Биыл Жетісу өңірінде жауын-шашын мол. Алайда ылғалдың аса молдығы елді алаңдатып отырғаны да рас. Әсіресе, асау өзендер маңындағы және таулардың төңірегіндегі елді мекендердің тұрғындары кейде сағаттап төгетін жауын кезіндегі алапат судан іш жиып қалған. Төтенше жағдайлар қызметі де сағат сайын ауа райы туралы жедел ақпарат таратып, сақтыққа шақырудан жалыққан емес. Дегенмен бұл жолы түн жарымында басталып, ертеңгі түске дейін жалғасқан жауынның соңы қайғылы аяқталды.
Нақтырақ айтқанда, 15 мамыр күні сағат 12 шамасында Текелі қаласының Қонаев көшесіндегі бірнеше үйді таулы беткейден қозғалған лай көшкіні басып қалды. Тиісті қызмет саласындағылар оқиға орнына дереу жетіп, құтқару жұмыстарын жүргізді. Қауіпсіз жерге шығарылғандардың айтуынша, лай көшкінінің астында қалған үйлердің бірінде болған Жанбота Қанатқызы атты бес жасар қыз бала табылмаған.
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашовтың жетекшілігімен құрылған жедел штаб жоғалған жеткіншекті іздеуге 200 адамды жұмылдырған. Иісшіл иттер де пайдаланылған. Арада біраз уақыт өткенде оның мәйіті лай көшкіннің астынан табылды.
Жоғалған қыздың әкесінің айтуынша, үйдің үлкендері оқиға болған кезде моншада болыпты. Отағасы сырттан қорқынышты гүріл естілгенде сыртқа жүгіріп шыққан. Бірақ үлгермепті. Кіші қызы ойнап отырған үй қалың батпақтың астында қалған. Қыздардың үлкені бақытына орай көрші ауылдағы апасының үйіне қонаққа кетіпті. Аяқастынан қайғылы жағдайға душар болып, сүйікті қызынан қапыда айырылып қалған ата-ана психологтердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.
Әріптесіміз Сандуғаш Дүйсенова Текеліге елден бұрын келіп, марқұм Жанботаның қаладағы ауруханада жатқан анасына жолығып, оқиғаның мән-жайын сұрайды. Қайғыдан қан жұтып отырған ана өздері моншаға кеткенде Жанботаның үйде әкесінің телефонымен ойнап қалғанын жылап отырып, жеткізеді. Оқиға орнына қайта оралған Сандуғаштың айтуымен жоғалған қыздың қолында қалған телефон нөмірін тергенде байланыс құралының дауысы шығып жатқан жерден кішкене қыздың мәйіті табылады. Қазір сарапшылар қыз баланың қандай жағдайда қаза тапқанын анықтауға тырысып жатыр.
Әзірге Қонаев көшесіндегі бес бірдей үй лай астында қалған, облыс басшысы оқиғаның зардаптарын жою мен зиян шеккендерге қолдау көрсетуді өз бақылауына алған.
«Текеліде лай көшкіні жүрді. Бірнеше жекеменшік тұрғын үй бүлінді. Өкінішке қарай, 2016 жылы туған қыз бала қайтыс болды. Жедел қызметтер өз жұмыстарын жүргізуде. Зардап шеккендерге баспана беріліп, көмек көрсетіледі. Марқұмның жақындарына қайғыра көңіл айтамын» деп жазды облыс әкімі өзінің желідегі парақшасына.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы