Пайдасынан пиары көп пилоттық жоба
Пайдасынан пиары көп пилоттық жоба
824
оқылды
Ел экономикасының дамуының негізгі драйверінің бірі ауыл шаруашылығы екені белгілі. Бұл бағытта бүгінде жанданған жобалар да, бағдарын тапқан бастамалар да аз емес. Алайда аграрлық саланы дамыта отырып, тұрғындардың тұрмысын түзеу мақсатында осыдан үш жыл бұрын Жамбылда пилоттық жобаға жан біткен болатын. Басы тәп-тәуір басталған тірліктің ертеңінен ел мол үміт күткен. Бірақ бастама сол сенім үдесінен шыға алды ма? Әлде пилоттық жоба елге пайда емес, шенділерге пиар болды ма?   Үш жылда неге қол жетті? Жасыратыны жоқ, жобаға Жам­был облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов жан бітірді. Оны Үкімет те қорғап, өңірге миллиард­таған инвестиция әкелді. 10 ауданнан 11 ауылдық округ таңдап алынып, бағдарламаға «Жамбыл облысы тұр­ғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасы» деп айдар тағылды. Жобаның негізгі бағыттары айқын­далғаннан кейін 11 ауылдық округтің әкімі 25 елді мекенде түсіндіру жұ­мыстарын жүргізіп, бағдарламаның тиімді тұстарын жан-жақты наси­хат­тады. Нәтижесінде жаңадан 11 коо­ператив құрылып, 2478 тұрғын же­ңілдетілген несиеге қол жеткізді. Үй іргесіндегі жерді тиімді пай­далану есебінен 1 миллиард теңге бо­латын 11,6 мың тонна өнім алын­ды. 2019 жыл 627,4 миллион теңгеге теңелген 7,1 мың тонна өнім жинал­са, 2021 жылы өнім көлемі 11,7 мың тоннаға дейін өсіп, одан түскен та­быс 1 миллиард теңгеге жетті. Соны­мен қатар жалпы көлемі 2 гектарды құрайтын 14 жылыжайдан 1000 тон­на өнім алынып, 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Мал шаруашылығын дамыту мақ­сатында 2 454 несие алушы 6,4 миллиард теңгеге 45 мың бас мал са­тып алып, пилоттық округтердегі мал басы өткен жылы 193,5 мыңға дейін артты. Соңғы 3 жылдағы төрт түліктің өсім 132 пайызды құрады. Мал басының артуы өз кезегінде ет өндірісін өрістетуге де өз септігін тигізді. Мәселен, жоба аясында сатып алынған мал басы есебінен жалпы өндірілген өнім 8 миллиард теңгені құрады. 2021 жылы 4 351 тонна ет, 8573 тонна сүт өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда ет өндірісі 2,9 есеге, сүт өндірісі 1,5 есеге ұлғайды. Бірінші және екінші бағыттардан өндірілген өнімдердің нәтижесінде әр отбасының орташа жылдық табысы 529 мың теңгеден 880 мың теңгеге немесе 351 мың теңгеге артқан. Жеке кәсібін ашу бағытында 11 жоба іске қосылып, жалпы екі жылда 147 миллион теңгелік 281 тоннадан астам өнім өндірілген. Оның ішінде нан, шұжық, шырын, ара балы және кондитерлік өнім сияқты тауарлар бар. Ашылған жаңа кәсіпорындардың есебінен 27 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отыр. Жалпы, есепті жылдары пилот­тық жобаның 5 бағыты бойынша 9,2 миллиард теңге несие қаражаты иге­рілсе, оның ішінде республикалық бюджеттен «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы 7,2 миллиард теңгеге 2,5 пайызбен 2489 өтінім қаржыландырылған. Ал жергілікті бюджет есебінен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ай­налым қаржылары мен ауыл ша­руашылығы техникаларына, сондай-ақ шағын және орта бизнес жоба­ларын қаржыландыруға 1,2 миллиард теңге несие қаражаты 5 пайызбен беріліп, лизингке 190 ауыл шаруа­шылығы техникасы сатып алынған.   Қай тұста саннан сүріндік? Статистика сөйлегендей, бәрі боямасыз болса, бұл әрине үлкен қуаныш. Алайда саннан сүрінген тұстарымыз да бар. Айталық, ауыл сыртындағы жерді тиімді пайдалану мақсатында жоспарланған 10,1 мың гектар жерге сапалы тұқым, ты­ңайт­қыш, химиялық қорғау заттары са­тып алынған. Нәтижесінде 2020 жы­лы 10,3 мың гектардан 1,1 мил­лиард теңгеге 20,7 мың тонна мал азығы дайындалса, 2021 жыл 7,4 мың гектардан 252 миллион теңгеге 3,2 мың тонна ғана мал азығы жиналған. Статистиканың бұлай құлдырауын сол тұста әркім әрқалай болжады. Шенділер бар мәселе қуаңшылықта десе, алайда жыл басында жауап­ты­лардың өздері келтірген статистика біраз қызықтың бетін ашып берді. Мәселен, кооперативтерді егістік жермен қамту мақсатында аудан әкімдіктері егістік жер беру туралы міндеттемені орындамау салдарынан 2021 жылы егістік жерлердің игеру көрсеткіштері күрт төмендеген. Жоспар бойынша 10,5 мың гектар егістік жер бөлінуі қажет болса, нақты қаралған егістік жер көлемі 1395 гектарға жеткен. Жуалы ауда­ны – 99 гектар берсе, Меркі ауданы – 476 гектар, Талас ауданы – 276 гек­тар, Сарысу ауданы - 373 гектар, Шу ауданы 171 гектар бөліп берген. Қалған аудандар мүлде жер бөліп бермеген. Сондай-ақ жайылым жер беруге Жуалы, Мойынқұм және Сарысу ауданы ғана құлық танытқан. Әкімдердің жобадан бұлайша тез теріс айналуы түсініксіз. Бұған қатысты да ел арасында әңгіме көп. Біреулер облысқа келген жаңа әкім бұрынғы әкімнің жұмысын жалға­ғысы келмеді десе, енді екіншілер жоба өз өміршеңдігін дәлелдей алмай отыр деген болжам жасады. Тағы бір статистикаға назар салсақ, «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы 2,7 миллиард теңге несие қайтарылып, 115 борышкер берешегін мерзімінен бұрын өтеген. Кері қайтарылған қа­ражат есебінен жобаны ары қарай жал­ғастыру мақсатында облыс бо­йын­ша 3 ауылдық округ таңдалынып алын­ған. Сондай-ақ кері қайта­рылған 850 миллион теңге «Тараз» ӘКК» АҚ тарапынан облыстық қазынаға құйылғанымен оны өзге ауылдық округтердің тұрғындарын несиелендіруге сол бойы кері қарастырылмаған. Бұл аз десеңіз, құрылған коопе­ра­тивтерге 356,1 миллион теңге ай­на­лым қаражаттары берілсе, олар осы қаржының 124,5 миллион теңге­сін ғана кері қайтара алған. Құрғақ­шылықты желеу еткен кооперативтер қалған 231,6 миллион теңгені қай­тару үшін тағы 2 жыл сұрап отыр. Өткен жетіде ҚР Премьер-Ми­нистрінің орынбасары Ералы Тоғ­жанов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, Байзақ ауданында пилоттық жобаға таңдалып алған ауылдарда болды. Үкімет басшы­сы­ның орынбасары Жамбыл облысы­ның тәжірибесін үйрену үшін өзге өңір әкімдерінің орынбасарларын да ерте келіп, бірқатар шаруа қожа­лық­тарына ат ізін салды. Жамбыл облысының әкімі Нұр­жан Нұржігітов жобаны жүзеге асы­рудың арқасында Қостөбе ауылдық округінде бір отбасының табысы 4 есеге артқанын, мал басының саны 53,8 пайызға өскенін, 256 тұрғын жеке кәсібін ашқанын, 123 жаңа жұ­мыс орны құрылғанын және АӘК алушылар саны 86 пайызға азай­ға­нын тілге тиек етті. Сондай-ақ аймақ басшысы кооперативтерді құру ар­қылы техниканың, жұмыс қолда­ры­ның және жерді өңдеуге, егін жи­нау­ға арналған құралдардың жетіс­пеу­шілігі мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Өз кезегінде Ералы Тоғжанов жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы кооперативтеріне толық қолдау көрсетуді тапсырып, Мемлекет басшысының тапсырма­сымен жанданған жоба ең алдымен халықтың табысын арттыруға қыз­мет жасауы қажеттігін айтты. «Халықтың табысын арттыру бағдарламасының» негізгі мақсаты – қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыру. Ол үшін халықты жұмыспен қамтуды реттеу жөніндегі жүйелі шараларды қабылдау маңыз­ды. Бұл бағытта ауылдағы кәсіп­орын­дар үлкен рөл атқарады. Негізгі міндеттің бірі – импортты алмастыру. Сондай-ақ біз осы жоба­лардың барлығы тұрғындарға қандай пайда әкелетінін ойлауымыз керек. 2025 жылға дейін ішкі нарықты қанттан басқасын өз өнімдерімізбен жүз пайыз қамтамасыз ету жоспарда бар», – деді Е. Тоғжанов. Әрине, Премьер-Министрдің орынбасары Үкімет пилоттық жоба­дан көп үміт күтіп отырғанын анық аңғартты. Алайда Ералы Тоғжанов пилоттық жобаның екінші кезеңіне қазынадан қаржы қарау, бағдар­ла­ма­ларға кіретін елді мекендердің санын арттыру жайын қозғамады. Жоба бо­йынша бастапқыда жылда әр ау­даннан бір ауылдық округ бағ­дар­ла­маға енеді деп жоспарланған бола­тын. Алайда соңғы екі жылда жобаға тек 3 ауыл ғана қосылған. Осының өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Негізі Жамбылда жанданған жо­ба уақыт келе барлық өңірде жүзеге аспақ. Ералы Тоғжанов облысқа келген жұмыс сапарында жобаны «Ауыл аманаты» деп атап, өзге об­лыстарда да жүзеге асыруды ұсынды. Алайда пилоттық жобаның пайда­сынан гөрі, әзірге пиары көп болып тұр. Егер жобаны Жамбыл жерінде жүйелі жүзеге асыра алмасақ, оны басқа облыстарда қолдану туралы айтудың өзі артық шығар.

Жамбыл облысы