Ақмоланың Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылында мал індеті тарады. Жұртшылық бұл індеттің қандай екенін, қайдан жұққанын білмей, аңтарылып отыр. Белгілісі – беймәлім індет қарапайым ауыл тұрғындарының көңілін алаңдатып тұр.
Екі үш апта бұрын Ақмоланың кейбір ауылдарында беймәлім мал ауруы пайда болды. Халық оның нақты қандай ауру екенінен әлі де хабарсыз. Ал мал дәрігерлері індеттің аусыл ауруына ұқсайтынын, бірақ зертханалық тексерісте нақтыланбағанын айтады. Мәселе ушығып жатса да, күні бүгінге дейін малы ауырып жатқан ауылдағы ағайынға екпе жеткізілмеген.
Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылында жағдай тіпті шиеленісіп кеткен. Шамамен 7 мыңнан астам адам түтін түтеткен ауыл жұртшылығының билікке өкпесі қара қазандай. Өйткені күн сайын қынадай қырылып жатқан ауыр кеселмен өздері ғана бетпе-бет қалған. Ауыл тұрғындары билік өкілдері мен әкімдікке бірнеше рет хабарласқанымен, бірде-бір адам ат ізін салмаған. Ал ауру малды әркім өз қал-қадерінше емдеуге көшкен. Мұнымен қоса, көше-көшеден ауру мал шығып, тіпті өлексе көбейген. Қыстан әупірімдеп шыққан ауылдың малға берер жемшөбі де таусылыпты. Мұңын шаққан ауылдағы ағайынның зары таусылмады.
Мыңдаған мал ауру, жүздеген бас өлді...
«Міне, бір айға жуық уақыт болды. Малдың аузынан ақ көбікті сілекейі ағып, қарны қабысып, жемшөп мүлде жей алмай қалды. Қазірдің өзінде Еркіншілік ауылында 10 мыңнан астам қара мал бар. Ал соның 70-80 пайызынан астамы ауру жұқтырған. Ауыл адамдарының айтуынша, малдың ауруы аусыл індетіне ұқсайды. Оның да 7-8 түрі бар екен. Дәл қазір 200-ден артық мал басы өліп қалды. Бірақ күні бүгінге дейін ауылға ауданнан ешбір мал дәрігері ат ізін салмаған. Өрісте жүрген 2-3 сиыр өлді. Одан бөлек, күн сайын ауылдың ортақ WһatsApp тобында «малым өлді» деген адамдардың қатары көбейіп барады. Нақты санын ешкім тап басып айта алмайды. Ал вакцина әлі келген жоқ», – дейді Еркіншілік ауылының тұрғыны Бекзат Серікпай.
Ауылдағылардың айтуынша, мұнымен қоса індет 1-2 қойға да жұғып үлгерген. Тұрғындар оған қоса ауылдағы малдың еркін көше кезіп босып жүргеніне алаңдайтынын айтады. Ауру малға әлі күнге дейін еш вакцина егілмеген. Аудандағы тиісті ветеринариялық бөлімдер вакцинаның әлі де жеткізілмегенін айтқан.
«Малымыз қырылып жатқанда ауданда еш вакцина жоқ екен. Әрі аурудың қандай дерт екенін әлі анықтай алмай жатыр. Бұл сұмдық қой. Аудандық ветеринарлардың айтуынша, қолда тек 100 дана вакцина бар екен. Ол қайсысына жетеді. Малшылар өрісте жүрген малдың бір-екеуі өлген соң оны бағудан үзілді-кесілді бас тартқан. Мойнына мінгенін олар да қаламайды ғой. Ауыл тұрғындарына да өкпе артуға болмайды. Дәл қазір көшені түгелдей ауру мал кезіп жүр. Бәрінің жемшөбі таусылған. Алатын қаражаты және жоқ. Қорасына қамай алмай дал болып отыр. Ал ауру малдың қасында бала-шағамыз ойнап жүр. Ертең адамға жұқпасына кім кепілдік бермек? Халық әбден ашынып отыр. Бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. 80-нен астам адам жуырда ғана малмен айналысамыз деп несие алып іске кіріскен. Енді несиесін қалай төлемек? Бұған кім жауап береді?» – дейді Еркіншілік ауылының тұрғыны Берік Жамалиев.
Деректер неге әртүрлі?
Осыған дейін де Ерейментау ауданының Еркіншілік, Новомарковка ауылында сүт пен ет өнімдерін алмау туралы ақпарат әлеуметтік желілер мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің мессенджерлерінде де тараған. Тұрғындар ауылда 900-ден астам мал ауруы тіркелгені, бірақ бірде-бір малдың өлім-жітімі болмағаны туралы біреудің жалған ақпарат таратқанын, оны іздеп заң аясында жауапкершілікке тартылуын күтетінін айтады. Естеріңізге сала кетсек, 3 мамырда жоғарыдағы ауылдарда мал ауруы таралғаны туралы хабарлама шыққан.
«Қайырлы күн, ауыл тұрғындары. Ескерту! Еркіншілік ауылында жұқпалы стоматиттің (аусыл) өршігені байқалады. Сондықтан кенттен мал әкетуге тыйым салынады және жануарларға арналған қораға кіруге болмайды. Өйткені вирустың адам немесе автомобиль көлігі арқылы тарауы әбден мүмкін, сақ болыңыздар», – деген жазба әлеуметтік желілерде қоғамның ащы наразылығы мен үлкен резонанс тудырған. Мұнымен қоса, желіде Еркіншілік және Новомарковка ауылдарынан сүт пен ет өнімдерін мүлде алмауға да кеңес берілген.
«Еркіншілік, Новомарковка және тағы бір ауылдан аусыл анықталды. Үйде әзірленген май, сүзбе, қаймақ, айран, сүт пен сиыр етін сатып алмаңыздар. Еркіншілік карантинге жабылды. Мал өлімі күн сайын көбейіп келеді. Мал қыстан кейін арық еді, енді өліп жатыр», – делінген хабарламада.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдағы тұрғындардың сөзіне мүлде қарама-қайшы пікір білдірді. Министрліктің дерегінше, ауылда ауру тіркелгенімен, ешбір малдың өлім-жітімі болмаған.
«Ерейментау ауданындағы ветеринар мамандар биологиялық материалдарды іріктеп алып, аусыл, инфекциялық ринотрахеит, блютанг ауруларына тексеру үшін Ветеринария бойынша референттік орталығына жолдады. Қазір зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ветеринарлар ауру анықталған жануарларға симптоматикалық ем көрсетіп жатыр. Мал өлімі тіркелген жоқ», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Министрліктің дерегіне сенсек, Еркіншілік ауылында 8 394 бас ірі қара мал мен 11 213 бас ұсақ мал бар. Қазір ауылдағы 716 бас ірі қара мен 160 бас ұсақ малдың ауырғаны белгілі болған. Ал ауылдағы тұрғындар бұған мүлде сәйкес келмейтін деректерді жайып салды. Ауыл тұрғындарының есебінше, Еркіншілік ауылында ірі қара мал саны 10 мыңнан асса, қой-ешкінің жалпы саны 11 мыңнан асады. Ал малдың өлім-жітімі азғантай күнде ғана 200-ден асып жығылыпты.
Біз Ақмола облысының Ветеринария басқармасы басшылығына да хабарласып, тиісті мамандардың пікіріне құлақ түрмек болдық. Мамандардың айтуынша, аурудың диагнозы әзірге зертханалық тұрғыда расталмаған. Ал вакцина елде шықпағандықтан, оны Ресейден сатып алуға мәжбүр. Ауру тек Ерейментау ауданында ғана емес, облыстың бірнеше өңіріне жайылып үлгергені белгілі болған.
1 700 қойға ауру жұққан
Аусыл дертіне ұқсас бұл ауру 2021 жылдың маусым айында басталған. Қазір Ерейментаумен қоса Аршалы, Степногор, Біржан сал, Бурабай, Бұланды, Зеренді, Қорғалжын және Целиноград аудандарында тіркелді. Әсіресе, Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылында ауру ушығып тұр. Мұнда 2 500 қара мал мен 1 700 бас қойға ауру жұққан. Күн сайын ветеринар мамандар мониторинг жүргізіп жатыр. Өкінішке қарай, заң аясында бұл ауруға қаражат бөлінбейді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша бірқатар қиындық туындап, құжаттар кешіктірілді. Жағдайға байланысты Ерейментау ауданындағы ветеринарлық станса ветеринарлық аптекадан қарызға 5 миллион теңгенің дәрісін алып, қазір халықтың қаражатына ем-дом жасап жатыр. Жекелей алса, қымбат болады. Барлық ем-дом шараларын тегін жүргізуге талап қойдық. Ал дәрі-дәрмекті халық өзі сатып алады. Қазір министрлік арқылы Ресейден вакцинаны жеткізумен айналысып жатыр. 12 мамырда бізге келіп, одан кейін дереу аудандарға вакцина жеткізу жоспарланған. Алайда министрліктен әлі еш хабар жоқ. Біздегі дерек бойынша, Ерейментау ауданында 2 500 бас мал ауырған. Мал дәрігерлері ауру малды тегін емдеп жатыр. Негізі, дұрыстап көңіл бөлсе, 5-6 күнде мал айығып кетуі тиіс. Малдың аузына «балтушка» жасап, жұмсақ тамақ беріп жіберсе, айығып кетеді. Қазіргі қолда бар мәлімет бойынша облыс бойынша 24 бас мал өлген», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ағыбай Сыздықов.
Ведомствоның дерегіне сүйенсек, облыс бойынша 3 800 қара мал, 1 700 қойға індет жұғып үлгерген. Тек Ерейментау ауданында ғана 19 бас ірі қара мал өлген. Ведомство басшылығының айтуынша, мал ауруымен күресте кадр тапшылығы аса үлкен қиындыққа душар еткенін айтады. Өйткені қазір облыстағы ветеринар мамандар жалпы сұраныстың тек 76 пайызын ғана қанағаттандырады. Қотыркөл ауылындағы мал дәрігерлік оқу орнымен меморандум жасалған. Жас мамандарға бірден 0,01 пайызбен несиеге үй беру, сонымен қатар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын да қосылғаны атап өтілді. Алайда кадр жетіспеушілігін мұның өзі шеше алар емес.
P.S. Ауыл тұрғындары бізге бұдан өзге де мәселелерді жіпке тізді. Тұрғындардың айтуынша, сонау 1995 жылдан бері Еркіншілік ауылына жетер жол ешбір жөндеу көрмеген. Ауыл ауызсудың зардабын да әбден тартыпты. Ал енді малды қынадай қырған ауру жығылған үстіне жұдырық болған. Мәселе тиісті министрліктер мен ведомстволар арқылы дереу шешімін таппаса, негізінен мал өнімдерімен айналысатын ауылдардың жайының қандай болатыны бесенеден белгілі. Оған қоса, ет және сүт өнімдері бағасының да бұдан әрі шарықтауы ықтимал. Сондықтан тездетіп іске кіріспесе, жағдай тым ушығып барады...