Өзге өңірді білмейміз, біздің Түркістан облысы, яғни оңтүстік өңірде жаңа келген әкімдер алдыңғы әкімді мойындамайды. Жаңа келгені өздері жаңа бағдарламалар жасап, жаңа кадрлармен жаңадан жұмыс бастайды. Қарап отырсаңыз, оған дәлел де көп. Бұрынғы әкім бастап кеткен шаруа шатқаяқтап, жарты ортада қалып кете береді. Бір өкініштісі, бастаған жұмысын аяқтай алмай жатып басшылар да жиі ауысады. Жуырда дәл осындай аяқсыз қалған бір тірліктің куәсі болып, биліктің әрекетіне күйіндік.
20 құс фермасы қаңырап тұр
Уәдеге алданып, жер сипап қалған кәсіпкерлер бүгінде аяқтан тозып, қанша есікті тоздырса да, нәтиже көрер емес. Есесіне несиесін жаба алмағаны былай тұрсын, басындағы баспанасынан да айырылып, сотты болып жатыр.
2017 жылы Түркістан облысының әкімі болған Жансейіт Түймебаев салтанатты жағдайда ашқан Төлеби ауданындағы 20 құс фермасы бүгінде қаңырап бос тұр. Төлеби ауданының Киелітас ауылының аймағында қаздай тізіліп салынған 20 құс фермасын алыстан көрсеңіз, көз тояды. Өндіріс аймағы сияқты ғимараттардың жанынан өтіп бара жатып: «Пай-пай, мына жерде тіршілік қайнап, қызу жұмыс жүріп жатқан шығар. Ауданның экономикасына едәуір үлес қосар кәсіпорындар ғой» деген ойларыңыз ақиқат. Жеке-жеке кәсіпкерлік емес, мемлекеттің араласуымен арнайы жобамен салынғаны көрініп тұр. Себебі бірнеше ғимарат бірдей формада салынған. Әдетте мұндай ғимараттар мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатады. Алайда өкінішке қарай осынау көз тартар кәсіпорындардың жанына жақын барсаңыз, өзегіңіз өртенеді. Сырты бүтін, іші түтін...
Салынғанына небәрі 4 жыл енді болған жаңа ғимараттар мен құс өсіруге арналған жаңа аппараттар сол күйі қаңырап тұр. Обалына не керек, Үкімет барлық сала бойынша жыл сайын түрлі бағдарламалар аясында қыруар қаржы бөледі. Тіпті, жыл сайын ерекше бағдарламалар да іске асады. Бүгінде бағдарламалар мен бөлініп жатқан қаржыдан шатасатын жағдайға жеттік. Мемлекеттен қаралып жатқан қаржының да есебі жоқ... Бүгінгі жыр болғалы отырған кәсіпкерлердің де жанайқайы осы жарты жолда қалған бағдарламаның кесірі десек те болады.
2017-2021 жыл аралығында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаның жеңілдетілген несие бөліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Осылайша шағын және орта бизнесті дамытуға бөлінетін несиенің жол картасы дайындалды. Соның ішінде мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін бөлінген 20 млрд теңгенің 14 миллиарды ауылға бағытталған-ды. Оның 10 млрд теңгесі якорлық кооперативтің құрылуына қаралған. Ал якорлық кооператив дегеніміз –өнімді ірі шаруашылықтан алып, қайтадан сол мекемеге ғана сатасың. Мысалы, бұзауды сатып алып, ірі қара малға айналғанда өткізесің. Бұл «кез келген салаға қатысты болуы мүмкін» делінген министрлік берген мәліметте. Яғни Төлеби ауданында ашылған құс фермасы да дәл осылай якорлық кооператив бойынша жүзеге аспақ ниетте ашылған.
Іс бітті, қу кетті
«2017 жылы сол кездегі аудан әкімі Бұхарбай Парманов ауыл-ауылды аралап жиналыс өткізіп, якорлық кооператив құруға үгіттеп жүрді. Аудан әкімдігінің арнайы жоба-жоспары да бар екен. Онда якорлық кооператив құрған шаруаларға құсты балапан күйінде сатып алып, өсіріп беру ғана міндеттеліпті. Ары қарайғы оны сою, өңдеу шараларын басқа кәсіпорын атқарады деген-ді. Осы жобадан соң аудандағы әр ауыл округінен жиналған бұрын-соңды құс өсірумен айналысып көрмеген 20 кәсіпкер кооператив құрдық. Әкімдік құс өсіруді үйрету, ары қарайғы дамыту, инженерлік жұмыстардың барлығын өз мойнына алды. Ал бұл негізінен өңірге белгілі, ірі кәсіпорын «Шымкент құс» құс фермасы арқылы жүзеге асуы тиіс болды. Біз шөжелер мен жемді осы фермадан алуға келісімшартқа отырдық. Аталмыш құс фермасы біздің ферманың жанынан сою цехын да салды. Біз осы фермадан шөже алып өсіріп, қайта өздеріне союға, өңдеуге өткізетін болып келістік. Әкімдік екі ортаны байланыстырушы ретінде кепілдікте жүрді», – дейді «Ленгір құс» өндірістік кооперативінің төрайымы Дина Құралқызы.
Мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпкерлер одан соң білек сыбанып жұмысқа кіріседі. Мемлекеттік бағдарлама аясында облыс әкімі жанынан ашылған «Ырыс» қаржы ұйымынан жеңілдетілген несие, лизингке техника да алады. Әрине, барлығы да кооператив есебінен құжаттандырылған. Техника демекші, Дина Құралқызы құс өсіруге қажетті құрылғылардың басым бөлігін «Шымкент құс» құс фермасына қарасты дүкеннен алғанын айтады. Онда «Егер құрылғыларды бізден алсаңыздар, жем мен шөже беріп тұрамыз» деген өзара келісім болған екен. Жалпы, кез келген шаруаны осынау ірі құс фермасымен бірігіп жалғастыру жоспары болған. «2017 жылы басталған келісімшарт, құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталып, біз жобадағыдай фермаларымызға құс кіргізе бастадық. Облыс, аудан көлемінен басшылар келіп, жобамыздың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді. Айтқандай, аудан әкімдігі инженерлік жұмыстарды атқарып береміз деп уәде етті. Таяу уақытта су болатынын, әзірге деп, демеушілер есебінен ұйымдастырып, бұлақтан су тарттырып берді. Өкінішке қарай, 2018 жылы су болғанымен, 2019 жылы су мәселесі күрделі күйінде қалды. Ал 2020 жылы пандемия басталып, жұмыс тоқтады. 2021 жылы кооператив мүшелерінің аз ғана бөлігі жұмыс істесе, биыл тіпті мұнда 3 кәсіпкер ғана аз ғана құсты айналдырып отыр. Онда да мақсатын ауыстырып, жұмыртқа шығаратын тауық бағуға көшті. Суды бөшкелермен қайта-қайта әр жерден тасып әкелуде. Ішетін суды ептеп тауып берерміз-ау, ал құс тұратын жерді салқындатып тұруы үшін су жеткізе алмаймыз. Таяу күндері 3 кәсіпкер де тауық бағу кәсібін біржола тоқтататын секілді. Одан бөлек, «Шымкент құс» фермасы уәдесінде тұрмай, сою цехын өзінің Шымкент жақтағы басты фермасына апарып қойды. Сонымен бірге, шөже мен жемі әлдеқайда қымбат болған соң, біз оны «Қайнар құс» фермасынан алатын болдық. Керісінше Шымкент қаласындағы «Қайнар құс» құс фермасы бізге көп көмек көрсетті. Бұл саладан хабарымыз жоқ бізге өсіріп баптау, бағу шараларын толық үйретті», – дейді тағы бірде өндірістік кооператив төрайымы.
Шымкент қаласы