Ата Заңды өзгерту – Қазақстанды түлету
Ата Заңды өзгерту – Қазақстанды түлету
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
762
оқылды
5 маусымда өткелі тұрған ре­ферендумды халық қолдаса, Ата Заңымыз жаңарады. Ел Президенті Қ.Тоқаев бастамашы болған Конс­титуциялық реформа Қазақстан та­рихының, сондай-ақ мемлекеттік басқару, партиялық жүйе және отандық парламентаризм тарихы­ның жаңа парағын ашады. Елдегі демократиялық процестердің өр­кендеуі үшін мүлдем жаңа мүм­кін­діктер ұсынады. Бұл реформа – заман талабы, оған Жаңа Қазақстан жолындағы түбегейлі жаңғырулар, әлем мен еліміздегі саяси, эконо­микалық бетбұрыстар түрткі болып отыр. Кейінгі алты жылда посткеңестік кеңіс­тіктегі барлық дерлік ел консти­туциялық реформаны жүзеге асырыпты. Алайда оның көздеген мақсаты да, түпкі нәтижесі де әртүрлі болды. Мысалға, 2016 жылғы қыркүйекте Әзербайжанда референдум арқылы өткен Конституция­лық реформа нәтижесінде Ильхам Әлиевтің президенттік өкілеттігі 5 жыл­дан 7 жылға ұзартылды. Бұған қоса, Мемлекет басшысы болудан үміткер­лердің шекті жасы төмендетілді, елде вице-президент лауазымы енгізілді. Референдумда дауыс берушілердің 80%-ы өзгерістерді құптаған. Тәжікстанда 2016 жылғы 22 мамырда ұйымдастырылған референдумда Пре­зидент лауазымына кандидаттардың жас шектеуі 35-тен 30 жасқа азайтылды. Діни партиялардың қызметіне тыйым салын­ды. Сондай-ақ 30 жастан Маджлиси миллиге депутат болуға рұқсат етілді. Нәтижесінде, Президенттің ұлы Рустам Эмомали 33 жасында Сенаттың төраға­сына және елдегі екінші тұлғаға айналды. Референдумда конституциялық өзгеріс­терді сайлаушылардың 96,6%-ы қолдады деп есептеледі. 2019 жылғы 19 ақпанда Украинада Конституцияға өзгерістер күшіне енді. Осы кезден бастап, түзетулерге сәйкес бұл ел Еуропалық Одаққа және НАТО-ға мүше болуға бағыт алды. Конституциялық реформа Парламент арқылы жүргізілді, депутаттар дауыс берді. 2020 жылғы 22 маусымда Армения парламенті конституциялық өзгерістерді қабылдады. Ол Конституциялық соттың төрағалары мен басшысының өкілеттік мерзімін қысқартады, 12 жылдан көп отырса, шығарып тастауға мүмкіндік бе­реді. Жалпы, бұл ел Негізгі заңын жиі өзгер­теді. Мысалы, 2015 жылғы конс­титу­циялық реформа нәтижесінде ел жартылай президенттік басқару форма­сынан толық парламенттік республикаға ауысты. Алайда енді Премьер-министр Никол Пашинян жаңа референдумға бастамашы болып, елді жартылай прези­денттік басқару формасына оралтуға ниетті. 2020 жылғы 3 шілдеде РФ прези­денті Владимир Путин Ресей Конс­титу­циясына енгізілген түзетулерді күшіне енгізетін жарлыққа қол қойды. Конс­титуциялық өзгерістер жалпы­халықтық дауыс беруге шығарылды. Нәтижесінде В.Путиннің президенттік мерзімі нөлге теңестірілді, оның қай­тадан прези­денттік додаға түсуіне ке­дергі қалмады. Сондай-ақ РФ Конс­ти­ту­циясы ха­лықаралық заңдар мен ке­лісімдерден басым, жоғары тұра­ты­ны бекітілді. Бұрын өзге елдің аза­ма­ты бол­­ған, ше­телде туған адамдар­дың РФ пре­зи­денті болып сайлануына тыйым енгізіл­ді. 2021 жылғы 10 қаңтарда Қырғыз Республикасында Негізгі заңды өзгерт­кен конституциялық референдум ұйым­дастырылды. Оның қорытындысында қырғыз елі бұрынғы парламенттік бас­қару формасынан қайтадан президенттік республикаға оралды. 2022 жылғы 1 сәуірде Молдова Конс­титуциясына түзетулер күшіне енді. Тиісінше, судьялардың мәртебесі кү­шей­тілді, Фемида қызметкерлерінің қар­жы­лық тәуелсіздігі арттырылды, Жоғарғы магистратура кеңесінің «сот билігі тәуел­сіздігінің кепілі» ретіндегі рөлі айқын­далды. 2022 жылғы 15 наурызда Беларусьте Конституцияға өзгерістер мен толық­тыру­лар күшіне енді. Түзетулер 2022 жылғы 27 ақпанда өткен республикалық референдумда қабылданды. Нәтиже­сінде, ел президенті заң күші бар декрет­тер шығару құқығынан айырылды. Ол тек жарлық пен өкім шығара алады. Пре­зиденттіктен кандидаттардың жас шектеуі 35-тен 40-қа көтерілді. Бе­ларусьте үздіксіз тұру талабы 10-нан 20 жылға ұзартылды. Бір тұлға президент болып тек 2 мерзімге сайлана алады. Көрші Өзбекстан да Конституцияны жаңарту процесін бастауға ден қойды. Кеше Олий Мажлистегі «УзЛиДеП» (өзбек либералды-демократиялық пар­тиясы) және «Миллий тикланиш» фрак­циялары Ата Заңды «замана талаптары мен өзгерістеріне сәйкес келтіру» үшін конституциялық реформа басталатынын хабарлады. Айтпақшы, өзбек елі де «Жаңа Өзбекстан» құру мұратын жа­риялады. Жаңарған Конституция «Жаңа Өзбекстанды дамыту стратегиясы үшін заманауи, өзекті құқықтық негізді қа­лайды». Түзетулердің егжей-тегжейі әзір­ге белгісіз, әзірлену үстінде. Елде конс­титуциялық реформаның қажетін өткен жылғы қарашада қайта сайланған Президент Шавкат Мирзиёев ұлықтау салтанатындағы сөзінде мәлімдеді. Ол Конституцияда «Жаңа Өзбекстан – әлеуметтік мемлекет» қағидатын бекітуді, реформалардың басты критерийі ретінде адам мүдделерін айқындауды, экология мәселелерін Негізгі заңда көрсетуді ұсынды. Осы шолудан көрінгендей, әр ел Конституциялық реформа аясында төл мұрат-мақсаттарын, экономикалық, әлеуметтік, саяси ахуалын ескереді. Сарапшылардың айтуынша, әлемде Коституцияны өзгерту – негізінен дамушы елдерге тән. Дамыған, кемеліне келген елдерде мемлекеттің саяси және экономикалық жүйесінің ұстыны ретінде Ата Заң – көп өзгермейтін, тұрақты құжат. Өйткені бұл елдерде жоғарғы билік органдары, олардың қызмет ету тәртібі, мемлекеттік басқару формасы ғасырлар бойы қалыптасқан. Класси­калық мысал – АҚШ: 1787 жылдан бері Американың Ата заңына небәрі 27 түзету енгізілді. Шынында, Конгресс 200 рет түзету ұсыныпты, бірақ Жоғарғы сот құптамаған. Қазақстан 1995 жылы қолданыстағы Ата Заңды қабылдағалы оған төрт рет өзгеріс енгізіпті. Қырғыз ғалымы, заң ғылымдарының докторы Автандил Арабаевтың пікірінше, бұл қалыпты саналады. Мысалы, Швеция мен Нор­вегия 1991 жылдан бері Конституциясын – 3 рет, Нидерланд 4 рет өзгертіпті. Дамыған елдер арасындағы рекордсмені – Аустрия: 1991 жылдан бері 7 рет тү­зеткен. Мұны мысалы, Грузиямен салыс­тыруға болмайды, олар тәуелсіздік жылдары 33 рет өзгертіпті. Ал дамушы елдер Ата Заңын заман талабына, халық сұранысына сай ө­з­гертпесе, онда мемлекет конституциялық дағдарысқа ұшырауы, заңнама саяси және экономикалық өзгерістер екпініне ілесе алмай, арттап қалуы мүмкін. Онда елдің алға басқан қадамы кері кетеді. Саясаттанушы-ғалым, тарих ғылым­дарының кандидаты Б.Габдулинаның байламынша, біздегі Конституциялық реформа арқасында ең бастысы – мемлекеттік биліктің басты қайнар көзі ретінде халықтың рөлі-салмағы тікелей және жанама түрде арттырылады. Еліміз «суперпрезиденттік басқарудан» «мықты Парламенті бар президенттік респуб­ликаға» біржола көшеді. Әйтсе де, тікелей сайланатын Мәжілістің орны мен мәртебесі күшейтілгенімен, халық сайлайтын Президенттің де салмақты өкілеттіктері сақталады, легитимділігі кемімей, қайта арта түседі.