Магомед мықты бапкер ме?
Магомед мықты бапкер ме?
433
оқылды
Жуырда Қазақстан футбол федерациясы жанкүйерлерге ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін таныстырды. Басшылықтың таңдауы қазақ жанкүйерлеріне есім-сойы таныс ресейлік маман Магомед Адиевке түсті. Алайда бұл бапкердің біліктілігіне, құрамамен жақсы нәтижеге қол жеткізетініне күмәнмен қарап отырғандар көп болып шықты. Әсіресе, спорт сарапшылары мен футбол жанкүйерлері отандық мамандарға сенім артпай, шетелдік бапкерге тізгінді ұстата салғанына риза емес. 44 жастағы Адиевтің құраманы жаттықтыруына ҚФФ президенті Әділет Барменқұловтың себепші болғаны айтылып жүр. Өйткені федерация басшысы бұған дейін қарағандылық «Шахтер» клубында директорлар кеңесінің төрағасы болған. Адиев болса, былтырдан бері кеншілер клу­бын жаттықтырып келді. Бұл екі маманның бір-бірімен жақсы таныс екенінің айқын дәлелі. Ендігі кезекте «Адиев қандай маман?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Жасы­ра­тыны жоқ, ресейлік жаттықтырушы бірнеше танымал футбол клубтарында ойнаған. Олардың қатарында «Анжи», «ЦСКА», «Спартак», «Терек» секілді командалар бар. Қазақстандық «Жеңіс» сапында да доп тепті. Ал бапкерлік мансабын 2010 жылы бастап, «Волга», «Терек-2», «Легион Динамо» командаларын жаттықтырды. «Ахматтың» бапкерлік штабының құрамында қызмет атқарды. Игорь Шалимовтың көмекшісі атанды. 2018 жылы Махачакаланың «Анжи» клубының тізгінін ұстады. Ол кезде клубта қаржылық дағдарыс болды. Одан кейін «Чайканы» жаттықтырды. Бірақ 2020 жылы Адиев командадан кеткен соң, «Чайкада» үлкен шу шықты. Анығын айтқанда, Ресей футбол одағы аталған клубтың келісілген ойын ойнағанын анықтады. Бұл келеңсіз жағдайдан соң клубтың спорттық дирек­торы мен матч төрешісі футболдан өмір бойына аластатылды. Қорыта айтқанда, Адиевтің көршілес елдегі бапкерлік манса­бы жетістікке толы болды деуге келмейді. Есесіне, 2021 жылы қарағандылық «Шахтер» футбол клубының бас бапкері қызметін атқарған оның жұмысын бас бармақпен бағалағандар аз болған жоқ. Өйткені ол «кеншілермен» бірге УЕФА Конференция лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетті. «Стяуа» Бухарест клубын екінші айналымда жарыс жолынан шығарды. Одан кейін Руслан Костышин баптаған «Колос» командасынан да айналып өтті. Тек «Маккаби» Хайфа командасына ғана азуын батыра алмады. Сонымен қатар Адиев қарағандылық ұжымды Қазақстан кубогының финалына шығарды. «Кеншілер» клубы маусым қорытындысы бойынша жетінші орынға көтерілді. Бірақ биылғы «Шахтердің» ойыны да, нәтижесі де өткен жылғыдай болмады. Ақтаудың «Каспий» клубынан 0:4 есебімен ойсырай жеңілген соң Адиев бірден орнын босататынын айтты. Бірақ ол алысқа кете қойған жоқ. Қарағандымен қоштасқанымен, Қазақстан құрамасының тізгінін ұстады. Енді Қазақстан футбол федерациясы осы маманға ел құрамасын жаттықтыруға мүмкіндік сыйлап отыр. Алда Ұлттар лигасының маңызды ойындары бар. 3 маусымда Қазақстан өз алаңында Әзербайжан құрамасын қабыл­дайды. Басшылық мақтаған, футбол маман­дары мен жанкүйерлер қызметіне күмәнмен қараған Магомедтің шама-шарқын осы турнирде байқаймыз. Қазақстан қарсылас­тарының арасында Әзербайжан­нан бөлек, Словакия мен Беларусь құрама­лары бар. Футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов бас бапкерді спорт журналистеріне өзі таныстырып, бұл қызметке тағайындауының бірнеше себебін де атап өтті. – Дәл қазір Еуропадан бапкер әкелудің қажеті шамалы. Шетелдік маман елге келіп, қазақ футболын зерттеймін дегенше біршама уақыт өтеді. Ал Ұлттар лигасының басталуына 1 айдан аз уақыт қалды. Оның үстіне 11 күннің ішінде 4 ойын өткізу қиын. Біздің таңдау Қазақстан футболын жақсы білетін әрі еурокубоктарда сәтті өнер көрсеткен Магомед Адиевке түсті. Оған дейін де бірнеше кандидат қаралды. Бабаянмен де әңгімелестік. Бірақ жасыратын ештеңесі жоқ, екі жыл бойы мен Магомед Мусаевичпен жұмыс істедім, оның жақсы маман екенін байқадым, – деді ҚФФ президенті. Әділет Барменқұлов айтқандай, расы­мен де 3 маусым күні Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы алғашқы кездесуін бастайды. Қазір жаңа бапкер құрамаға шақырту алатын футболшылардың тізімін жариялады. Алдағы уақытта Адиевтің Әзербайжан, Словакия, Беларусь құрама­ларына қарсы өтетін кездесулерде нендей әдіс қолданарын, өзіне жүктелген міндетін қалай атқарарын көре жатармыз. Бір сөзбен айтар болсақ, Ұлттар лигасынан кейін бас бапкердің әуселесі анық бай­қалады. Спорт журналисі Аслан Қаженов құраманы жаттықтыра алатын қазақстандық мамандардың барына қарамастан, отандық футболдың қазіргі басшылары оларды керек қылмай отырғанына көңілі толмай­тынын жеткізді. Ол бір ресейлік маманды басқа ресейлік маман алмастырғаннан ештеңе өзгермейтінін айтады. Qazsport арнасының коментаторы Олжас Бай­босынов болса Адиевке сенім артып, әліптің артын баққанымыз жөн деп санайды. Ал біз бұл тағайындаудың сәтті не сәтсіз болғанын айтуды алдағы күннің еншісіне қалдырдық. Кімнің шешімі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін уақыт көрсете жатар.