Егемен еліміздің тарихында екі рет референдум жарияланды. Енді міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 5 маусым күні үшінші рет жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Республиканың саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін осынау тағдыршешті кезеңде «АMANAT» партиясының өкілдері Ұлттық академиялық кітапханасында ұлт ұстыны болған зиялы қауым өкілдерімен бас қосып, Ата Заңға енгізілетін түзетулер мен толықтыруларды талқылады.
Суперпрезиденттік жүйеден қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшуді үндейтін референдумды жариялау – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының кезекті бір жарқын көрінісі екені сөзсіз. Референдумның мақсаты – саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау. Өзгерістер Конституциядағы 99 баптың үштен біріне әсер етеді. Бұл ел дамуының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді.
Кеш тізгінін Túrkistan газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы ұстады. Бас қосуда алғаш болып сөз алған «АМАNАТ» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек референдум өткізу бойынша партия жанынан құрылған штабтың жұмысы мен күн тәртібінде белгіленген шараларға қысқаша тоқталды.
«Референдумға орай партия жанынан қоғамдық штаб құрылып, оны саяси ұйымның жетекшісі Ерлан Қошанов басқарды. Штабтың құрамында 5 мыңға тарта мүше бар, олар алдағы күндері ел мен жерді аралап, халыққа Ата Заңға енгізілетін өзгертулердің мәнін түсіндіреді. Кездесулер барысында азаматтардың айтқан ұсыныстары мен талап-тілектерін талқыланып, шешімін күткен күрделі мәселелер партия басшылығына жеткізіледі. Саяси ұйымның мүшелері осы сапарында тек референдумды насихаттап қоймай, елдің аманатын да арқалап келетін болады», – деп сөзін сабақтады Дәулет Кәрібек.
Партия хатшысы Сенат және Мәжіліс депутаттарының қатысуымен өтетін аймақтарды аралау шарасы екі кезеңнен тұратынын жеткізді: біріншісі –12 мамыр мен 20 мамыр аралығы, екіншісі – 26 мамыр мен 3 маусым аралығы. Олар жер-жерде зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен, елдің белсенділерімен, қоғам қайраткерлерімен кездесіп, көпшілікті толғантып жүрген көкейтесті мәселелерді қозғайды.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Кыдырәлі Конституцияның жаңаруы іргелі сипатқа ие екенін және ол елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Ол осы шешім қабылдау үрдісіне халықтың өзі белсеніп қатысуы керегінің маңызына тоқталды. Сондай-ақ референдум қоғамды жан-жақты демократияландыруға және Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік беретінін еске салды.
Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Ата Заңға енгізілетін жаңашылдықтардың арқасында халық пен биліктің арасы жақындай түсетінін жеткізді.
– Өздеріңіз білесіздер, 1995 жылы қабылданған Конституцияға 60-тан астам бапты қамтыған 4 рет өзгерту енгізілді. Қазір 33 бап жаңартылатын болады. Онда конституциялық реформаның басты тұжырымдамалық негіздері өзгеретін болды. Оның ішінде саяси моделі, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастар, мемлекет пен қоғамның арасындағы диалог, яғни шешім қабылдағанда халықтың пікіріне құлақ асу жайы өте өзекті», – деді Нұртөре Жүсіп.