Алматы облысының аумағында дертке дауа, жанға шипа болатын емдік қасиеті мол су көздері баршылық. Заманында ғарышкерлер ұшу сапарларынан оралғанда, шипалы суынан жандарына қуат алған алыстағы Алакөл көлдер жүйесіндегі Жалаңашкөлді айтпағанда, Жаркент өңірінде, Талдықорғанның маңайында, Қарадала аймағында, Қапал төңірегінде мұндай емдік қасиетті мол арасан сулары баршылық. Соның бірі әрі бірегейі кезінде атағы шартарапты шарлап, алыс-жақыннан дертіне дауа іздегендер сабылған, іргетасы 1847 жылы қаланып, содан бері мүмкіндігінше халықтың денсаулығын нығайтуға қызмет көрсетіп келген «Қапал-Арасан» шипажайының жұмысы тоқтағалы оншақты жыл болды.
Заманында қазақтың біртуар тұлғаларының талайы осы емдеу орнында денсаулығын түзетіп, шабытты шығармашылықпен айналысқанын, елдік, мемлекеттік мәселелер жөнінде ақылдасқанын жақсы білеміз. Бұл жерде Шоқан Уәлиханов, Ілияс Жансүгіров және Дінмұхамед Қонаев сынды қазақты зиялылары демалып, ем-дом қабылдаған. Қонаев атамыз мүмкіндігіне сай жылына бір рет болса да осы шипажайға ат басын бұрып, жергілікті жұртпен жүздесіп, ем алып қайтқанын көзімен көргендер әлі күнге жыр қылып айтады.
1997 жылы еліміздегі бірнеше облыстар мен бірқатар аудандар тарқатылып, көршілес жатқан әкімшілік басқару аумақтарына қосылғанда, сол кездегі Талдықорған облысының Ақсу ауданымен біріктірілген, өз бетінше шетін жатқан шекаралы аймақтағы көрікті де тарихты Қапал ауданында орналасқан Арасан ауылының атауы айтып тұрғандай, қойнауы шипалы суға тұнған, көркі көз тартатын жерге орналасқан берекелі әрі мерекелі елді мекен болған. Қазір басынан бағы тайып, бір кездегі атақ-даңқынан айырылып, адамдар саны азайып, бірегей шипажайы тұралаған сұрқай тірлікті, көңілсіз ауылға айналды. «Қапал-Арасан» шипажайының шалқыған тірлігі де сол кезден бастап тоқыраған еді, ақыры араға жылдар салып барып, мүлде тоқтады. Жылдар бойы жекешеленді, майлы, сайлы кезінде пысықайлардың қитұрқы әрекеті кесірінен қолдан-қолға өтті. Ақыры қараусыз қалып, қирай бастады. Осылайша ғасырлар тезіне шыдаған, кейінгі он шақты жылда қараусыз қалған демалыс орнының бүгінгі жағдайы жүрек ауыртады. Егер, тез арада қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбаса, мүлде айырылып қаларымыз анық.
«Шипажайдың жұмысы қайнап жатқан кездері мұнда түрлі ресми шаралар мен салтанатты жиындар да ұйымдастырылатын. КСРО кезінде бұл санаторий одақтағы ең үздік бес емдеу-сауықтыру орнының қатарында болыпты. Өз елімізді айтпағанда, сол кездердегі одақтас республикалардан да дертіне дауа іздегендер емделетін еді», – дейді арасандық ақсақал Қанат Қалымбеков.
Бүгінде сексенге келген қария балаларының қасына Талдықорғанға келгенімен, бірер күннен соң Арасанын аңсап, ауылға тартып отырады.
«Қапал - Арасан» бальнеоклиматикалық шипажайлар қатарына жатады. Теңіз деңгейінен 900 метр биіктікте, Талдықорған қаласынан 110 шақырым қашықтықта, таулы аймақта орналасқан. Жалпы, Қапал өңірі, оның ішінде шипажай қоныстанған Арасан ауылы орналасқан өңір табиғи минералды суларға және денсаулыққа пайдалы микроэлементтерге аса бай. Көбінесе иммунитеті әлсіреген, жүрек, асқазан аурулары бар жандар осында келіп шипа тауып жататын.
Жер астынан атқылап шығып жатқан минеральды су 35-45 градус жылылықты көрсетеді. Қазір жанға шипа, дертке дауа болған шипажайдың қараусыз қалған ғимараттары қаңғыбастардың мекені, айналасындағы бау-бақ қараусыз малдың жайылатын жеріне айналған. Ал шипалы суын кім көрінген өз қалауларынша пайдаланады. Сол жердегі тұрғындардың айтуына қарағанда, мұнда кірлерін шайып, кілемдерін жуатындар да бар. Соған сай адамдардың денсаулығын түзетуге таптырмайтын шипалы су бүгінде тұрмыстық деңгейде ғана қолданылуда деп тұжырымдауға болады. 180 жылдық тарихы бар «Қапал-Арасанның» бүгінгі жағдайы кімді болсын алаңдатпай қоймайды.
Осыдан біраз бұрын облыс әкімі Ақсу ауданы жұртшылығымен жүздескенде, тұрғындар таласа көлденең тартқан мәселелер қатарында «Қапал-Арасан» шипажайына қатысты жағдай да көтерілді. Бұған дейін де бұрынғы әкімдердің, ел аралауға құмар сенаторлар мен мәжілісмендердің назарына мың мәрте ұсынылып, шешуін таппаған, дені дұрыс жауап та қайтарылмаған мәселені Бозымбаевтың шешуіне қатысты үміт те аз. Оның себебі жергілікті халық құрғақ уәдеден, шығарып салма жауаптан әбден түңілген. Сонда да соқыр үміттің жетегіне еріп, шеше алады-ау дегендерге арыз-армандарын айтып қалуға асығады.
Алматы облысының әкімі жұртты мұқият тыңдағаннан кейін: «Қапал-Арасан» шипажайының жұмысын қайта қалпына келтіру керек. ХІХ ғасырда ашылған, содан бері елге қызмет еткен емдеу орнының атағы алысқа таралғанын жақсы білеміз. Өкінішке қарай, шипжайдың бүгінгі жағдайы барлығымыздың жанымызға батады. Аудан әкімдігі тез арада шипажай орналасқан аумақты сатып алған компанияның басшылығымен байланыс орнатып, ғимараттарды қалпына келтіруге, емдеу ісін жолға қоюға мүмкін болған қолдаулардың барлығын көрсетсін. Қажет болса, инвестиция тарту және тағы басқа да мүмкіндіктердің жолдарын қарастырыңдар. Қалай болғанда да, халықтың қалауы орындалуға тиісті», – деп қасында жүрген орынбасары мен аудан басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді.
Оның айтқанының орындалу, орындалмауына уақыт төреші...