Қазақстан мен Түркия – ортақ тарих, тіл, дін, мәдени құндылықтардан қуат алған, жаңа заманда мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Тәуелсіздік дәуірінде Түркия Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің біріне айналды. Енді екі ел арасындағы қарым-қатынас «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтерілді. Қос мемлекет өзара сауда-саттықты 10 млрд долларға жеткізу міндетін қойды. Президент Қ.Тоқаевтың мемлекеттік сапары арқасында осы межені жақындататын ірі инвестициялық жобалар қолға алынады.Сауда-саттық көлемі 100 есеге артты
Тарихи факт: 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң бекітілісімен, Қазақстанның азаттығын мойындаған әлемдегі №1 ел Түркия болды. Бұл жас қазақ мемлекеті үшін түрік ағайындардың көрсеткен моральдық демеуі, сондай-ақ бауырмалдық пен достықтың символы іспеттес еді. Сонымен бірге Түркия Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы ел. Түркияның дипломатиялық миссиясы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш шетелдік өкілдік болды.
Осының бәрі екі ел арасындағы берік экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың іргетасын қалады. Мысалы, Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-саттық 1992 жылы 30 миллион доллар болыпты. Ол кез үшін мұның өзі үлкен жетістік саналды. Ал пандемия қарсаңында, 2019 жылы бұл көрсеткіш 3,1 миллиард долларды құрады. Осының арқасында Түркия қазақ елімен белсенді сауда жасайтын TОП-8 елдің сапына қосылған. Оған дейінгі жылдарда 13-орында орналасты. Яғни, соңғы жылдары бұл тұрғыда ғаламат серпін байқалады.
Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы қазанда Анкараға сапары аясында тараптар өзара тауар айналымы көлемін 5 млрд долларға жеткізу туралы уағдаласқан-тын. Ол белес бағынған екен. Таяуда, 10-11 мамырда Түркияға мемлекеттік сапар жасаған Қ.Тоқаев алыс-берісіміз былтырғы 2021 жыл қорытындысында 5 миллиард долларға жеткенін мәлім етті. Сөйтіп, бұл ел біздің басты серіктестеріміздің бестігіне кірді.
Егер алда 10 миллиардтық асу алынса, Түркия басты сауда серіктестеріміздің үштігіне кіруі мүмкін. Аз уақытта қос ел арасындағы экономикалық байланыстардың бұлайша өрлеуінің үлгісі әлемде сирек!
Мұның сыртында Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында: экономикамыздың дамуына 4 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы –
1 млрд доллардан асты.
Соңғы екі жылда Қазақстанда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бүгінде тағы 10 жаңа жоба пысықталып жатыр. Басқаны айтпағанның өзінде, еліміздегі ең көрікті, туристік тартымды, сәулетті нысандар мен ғимараттардың көбін түрік құрылыс компаниялары тұрғызды. Қазақстанда жасыл экономика, IT-технология, ғарыш, өндіріс сияқты салалар толық игерілмеген.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында жалпы сомасы 1 миллиард доллар болатын коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды.
Қазір Түркия Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құру жөнінен Ресейден кейінгі екінші орынға
ие. Республикамызда түрік капиталымен жұмыс істейтін 4 мыңдай компания бар. Демек, еліміздегі әрбір 9-10-шы шетелдік кәсіпорын – түріктікі.
Түріктер Қазақстанда не өндіреді?
Жалпы, батыстық ауыр санкциялардан Ресейдің шаруасы шатқаяқтап, өз қолы өз аузына жетпейтін халге түсе бастағанын, ал қытай капиталы Африка, Америка құрлықтарына ден қойғанын ескерсек, болашақта Түркия ірі сауда серіктестеріміз арасында бірінші тұғырға көтерілуі ғажап емес. Оның негізі қаланып жатыр. Мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаевқа түрік инвесторлары жаңа инвестжобаларын таныстырды. Және бұл қағаз жүзіндегі, не макет күйіндегі жобалар емес, барлығы да дәл қазір Қазақстанда іске асырып жатыр.
Мәселен, Yildirim Group Жамбыл облысының Сарысу ауданында кальций қосылған сода өндіретін Қазақстандағы алғашқы зауытты салып жатыр. Кәсіпорын жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады. Оның бірінші кезегі 500 мың тоннаны құрайды және 2024 жылы іске қосу жоспарланған. Құрылыс кезінде шамамен 1000 мың маман, негізінен жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылады. Кәсіпорын өндіріске кіріскен соң 300 жаңа жұмыс орны және 1 мыңдай жанама жұмыс орындары құрылуы тиіс. Бұл жоба жүзеге асса, еліміз кальцийлендірілген сода өндіру жөнінен Қытай, Түркия, АҚШ және Ресей қатарлы жаһандық бестікке кірмек. Сондай-ақ республикамыз өнімнің осы түрінен импортқа тәуелділіктен 100 пайызы құтылады екен.
Iskefe Holding Алматыдағы индустриалдық аймақта 27 миллион доллар тұратын, желатин өндіретін зауыт салады, онда ірі қара мал терісі өңделмек. Яғни, сиыр терісінен желатин жасалады. Жоба 2022–2023 жылдары жүзеге асады. Қолданысқа берілгеннен кейін, 2023 жылы 100-ден аса жұмыс орны ашылады. Зауыттың өндіріс қуаты жылына 7 мың тонна өнім шығаруға жарайды. Бұл үшін 28 мың тонна тері талап етіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бүгінде Қазақстанда теріні бастапқы өңдеумен айналысатын 9 кәсіпорын бар. Белбеу, киім, аяқкиім, қап-чехол, диван қаптамасын жасайды. Алайда олардың өнімінің қосылған құны төмен болғандықтан, фермерлерге, мал ұстайтын ауылдықтарға тартымды баға ұсына алмайды. Сондықтан адамдар мал сойғанда бас қатырмай-ақ, оның терісін қоқысқа лақтырады. Сөйтіп, құнды шикізат рәсуа болады, әрі түрлі аурудың тарау қаупі туады. Оның үстіне қазақстандық кәсіпорындар коронавирус пандемиясы кезінде жұмыстарын уақытша тоқтатты. Түрік холдингінің сиыр желатині бойынша әлемдік нарықтағы үлесі – 6%. Салмақты инвестор саналады.
Мұның сыртында Eczacıbaşı Holding геологиялық барлау жүргізіп жатыр. MFA Maske – медициналық және респираторлық бетперделер шығарады. Tiryaki Holding – агроөнеркәсіп тауарларын өндірмек. YDA Group құрылыс материалдарын, медициналық жабдықтар мен жиһаз жасайды. TAV Havalimanlari Holding Алматы қаласының халықаралық әуежайында жаңа халықаралық терминалдың құрылысын жүргізіп жатыр.
Panelsan сэндвич панельдерді жасайды. Kayatürk Group сауда орталығын салды. Koç Holdıng агроөнеркәсіп өнімдерін өндірумен айналысады. Isıklar қағаз өнімдерін шығаруы тиіс. Çalık Holdıng геологиялық барлау және агроөнімдерді өндіруге ниетті. Goknur Gida компаниясы жеміс-көкөніс өнімдерін дайындайды деп күтілуде.
Түрік алпауыты Atabay Kımya Sanayı Ve Tıcaret AS Қазақстанда фармацевтикалық өнімдер өндіруге кірісетінін шетелдік БАҚ та жазды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, Atabay және Nobel атты екі түрік компаниясымен келісімге қол жеткізілді.
«Atabay Алматыда фармзауыт салуды жоспарлап отыр. Инвестицияның алдын ала көлемі – 10 млн доллар. Бұл Еуропада да өте танымал фармкомпания. Бүгінде 20-дан астам дәрілік препаратын халықаралық тіркеуден өткізген. Ол әртүрлі препараттар шығарады, оған суық тиюге, қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектер, антибиотиктер кіреді», – деді А.Ғиният.
Nobel компаниясы 50 млн доллардан астам инвестиция салып, Қазақстанда фармзауыт тұрғызбақ. Ол клиникалық зерттеулер жүргізуді, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмек, антибиотиктер және қабынуға қарсы өзге де препараттарды жасауды мақсат етіп отыр. Атап өтер жайт, Президент Қ.Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапары аясында екі елдің үкіметтері арасында денсаулық сақтау және медицина саласындағы ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қойылды. ДСМ дерегінше, бұл Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге және ынтымақтастықтың бірлескен жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Халықаралық дәліз халықтар ауқатын арттырады
Қазақ-түрік ықпалдастығы бірлескен кәсіпорындармен шектелмейді. Украинадағы жағдайдан кейін Ресей жерімен жүк тасымалдау шектелді. Ал Қазақстан үлкен теңіздерге шыға алмайды, құрлықта қысылған. Сондықтан Ресейді айналып өтетін халықаралық дәліздер қарастырыла бастады. Оның бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағдары. Бұл бағыт бойынша жүк тасымалы 6 есеге артпақ.
«Биыл контейнерлік тасымалдар 2021 жылға қарағанда 2 есе ұлғайып, 50 мың жиырма футтық баламаға дейін жетеді деп жоспарланған. Сонымен қатар 2022 жылы тасымалдың жалпы көлемі 6 есеге – 3,2 миллион тоннаға дейін өседі. Бұл ретте 2022 жылдың 4 айында Транскаспий халықаралық көлік маршрутімен 733 мың тонна жүк тасымалданды. Бұл – 5 мыңнан астам вагон немесе 10 мың контейнер діттеген жеріне жеткізілді деген сөз», – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы.
Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) Қытайдан бастау алып, Қазақстан аумағы және Каспий теңізінің акваториясы арқылы Әзербайжанға, Грузияға, Түркияға, сондай-ақ Қара теңіз арқылы Еуропа елдеріне дейін барады. «ТХКБ» қауымдастығына 20 компания мүше: теміржол әкімшіліктері, порттар, 8 елдің кеме қатынасы және логистикалық компаниялары кіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемде және айналада қалыптасып жатқан жаңа геосаяси ахуалға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағдарының рөлі күрт артты.
– Транскаспий дәлізіне Құрық теңіз айлағы қосылған соң Қорғастан Ыстанбұлға жүк тасымалдау уақыты 5 есеге қысқарды. Бұрын 60 күн жүретін жүк қазір небәрі 13 тәулікте жетеді. Біз мұнайды Қытай мен Еуропаға экспорттау жолдарын әртараптандыруды қолға алдық. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бастадық. Мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұмысы басталды, – деді Президент.
Түркия да қазақ мұнайын ірі көлемде тұтынушы елдердің бірі: шамамен екі миллиард долларға «қара алтынымызды» алады. Қазақстандық мұнайшылар үшін Түркия – сегізінші, ал Азияда – екінші ірі нарық.
Туысқан қос елдің ынтымақтастығы – өзге елдер үшін көрнекті үлгі. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан мен Түркия – Еуразия құрлығының, түркі әлемінің қос қанаты. Қазақстан түркі әлемі үшін шығысқа, ал Түркия батысқа жол ашатын қақпа саналады. Ендеше екі мемлекеттің экономикалық, инвестициялық байланыстарының нығаюынан өзге елдер тек ұтады.