Қазақстанның энергетика секторы үлкен дағдарыста тұр. Өйткені елдегі энергия өндіруші нысандардың 75 пайызы, электр тарату желілерінің 80 пайызы тозған. Ал жылумен жабдықтау ісі таза шығынға батқан. Сонда, бір кездері электр энергиясы профицит болған, тіпті оның едәуір бөлігін сыртқа экспорттайтын елден, енді энергия тапшылығына ұрынатындай халге қалай жеттік?! Әсіресе, жылу торабында қалыптасқан ахуал жағаңды ұстатады. Желіде таратылатын энергияның үштен бірі ұшты-күйлі жоғалады. Ондағы апаттың жиілігі 1 шақырым құбырдың ұзындығына шаққанда жылына 1-ден 5-ке дейін, тіпті кей өңірлерде 10-ға дейін жетеді. Еуропада оның көрсеткіші 0,1-ден аспайды. Ал электр желілеріндегі орташа шығын 14 пайыз, кейбір өңірлерде ол 18 пайыздан асады. Тағы да салыстыра кетсек, Германия мен Жапонияда оның көрсеткіші – 4-5 пайыздың төңірегінде. 2014 жылы бес жылдық «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы қабылданып, ол 2015-2019 жылдар аралығында бюджеттен субсидия және халықаралық ұйымдар арқылы қаржыландырылып келді. Бағдарлама аясында жылу желісін жыл сайын 2-4 пайызға жаңартып отыру жоспарланған. Ол бойынша жылына 300 шақырым жылу құбырын ауыстыру көзделген. Бірақ бұл көлем энергетикалық секторды жаңғырту үшін жеткіліксіз болды, ол тек жүйені біржолата тозып кетуден ғана сақтай алды. Сарапшылардың айтуынша, жыл сайын 750 шақырым торап ауыстырғанның өзінде жылу жүйесін тек 2030 жылға қарай толықтай жаңартып шығуға болады екен. Алайда бұл бағдарлама 2019 жылы тоқтап қалды. Тіпті, жалпы ел экспортының 60 пайызын беріп отырған газ-мұнайға бай Батыс Қазақстан аймағында электр торабы шаруашылығы 80 пайызға тозып біткен. Ол өнеркәсіптік өлкені энергиямен толық қамтамасыз ете алмай, жалпы өнім өндірісін төмендетеді, ал бұл айналып келгенде тұтас қазақ экономикасының құлдырауына соқтыруы мүмкін. Бұдан бөлек, жарықтың жиі сөнуі халықтың онсыз да жұқарып жүрген жүйкесіне ши жүгіртетінін де естен шығармаған дұрыс. Негізгі құралдардың тозығы жеткен Қазақстанда 37 жылу-электр орталығы (ЖЭО) бар: оның жекеменшіктің қолындағысы – 22, мемлекет қарамағындағысы – 15. Бұлардың ішінде 28 ЖЭО жарты ғасырдан бері қолданыста болған, қалған 9 ЖЭО-ның пайдаланылып жүргеніне де 30 жылдан асыпты. Тұтастай алғанда, ЖЭО негізгі жабдықтарының 66 пайызының тозығы жеткен. Ал Орал, Тараз, Кентау, Қызылорда және Степногорск қалаларында ол 80 пайыздан асып кеткен. Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының құрметті энергетигі Жақып Хайрушевтің айтуынша, елімізде 2009-2016 жылдар аралығында шекті тариф бағдарламасы енгізілген кезде салаға құйылған инвестиция көлемі 5 есеге артып, 700 миллиард теңге болған. Осы ақшаға энергетиктер қолданыстағы 5000 МВт-ты жетілдіріп, қосымша 1700 МВт электр қуатын өндіріске қосқан. Шекті тариф бағдарламасы аяқталғаннан кейін энергетиктердің тарифі тоқтап қалды және 12 пайыздық рентабельдік жойылды. Өкінішке қарай, 2016 жылдан бастап күні бүгінге дейін энергетиктердің инвестициялық бағдарламасы саланы жетілдірумен емес, негізінен қолданыстағы қуатты азайтпай ұстап тұрумен ғана шектеледі. «Энергетика нысандары әдетте табиғи монополия субъектісіне жататыны белгілі. Олардың табысы антимонополия ведомствосы бекіткен тарифтік сметаға байланысты. Ал бұл сметалардың басым көпшілігі шығынды, яғни жаңадан нысан салмақ түгілі қолданыстағысына күрделі жөндеу жасаудың өзіне ақша табу қиын»,– дейді Жақып Хайрушев. Сарапшы бұл саланың оңалып кетуі үшін тарифтік саясатты жетілдіру керек деп санайды. Ал бүгінгі қолданыстағы тарифті шектеу саясаты электр желісі құралдардың да, жылумеханикалық жабдықтардың да тозуына ұрындырған. Кейбір нысандар толықтай ескірген. Айталық, жақында Кентау ЖЭО-5-ке барған ҚР Энергетика министрлігінің қызметкерлері «тарифтің өндірістік және энергия таратуға кететін шығындарды жаба алмауына байланысты жыл сайын жылу беру маусымына даярлау үшін Кентау жылу-электр орталығына бюджеттен қаржы бөлетіні» туралы қорытынды шығарды. Мұндай мысал басқа өңірлерде де жеткілікті. Мәселен, Ақтау қаласындағы 82 пайыз тозығы жеткен жылу торабына жөндеу жүргізу үшін республикалық бюджеттен 194 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Орал ЖЭО-ын жаңғырту және жетілдіру үшін қазынадан көп мөлшерде қаржы жұмсау жоспарланған. Қызылжар ЖЭО-2 басындағы ахуал да осы. Бұл фактілер Қазақстанда электр энергетикасының тарифі экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін, ол субъектілердің шығындарын өтей алмайтынын және нысандарға жөндеу жүргізуге мұрша бермейтінін көрсетеді. «Мүмкін стратегиялық энергетиканы «Самұрық-Энерго» АҚ аясында шоғырландырған дұрыс болар, өйткені бұл саланы модернизациялау мен жаңартуға оның негізгі компаниясының ақшасы жеткілікті. Мысалы, «Самұрық-Энерго» АҚ Алматы ЖЭО-2-ны құны 300 млрд теңгеге бағаланған жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр»,– деді сарапшы. Электр энергиясы тапшы Сондай-ақ энергетиктер қала құрылысының қарқынына ілесе алмай келе жатқанын және жаңадан өнеркәсіп кәсіпорындарын іске қосуға қуаты жетпей жатқанын да ескере кеткен жөн. Қазір жұмыс істеп тұрған ЖЭО барлығы совет заманында бой көтерген, Тәуелсіздік кезеңінде бірде-бір ЖЭО салынған жоқ. Ал жаңа жылу орталығын салу үшін кемінде 5 жыл уақыт керек, сөйте тұра елімізде энергия тапшылығы қазірдің өзінде жан алқымнан алып тұр. Кейінгі жылдарға дейін жекелеген жайттарды айтпағанда, Қазақстан электр энергиясын ешқайдан импорттаған жоқ, қайта Өзбекстан, Қырғыз Республикасы сияқты көрші мемлекеттерге өзі экспорттайтын. 1 млрд киловатт/сағат электр энергиясына дейін импорттайтын. Ол ақшаға шаққанда 25 миллион доллар шамасында. Ал енді өзімізге Ресейден 400 млн киловатт-сағат электр энергиясын импорттау мұқтаждығы туып отыр. Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, Қазақстан Ресей Федерациясынан электр энергиясын кВт/сағ-ын 25 теңгеге сатып алуға келіскен, ол желі бойымен тұтынушыға жеткенше әр кВт/сағ 30 теңгеге айналады. «Электр энергиясының тапшылығы неден болды, Тәуелсіздіктің 30 жылында неге бірде-бір ЖЭО салынбады» деген сауалды Энергетика министрлігінің Электр энергиясын дамыту департаментінің директорының міндетін атқарушы Асылжан Мусинге қойғанымызда, ол: «Қазақстанда кейінгі жылдарға дейін электр энергиясының жетіспеушілігі болған жоқ, біз оның артығын сыртқа экспорттап келдік. Жаңа ЖЭО-ын салудың ешқандай қажеттілігі болмады. Ондай қажеттілік енді ғана туындады. Ал қазіргі электр энергиясының тапшылығына бәрінен бұрын жасырын майнингтің шамадан тыс артып кетуі кесірін тигізіп отыр»,– деді Асылжан Мусин. Электр энергетика саласын дамытудың маңызына былтыр Мемлекет басшысы да назар аудартқан болатын. – Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазір электр энергиясы саласы үлкен көлемдегі инвестицияға мұқтаж. Мамандардың айтуынша, энергияны өндіруші секторды жаңарту үшін шамамен $30 млрд қажет, одан бөлек энергия тиімділікті арттыруға қосымша тағы $4 млрд керек. Сондай-ақ тиімді тариф бекітілсе, оны кейін субсидиялау үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінбес еді. Ал бюджеттің бұл ақшасын әлеуметтік салаға жұмсап, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер мен балабақшалар салынса, ол анағұрлым дұрыс болар еді. Өйткені республикалық бюджет онсыз да дұрыс жиналмай жатыр, ал Ұлттық қор жылдан-жылға сарқылып барады, сондықтан энергетика саласын дамытуды қазынаның қаржысына қаратпай, нарықтық механизмге сүйенгеніміз жөн болар-ау.