын сапасыздық, жемқорлық, қымбатшылық, бюрократия жайлағанын сынға алды. Яғни, бұл сектордың өне бойы кеселге толы.
– Алпауыт құрылыс компаниялары тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, жолдар, басқа әлеуметтік маңызды объектілерді салу үшін мемлекеттің орасан зор қаражатын игереді. Алайда ол объектілердің сапасы сын көтермейді, тым күмәнді. Бұл азаматтардың наразылығын тудырады. Сондықтан Үкімет осы мәселеге қырағы назар аударуы тиіс, – деп ескертті Қасым-Жомарт
Кемелұлы.
Президент қадап айтқан соң жаңарған Үкімет салаға ден қойды. Көргенінен, көңіліне түйгенінен көңілі қалыпты. Сонда қандай жүйелі олқылықтар әшкереленіп отыр?
Біріншіден, көркем тілмен түйсек, салада «мектеп жоқ». Яғни, Қазақстан не архитектура, не дизайн, не жобалау саласында мықты мектебімен, білікті кадрларымен мақтана алмайды. Осыдан он жылдай бұрын Ақордада өткен Елбасының отандық кәсіпкерлермен кездесуінде BI Group басшысы Айдын Рақымбаев Үкіметтің елдегі стратегиялық маңызды, ірі нысандар құрылысына отандық құрылыс компанияларын жібермейтініне шағымданған болатын. Сонда Тұңғыш Президент шаңыраққа – Ақорданың бірнеше қабаттық биіктікте орналасқан алып күмбезіне саусағын шошайтып: «Ең құрыса, ортасында ешқандай тіреуі жоқ мынадай үлкен күмбезді тұрғыза аласыңдар ма?» деп сұрады. Рақымбаев күмілжіп, жауап таба алмай қалды.
Әйтсе де, отандық құрылыс алпауыттары EXPO-2017 көрме кешенінің нысандарын салуға жіберілді. Нәтижесі көптің көз алдында. 2016 жылғы 16 қарашада оның аумағында C1 және C2 блоктары ғимараттарының арасын қосқан жабық дәліз-көпір түріндегі конструкция құрылысшылардың көзінше құлады. Күйреген нысанның мердігері BI Group болатын. Масқарасы сол, дәл осы оқиға қарсаңында, екі апта бұрын BI Group Construction басқарма төрағасы Талғат Қожахметов бұл блоктағы негізгі жұмыстар халықаралық стандарттарға сай орындалғанын мәлімдеген еді.
Содан бері саладағы жағдай өзгерді деу қиын. Сондықтан Үкімет елордадағы, өзге өңірлердегі басты құрылыс жобаларының көбін Түркияның, Иранның, Әзербайжанның және басқа елдердің беделді құрылыс компанияларына сеніп тапсырып келді.
Дегенмен қазір заман басқа: пандемия және карантин шектеулері салдарынан шетелдік мамандар – сәулетшілер, құрылысшы мамандар елге кіре алмады. Сондай-ақ ұзаққа созылып бара жатқан дағдарыс кесірінен республикада жұмыссыздық деңгейі артты, сол себепті ел Үкіметі шетелден жұмыс күшін тартуға қатаң шектеу қойды. Ендеше Қазақстанды ары қарай өз құрылысшыларымызға салуға тура келеді.
Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті «мектептен бастап азаматтардың құрылыс саласындағы білім деңгейін көтеру» туралы Үкіметке ұсыныспен шықты. Себебі «қазіргі уақытта білікті мамандардың тапшылығы өршіді, соның кесірінен тұрғызылып жатқан нысандардың сапасына нұқсан келіп жатыр».
Қастеев мұражайын айыптағанның өзі кінәлі
Екіншіден, құрылыс саласындағы жобалау ісінде бақылау жоқ. Нарық ойыншылары ойына келгенін істейді. Айтқандай, нысандардың гүрс етіп құлауы жалғасты. Қарағандыда 2012 жылғы 6 сәуірде құлаған «Бесоба» тұрғын үй кешеніне қатысты жағдай он жылдан бері созылып келеді. Айдың-күннің аманында, шалқалай жалп етіп құлаған 5 қабатты жаңа үйдің күйреу себептерін зерттеумен айналысқан мемлекеттік комиссия аталған ТК-ны салу кезінде жобалау шешімдері құрылыс нормаларына сәйкес келмеген деген қорытынды шығарды. Қарағанды облысының басшылығы Үкіметке сапасыз тұрғызылған осы тұрғын үйдің бәрін бұзып, орнына жаңа ТК салуға 4,2 миллиард теңге бөлуді сұрапты.
«Жобалық шешімдердің бұзылуы жиі кездеседі. Атап айтқанда, объектілер арасындағы қашықтық сақталмайды, өрт сөндірушілер техникасының өтуі үшін қажет кірме жолдар қалдырылмайды. Мысалы, 2021 жылғы шілдеде Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайына кондиционерлерінің қатты дыбысымен өзіне жапсарлас тұрғызылған тұрғын үй кешені тұрғындарының тыныштығын бұзғаны үшін 230 АЕК (670 мың теңге) айыппұл салынды. Мұражай бұл жазамен келіспеді. Ақырында тұрғын үй кешенін жобалау кезінде оның «мәдени нысанның қорғау аймағы» талабын сақтамай, мұражайға тым жақын салынғаны анықталды. Бұған қоса, ТК жобасы уәкілетті органмен келісілмеген. Құрылыс компаниясы өз қаражаты есебінен үйді шудан оқшаулауға шешім қабылдады», – деп мәлім етті ИИДМ комитеті.
Құрылыстағы былықтар тек тұрғын үй кешендерімен шектелмейді. 2019 жылғы маусымда, прокурорлық тексеру қорытындысында, Ақтөбе облысы өзендерінің арналарын тазарту, түбін тереңдету және жағалауларын бекіту бойынша жұмыстардың құны шамадан тыс арттырылғаны, жобалық бұзушылықтарға жол берілгені әшкереленді. Құрылыстарды бұзуды немесе оларды айналып өтуді жобалау кезінде өсімдіктердің сирек кездесетін түрлеріне қатысты мәліметтер жиналмаған болып шықты. Салдарынан, Қазақстанның Қызыл кітабындағы өсімдіктер толық құрып бітуге бір табан жақын қалса керек. Бұл ретте жобалау жұмыстарынан ақша аямағаны аңғарылады: оған бірер миллион емес, 200 миллионға жуық (171,5 млн теңге) бюджет қаражаты төгілген. Бұдан бөлек, бұталар мен ағаштарды заңсыз кесуден мемлекетке 7,8 млн теңгедей залал келтірілген.
Жалпы алғанда, Индустрия министрлігінің мәліметінше, республика бойынша өрескел бұзушылықтары бар 200-ден астам ірі нысан пайдаланылып жатыр. Оларда алапат апат болмасына кепілдік жоқ. Жобалаушылардың бассыздығы кесірінен Қазақстанға еш соғыссыз, бейбіт күнде-ақ ғаламат зиян келуі ғажап емес.
«Бесобаны» бүлдіргендер жұмысын жалғастырды
Президенттің «саладағы жағдай еш сын көтермейді» дегені қыздыртпа қызыл сөз емес. Ел экономикасының базалық, тұғырлы саласында шын мәнінде жантүршігерлік жағдай орнағандай. Тәуелсіздіктің отыз жылында тұрғызылған жаңа ғимараттар «картадан жасалған үйдей» бірінен соң бірі жапырылып құлап жатпаса жақсы
«Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының (ГАСК) қызметкерлері тіркеген жобалау қызметіндегі құқықбұзушылықтардың саны 2017 жылдан бері өсіп келеді. Нақтылай кетсек, егер 2017 жылы меморган 78 ұйымды әкімшілік жауапкершілікке тартса, 2020 жылы бұл сан 2 есеге дерлік артты: 148 жобалық ұйым жазаланды. Авторлық қадағалау жобалары бойынша да осындай күрделі жағдай қалыптасты: 2017 жылы сәулет-құрылыс бақылау органдары 32 жобаны авторлық қадағалаушыны жауапқа тартса, 2020 жылы ол сан 50-ге жетті. Ал 2021 жылдың бірінші жартысында тағы 52-ге жуық ұйым жазаланды. Жалпы, 2017 жылдан бері 483 жобалау ұйымы және авторлық қадағалау жобалары бойынша 255 ұйым жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Құрылыс және ТКШ істері комитеті.
[caption id="attachment_195828" align="alignright" width="1200"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption]
Инженер-жобалаушы Ербол Кәрібайдың айтуынша, дамыған елдерде құрылыс, жобалау жұмыстары сапасына қатысты жүйелі проблема жоқ.
«Еуропада жіберілген қателіктер үшін аттестатталған сәулетші, инженерлер басымен жауап береді. Егер нысаннан шикілік шықса, олар тек бедел-репутациядан ғана емес, сондай-ақ бар жиған-тергенінен жұрдай болады. Өйткені бұл мамандар қателік жіберсе, жеке мүлкімен жауап береді. Кәсіби қызметі аяқталады, лицензиясынан айырылады, айырылмағанның өзінде оларды салмақты жобаларға ешкім шақырмайды. Бізде оның бірі де жоқ. «Бесобаны» тұрғызуға қатысқан жобалаушылар да, құрылыс салушылар да жазадан жалтарып кетті, олардың ісі тіпті сотқа да жеткен жоқ, барлығы тергеу сатысында рақымшылыққа ілікті. «Бесобаны» тұрғызған «Сервиспромснаб» басшысы Андрей Малянов клиенттердің бүкіл ақшасын алып, шетелге қашып кетті. Енді оның шығынын мемлекет өтеуге мәжбүр», – дейді сарапшы.
Мамандар саланың былыққа батқанын растайды. Біріншіден, мемлекет тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан жобалау ұйымдарының саны беталды өсіп барады. Нарықта мемлекеттік лицензияға ие ұйымдардың саны 18 313-ке жетті. Олардың ішіндегі кәсіби, абырой-беделін ойлайтын ұйымдардың саны тым сирек.
«Еліміздегі 18 мыңнан астам жобалау компаниясының арасынан шын мәнінде білікті мамандары бар және жобаны жоғары деңгейде әзірлейтін 1 мың ұйым да табылмайды. Ал құрылыстағы жұмыстардың сапалы орындалуы ең алдымен жобаның сауатты әзірленуіне және жобалаушының біліктілігіне тікелей тәуелді. Ғимаратты жобалау барысында жіберілген қателер міндетті түрде құрылыс барысындағы қателіктерге ұрындырады», – деген байлам жасады ИИДМ.
Сауатсыз, жауапсыз ұйымдар мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйым тендерін жеңіп алса немесе оларға ТК жобасы жүктелсе, олар жобаны интернеттен көшіріп алудан арланбайды. Сөйтіп, өзгенің қателігін қайталағанын да ұғынбайды. Сонымен қатар жобада барлық тораптар, есік-терезелердің нақты мөлшері, қолданылатын құрылыс материалдары және басқалары егжей-тегжейлі жазып көрсетілуі шарт. Ал бізде жобалаушылар жобаға Қазақстан нарығында жоқ немесе бағасы тым қымбат құрылыс материалын көрсете салады. Салдарынан нысанды салуға кіріскен мердігер не қосалқы мердігер амалсыз, соған ұқсас, бірақ әлдеқайда арзан баламасын іздеуге мәжбүр.
Алаяқтар жаулаған сала олардан арыла ма?
Екіншіден, сала сол қалпымен көлеңкелі нарыққа айналып кетті. Комитеттің өзі «бір күндік фирмалар» көп екенін жасырмады. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген миллиардттарды талан-тараж етуге тартылған жобалау ұйымдары табылады.
«Жобалаушылар қазір еш бақылаусыз жұмыс істейді. Не мемлекет тарапынан, не кәсіби қауымдастық тарапынан қадағаланбайды. Бұл ретте жобалау ұйымдарының 90%-ы – көлеңкеде. Бұлар шағын кәсіпорындар және жеке кәсіпкерліктер. Олардың арасында жалған ұйымдар да, сондай-ақ штатына кілең біліктілігі төмен жобалаушыларды жинап алғаны да көп», – деп мәлім етті министрлік.
Үшіншіден, жемқор шенеуніктер бұл саланы жемсауына айналдырып алды: ақысын берсе, ақауына көз жұма қарайды. Апат қаупіне қарамастан сапасыз салынған үйді құрылыс компаниясының тезірек тұрғындарға тапсырып, жауапкершіліктен құтылып кетуіне жол береді.
Төртіншіден, осы жағдай ары қарай жалғаса берсе, құрылыс нысандары азаматтардың денсаулығына, өміріне, қауіпсіздігіне, әл-ауқатына және заңды мүдделеріне зор нұқсан келтірмек. Алданған жүздеген мың үлескердің дауы қоғамды жарып жібере жаздағаны есте. Тек мемлекет араласып, Ұлттық қордан және бюджеттен ондаған миллиард қаржы бөлген соң жағдай біршама түзелді. Бірақ үлескерлері ұлардай шулап жүрген жекелеген «сақалды құрылыстар» қазір де, елорданың өзінде де бар.
Бесіншіден, жауапсыз жобалаушылар мен құрылыс компанияларының жұмысын жалғастыруы дағдарыстан бюджет ортайған заманда мемлекеттің тағы шығындалуын қажет ететін жаңа проблемаларды одан ары туындата бермек.
ИИДМ комитеті заңнама қанша жерден жетілдірілді десе де, қолданысқа берілген тұрғын үй кешендерінің әу баста белгіленген және жарнамаланған сынып-деңгейіне сәйкес келмеу проблемасы сол бойы сақталғанын мойындады. Яғни, «премиум-сынып» деп сатқаны «бизнес-сыныпқа» да тартпайды.
Тығырықтан шығу үшін Құрылыс және ТКШ істері комитеті салада барлық жобалаушының басын біріктіретін ортақ палата құруды ұсынып отыр. Яғни, жобалаумен шұғылданғысы келетін фирма соған міндетті түрде мүше болуы тиіс. Адвокаттар мен нотариустар сияқты. Сондай-ақ жобалаушылардың тұтынушылары алдында дербес «мүліктік жауапкершілігін» енгізу мәселесі талқылануда. Тиісті норма қабылданса, жобалау қызметін жүзеге асыратын ұйымдар шығынды өз мойнымен көтереді. Сондай-ақ комитет BIM технологияларына құрылған, сапалы жобалауға және құрылыс құнының сметасын есептеуге арналған бірыңғай ақпараттық бағдарлама құрылады дейді. Сәйкесінше, бизнестің жыл сайын бағдарламалық қамтылымды сатып алумен байланысты шығыны азаюы тиіс: ұйымның барлық мүшесі жеке кабинет арқылы ақпараттық бағдарламаға қол жеткізбек.
Осы және басқа да жаңашылдықтар «Кейбір заңнамалық актілерге құрылыс саласындағы өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасында қарастырылған.
Әсіресе, қалада тұратын азаматтар көктем мен жаздағы дауылда, күздегі нөсер жаңбырда, қыстағы боранда ғимараттардың ауыр әрі үшкір қыштақталары, басқа бөліктері құлап кете ме деп қорқады. Ал жобалаушылар, авторлық қадағалаушылар мен құрылыс салушылар оған бас қатырмай, тыныш өмір сүреді. Бұған тосқауыл қоймаса, осы былықтың бәрі Жаңа Қазақстанға өтпек. Сондықтан олардың көзбояу тірліктеріне көз жұма қарауды тоқтатып, шынайы реформа жүргізетін, жауапсыз, біліксіз ұйымдардан саланы тазартатын кез жетті.