Күні кеше Нұр-Сұлтанда бүлдіршін қызды құтқарып қалған Сәбит пен Сағи есімді азаматтың ерлігіне көпшілік куә болды. Қыздың амандығына себепкер болған екі азамат та баспаналы болды. Алайда оқиғаны видеоға түсірген келіншектің өкпесі бар. Бақыт Четенова желіде тараған видеоны өзі түсіргенін айтты. Алайда, оған ешкім алғыс айтпаған. Тіпті Сәбиттің өзі жауап берген жоқ деп ренжулі.
“Мен үйде декреттік демалыстағы анамын. Күн ыстық болғандықтан, далаға балаларыммен шыққанмын. Бүлдіршіннің терезеге ілініп тұрғанын, Сәбиттің оны құтқармақ болғанын көрдім де дереу видеоға түсіріп алдым. Бүлдіршін мерт болған жағдайда да, Сәбиттің кінәсіз екеніне дәлел болсын дедім. Абырой болғанда, қыз бала аман. Бұл видеоны тұрғындардың тобына жібердім. Содан әрі қарай тарап кетті”, – дейді ол Nege.kz тілшісіне берген жауабында.
Айтуынша, бір ғана басылым видео үшін өзіне сыйақы ұсынып, автор деп көрсеткен. Ал Сәбиттің өзінен жылы сөз естімедім деп өкпелі.
“Қазақстанда ондай жағдайлар көп. Біреу суға батқан баланы, біреу өртте қалған адамды құтқарып жатыр. Олардың бәрінің еңбегі көрсетіліп, еленіп, баспаналы болып жатқан жоқ. Егер бұл оқиғаны да мен түсірмесем, ерлігі аян болмас еді. Баспаналы болмас еді. Сәбиттің өзіне де жаздым. Бірақ жауап бермеді. “Видеоға түсіргеніңіз үшін рахмет” деп бір ауыз сөз жазса болар еді. Ешкім алғыс айтқан жоқ. Желі қолданушылары да менің еңбегімді айтып жатыр. Менің себепші болғанымды айтып жатыр. Мен де солай ойлаймын”, – дейді елорда тұрғыны.
Бақыт Четенова үш баланың анасы. Жолдасы екеуі төртінші сәбиін күтіп жүр.
“Шүкір, жолдасым және үш қызым бар. Төртінші сәбиімізді күтіп жүрміз. Үлкен қызым төртінші сыныпта оқиды, кіші қызымыз 3 жаста. Біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кешіп жатырмыз”, – деді ол.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі оның сөзін құптаса, бірі қарсы пікір жазды.
“Енді сіз де үй сұраңыз”, “Неге біреуге жасаған жақсылығын бұлдайды? Сіз ол кезде үй алу үшін түсірген жоқсыз ғой”, “Бәрібір рахмет айта салуға болатын шығар”, “Сәбит видеоға түсір демеген ғой”, “Сонда да баспаналы болуына себепкер болып отыр, ол болмаса ешнәрсе болмас еді”, “Бастысы бала аман, жақсылық жасады, Алладан қайтады емес пе?”, – деп жазды олар.