Зайсанда газ мәселесі ушығып тұр. Жақында аудан тұрғындары Зайсан қаласындағы Мәдениет үйіне жиналып, «Әуелі өзімізді жарылқап алайық. Бұдан былай Қытайға газ жіберуді тоқтатыңдар» деп мәселені төтесінен қойды. Жиынға елордадан арнайы келген Энергетика министрлігі, газ өндірумен шұғылданатын «Тарбағатай Мұнай» ЖШС мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері халықтың талап-тілегін ескеріп, Қытайға газ экспортын уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Орындалмаған уәделер, жүзеге аспаған жоспарлар
Газ экспорты уақытша тоқтағанымен, жергілікті тұрғындардың көңіліндегі алаң басылмай тұр. Халық орындалмайтын уәде мен жүзеге аспайтын жоспардан шаршаған секілді. Себебі «Зайсан ауданы газбен толық қамтылады» деп айтылғалы қай заман?! Зайсаныңыз не, «Зайсанға іргелес Тарбағатай, Күршім, Үржар аудандарына да газ барады» деген ақпаратты алаулатып-жалаулатып жазбаған журналист жоқ шығар. Түсінікті болу үшін айта кетелік, Зайсан ауданындағы «Сарыбұлақ» кенішіндегі көгілдір отынды игеру жұмыстары 2007 жылдан бастап қолға алынып, сол жылы «Тарбағатай Мұнай» ЖШС құрылған еді. Зайсан қаласының өзіне алғашқы газ 2013 жылы берілсе, аудандағы 33 елді мекеннің 9-ына (Қаратал, Үлкен Қаратал, Көгедай, Шалқар, Айнабұлақ, Қарабұлақ, Кеңсай, Жамбыл, Қайнар) 2018 жылы газ тартылған болатын. Қалған ауылдарда әлі газ жоқ.
«Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, тұрғындардың көңілін күпті қылған «Тарбағатай Мұнай» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Арман Құлжановтың 2020 жылдың 10 ақпанында Forbes.kz журналына орыс тілінде берген сұхбаты. Сол сұхбатында ол Зайсандағы «Сарыбұлақ» кеніші жайында: «Месторождение нельзя рассматривать на долгосрочную перспективу. Как инженер скажу, что разведанных запасов газа может хватить не более чем на два года» деген-ді. Осы екі сөйлем, әсіресе соңғы сөз Зайсан жұртшылығына шаншудай қадалып, «газсыз қаламыз ба?» деп алаңдаған жергілікті белсенді азаматтар газ экспортын тоқтатуды сұрап, аудан әкіміне шағымданған болатын. Тұрғындардың талабы тиісті орындарға жетіп, 2021 жылдың желтоқсан айында Қытайға газ экспорты тоқтатылған еді. Алайда газ өндіруші «Тарбағатай Мұнай» компаниясы Үкіметтен Қытайға тағы да 150 миллион текше метр газды экспортқа шығаруға рұқсат сұраған екен. Энергетика министрлігі оның жартысына ғана, яғни 75 миллион текше метрге рұқсат берген соң биылғы жылдың мамыр айынан көрші елге қайтадан газ жіберіле бастаған көрінеді.
Көгілдір отынның қалғаны қанша жылға жетеді?
Тұрғындардың дүр көтеріліп, мәдениет үйіне жиналуына соңғы жағдай түрткі болса керек. «Арман Құлжановтың сұхбатын оқып, көзіміз ашылды. Көп нәрсені білмейді екенбіз. Мәселенің бәрі мынада ғой. «Өзімдікі дей алмай өз малыңды» деп ұлы Абай айтқандай, біз өз газымызды өзіміздікі дей алмай отырмыз. Өйткені Зайсанның газы 2013 жылдан бері Қытай халық республикасына экспортталып жатыр. Бұған дейін күніне орташа есеппен 1 жарым миллион текше метр газ жіберілді. Мұны 364 күнге көбейтсеңіз, 546 миллион текше метр шығады. Сонда 8 жарым жылда Қытайға 4 миллиард, 641 мың текше метр газ кеткен. Қалғаны – 360 миллион текше метр. Ал қазір Зайсан ауданы бір жылда шамамен 30 миллион текше метр газ тұтынып отыр. Енді 8 ауыл газға қосылса, 35-40 миллион текше метрге ұлғаюы мүмкін. Бұдан Қытайға экспортталады деп отырған 75 миллион текше метрді алсаңыз, 255 миллион текше метр газ қалады екен. Осыны 35-ке бөлсеңіз, газ қоры алты-ақ жылға жетеді. Сіздер 3 жарым миллиард дейсіздер. Қалған бір миллиард қайда кетті?» деп сұрақ қойды жиында аудан тұрғыны Болат Жапсарбаев «Тарбағатай Мұнай» ЖШС құрылтайшысы Бекзат Қалиевке. Бір қызығы, оның келтірген дерегі әріптесі Арман Құлжановтың сұхбаттағы сөзімен үндес шықпады. «Бізде 345 миллион текше метр газ қоры бар. Жоспар бойынша 13 жылға жетеді. Бұл – Зайсан тұрғындарына күнделікті берілетін газ», – деді ол. Күнделікті демекші, аудан тұрғыны Берік Самарханов Бекзат Қалиевке «Қазір Қытайға күніне қанша текше метр газ кетіп жатыр?» деп сұрақ қойды. Компания өкілі «Ашылғанымызға он күн болған жоқ қой» деген сөзден басқа жарытып ештеңе айта алмады. Ал Энергетика министрінің орынбасары Асхат Хасенов: «Әуелде «Сарыбұлақ» кенішіндегі газ қоры 5 миллиард текше метр деп болжанған болатын. 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін «Тарбағатай Мұнай» ЖШС 3 миллиард, 450 миллион текше метр газ өндірді. Қалғаны – 1 миллиард, 600 миллион текше метр. Бұл – бір ғана геологиялық барланған қор. Экономикалық өндіруге тиімді қор деген де болады. Компания құрылтайшысының айтуынша, ол 13 жылға жетеді. Дәл қазір 345 миллион текше метр газ қоры «С 1» категориясымен бекітілген. Мұны қалдық деуге де болады. Оған 125 миллион текше метр «С 2» категориясына жататын газды қосатын болсақ, газ қорының көлемі өсуі де мүмкін. Компания геологиялық қорды жыл соңына дейін қайта есептеуі керек. Министрлік тарапынан осындай тапсырма бердік. Қытайға жіберілетін 75 миллион текше метр газ экспортын қоса алғанда газ ең аз дегенде 8 жарым жылға жетеді» деп түсіндірді халыққа.
Жиында айтылған бір-біріне қиыспайтын әртүрлі дерек пен «Тарбағатай Мұнай» ЖШС құрылтайшысының кейбір сұрағына мүдіріп жауап бере алмауы халықтың күдігі мен күмәнін одан әрі қоюлата түскендей болды. Бұдан кейін сөз алғандардың барлығы: «Өз байлығымыздың қызығын өзіміз көруге тиіспіз. Бүгіннен бастап Қытайға газ жіберу тоқтатылсын. Қоғамдық тәуелсіз комиссия құрылсын. Оған халықтың өкілдері енсін», – деді бірауыздан. Жиында «Біздің «Тарбағатай Мұнай» компаниясының жұмысына көңіліміз толмайды. Басқа мемлекеттік мекеме құрылсын. Газ бен мұнай мемлекеттің бақылауында болуы қажет. Жерасты байлығымыз «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуі керек» деп пікір білдірген азаматтар да болды.
ТҮЙІН:Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, Зайсанда өндірілген газдың 90 пайыздан астамы Қытай еліне экспортталған. Ал жергілікті тұрғындар газ игерілген 8 жылдың ішінде оның 100 миллион текше метрін ғана тұтынған. Зайсан халқы осыған күйінеді. Сонымен, 11 мамырда Қытайға газ экспорты уақытша тоқтатылды. Сол күні қоғамдық комиссия құрылды. Көрші елге газ беру жалғаса ма, әлде осы күйі тыйыла ма? Оны осы комиссия анықтайтын болады.