Солтүстік Қазақстан облысында білім беру мекемелері мемлекеттік аттестаттаудан өте алмай жатыр. Осы жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік аттестаттау жүргізілген бес балабақшаның ішінен тек біреуінің ғана «жолы болды». Ал 11 мектептің тек біреуі ғана бұл рәсімнен сәтті өтті. Бұл жайт түлектердің аттестатсыз қалуына әкелуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облыстық Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің мәліметінше, «Білім туралы» заңның 59- бабына сәйкес, мемлекеттік аттестаттау институты профилактикалық бақылау мақсатында 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілген. Ондағы мақсат – білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкестігін бақылау. Өзін-өзі бағалау шеңберінде 4, 9, 11-сынып оқушыларының білім нәтижесі компьютерлік тестілеу арқылы анықталады. Биыл 80-нен астам оқу орнында мемлекеттік аттестаттау өткізу жоспарланған екен. 2022 жылдың бірінші тоқсанында аталмыш рәсім жүргізілген. Соның ішінде 5 мектепке дейінгі ұйым, 11 орта білім беретін мекеме бар. Сорақысы сол, мектепке дейінгі білім беретін 5 ұйымның тек біреуі ғана «үздік» деп бағаланса, төртеуі омақаса құлаған. Ал 11 мектептің ішінен біреуі ғана аттестаттаудан сәтті өтіп, онының жолы болмаған. Қорыта айтқанда, 16 білім беру ұйымының тек екеуі ғана сәтті өткен.
Білім сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Ғалия Ілиясова ең жиі кездесетін кемшіліктерге тоқталды. Оның айтуынша, көбіне-көп сабақ кестесі оқу жоспарларына сәйкес келмейді екен. Сонымен қатар балабақшалардың тәрбиешілері бекітілген өтпелі тақырыптарды есепке алмастан, ұзақмерзімді жоспар құратыны анықталыпты. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында апталық оқу жүктемесі мемлекеттік білім беру стандартына қойылатын талаптарға, атап айтқанда білім мен тәрбие беру тіліне қатысты талаптарға сәйкес келмейді екен. Оқушылардың дамуына жүргізілген мониторинг барысында да бірқатар кемшілік бар екені белгілі болды. Сабақ кестесі мен Kundelik электронды журналындағы пәндердің атаулары мен олардың типтік оқу жоспарындағы атаулары бір-біріне сәйкес емес. Оқушылардың білімін формативті және жиынтық бағалау кезінде де бірқатар кемшілікке жол берілгені анықталыпты.
Мемлекеттік аттестаттау барысында оқу ошағының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі де бақыланады. Бұл ретте edu.kz аймағында үшінші деңгейлі домендік атаудың тіркелмегені, бейнебақылау жүйелерінің бейнетүсірілімдерді жедел басқару орталығына немесе аумақтық полиция органдарының кезекші бөлімшелеріне жіберу мүмкіндігінің жоқтығы және бастауыш сыныптарда жеке шкафтардың болмауы сияқты олқылықтардың беті ашылды. Сонымен қатар бірінші және жоғары санаттағы мұғалімдердің, педагог-сарапшылардың, педагог-зерттеушілердің, педагог-шеберлердің үлес салмағының белгіленген нормативтерге сәйкессіздігі байқалады.
Білім саласы бақылауда болады
Осындай кемшіліктердің салдарынан мектеп түлектерінің аттестатсыз қалу қаупі бар. «Себебі білім беру ұйымдарының мемлекеттік аттестаттаудан өтпеуі «Білім туралы» заңның 39-бабының 3-тармағы 1-тармақшасына сәйкес мектептерді негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының түлектеріне мемлекеттік білім туралы құжаттар беру мүмкіндігінен айыру қаупіне әкеліп соғады», – дейді Білім сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысы Айнагүл Сұрағанова. Яғни, мамырдың 25-іне дейін мектептер аттестаттаудан өте алмаса, мемлекеттік үлгідегі аттестат беру құқығынан айырылады.
Мұндай жағдай бұған дейін де болған екен. Мәселен, былтыр Петропавл қаласындағы №31 мектептің түлектері мамыр айында үдере көшіп, басқа мектепке ауысуға мәжбүр болған. Сөйтіп, өзі оқыған емес, өзге мектептің аттестатын алған екен. Ал ауылдардағы мектептердің оқушылары қайтпек?
Солтүстік Қазақстан облысы