Министр vs Құдайбергенов
Министр vs Құдайбергенов
387
оқылды
Биылғы жазда Қазақстанда зейнетақы реформасы басталады. Көп сынға іліккен жинақтаушы зейнетақы жүйесінің шынында кемшілігі көп екені байқалып тұр. Сондықтан мемлекет бірер жылдан кейін кепілдендірілген ынтымақты зейнетақыға қайта оралуы мүмкін.  

Мазақ етіп жатқан сияқты...

Елімізде 2028 жылы кепілден­ді­ріл­ген ынтымақты зейнетақы түрі тө­лене бастайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жүйесін жаң­ғырту бойынша ұсыныстар топтамасы түзілгенін хабарлады. Оған зейнетақы жүйесінің ынтымақты бөлігін қайта қалпына келтіру жөніндегі ұсыныс кір­ді. Себебі алда зейнетке шығатын аза­маттар тек Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорындағы жинақтарына қа­рап қалмақ. Қор өз қызметкерлерін жұрт жи­нағынан миллиондап жалақы, бонус, сый­ақымен жарылқағаны бол­­ма­са, болашақ зейнетақыны есел­еп арт­­­тыра алмады. Жүйе сенімді ақта­ма­­­ға­нын Үкіметке мойындауға тура келуде. – Қазақстанда кеңес кезінен қол­данылған ынтымақты зейнетақы жүйесі түгесілуге таяу. Мемлекет бе­­ретін зейнетақы 1998 жылғы 1 қаң­тарға дейін жұмыс өтілі бар адамдарға ғана төленеді. Бүгінде 1956-1957 жыл­­­дары дүниеге келген азаматтар зей­­неткерлікке шығып жатыр, ал олар­­дың ынтымақты жүйеде талап еті­­летін толық жұмыс өтілі жоқ. Тиісін­ше, ендігі зейнеткерлер үшін бірін­ші орынға жинақтаушы зейнет­ақы жүйе­сі шығады. Алайда ол қазіргі күйін­де ынтымақты жүйеден босап қала­тын олқы тұсты толтыруға мүлдем қабі­лет­сіз! – деп сынады министр. Сол себепті сегіз жылдан ке­йін ынтымақты жүйені басқаша форматта «қайта тірілту» қарас­ты­рылып отыр. Әйтпесе, осынша уақыттан кейін тек БЖЗҚ-ның тиын-тебеніне тәуелді болатын қа­зақстандық зейнеткерлер әлем­­дегі ең жағдайы төмен жандарға айналып шыға келуі ғажап емес. Мысалы, зейнеткер Сапарбек Сыдықов екі зейнетақы алаты­нын айтады: «Біріншісінде – ынтымақты жүйеден 107 мың теңге аламын, ал жинақтаушы зейнетақы қо­ры­нан бар-жоғы 27 000 теңге қосы­ла­ды. Маған 107 000 теңге жеткі­лікті. Ол болмаса, БЖЗҚ беретін мардымсыз қаржы түкке де жа­рамас еді. Мазақ етіп жат­қан сияқ­ты», – дейді ол. Министр Б.Нұрымбетов мем­лекеттің базалық зейнета­қысы түйткілді мәселені шеш­пейтінін жеткізді: 10 жылдан кем жұмыс өтілі бар қазақстан­дық­тарға күнкөріс шегінің 54%-ы көлемінде ғана базалық зейнета­қы төленеді. Ал бұл – бар-жоғы 16 мың теңге. Оған БЖЗҚ бірер мың қосса, зейнеткердің ахуалы аянышты сипат алады. Мемлекет кепілдендірілген ынтымақты төлемді жұмыс іс­тей­тін азаматтардан жиналатын алым есебінен төлемек. Онда «2 жұ­мысшы бір зейнеткерді асы­райды» дейтін бұрынғы формула қайта күшіне енеді. Егер билік пен халық мұны қаламаса, басқа ба­лама бар: елдегі жалақы өсуі тиіс. Сонда БЖЗҚ-ға да молырақ жар­на аударылады. – Жалақыны көтеруіміз ке­рек. Қазақстанда ең төменгі жа­лақы – 42 мың теңге. Өте аз. Бү­кіл әлемде Кейтц индексі қол­­данылады, ол ең төменгі жалақы мен орташа жалақының ара-қатысын білді­реді. Осы көр­сеткіш 46-50%-дан кем түс­пеуі қажет. Орташа жалақы 224 мың теңгеге жетсе, ең төменгі жалақы 72 мың теңге болуы тиіс. Үкімет бұл бағытта әрекет жа­са­мақ, – деді министр Б.Нұрымбетов. Тағы бір түйткіл сол, жұмыс істейтін қазақстандықтың бар­лы­ғы бірдей БЖЗҚ-ға жарна ау­дар­майды. Яғни, бұл жүйеге қа­тыс­пай­ды. Келесі бір бөлігі жар­наны үздіксіз емес, ара-тұра ғана енгізеді. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрінің дере­гінше, қазіргі кезде еңбек ететін 8,7 миллион қазақстандықтың арасынан тек 6,5 миллионы ғана БЖЗҚ-ға жылына ең құрығанда бір рет жарна төлейді. Мұның сыртында Қазақ­станда 100 мыңға жуық кәсіпо­рын 2,7 мил­лиард теңге көлемін­де зей­не­тақы жарнасы бойынша берешек.    width=

Ұлт саулығы, әлде БЖЗҚ байлығы ма?

БЖЗҚ-дан қайыр болмаған соң азаматтар ондағы жинақтың бір бөлігін оқу, емделу, үй алу се­кілді басқа мақсаттарға жұмсау жөніндегі Президент Қ.Тоқаев­тың бастамасын қуана қарсы алды. Қазақстандықтардың ше­шілмеген проблемалары бастан асады, олар ай сайын мәжбүрлі түр­де «тәр­кіленетін» 10 пайыз та­бысы БЖЗҚ басшыларын ғана байытып, бос жатқанына шағым­данады. Бұл қаражат халықтың әл-ауқатын көтеруге үлкен ық­пал ете алады. «Анам Рахима 2018 жылы ­зей­неткерлікке шықты. Сонда БЖЗҚ-да 2 млн 200 мың шама­сын­да қаражаты болды. Одан ке­лер пайда шамалы. Сол қа­ражатын анамның денсаулығын жақсартуға жұмсау үшін алғымыз келеді. Ра­хима Батырқызы қал­қанша бе­зінің қатерлі ісігіне душар бол­ды. Үкіметтен оның жинақтау қо­рындағы қаражатын соған беруді өтінеміз», – дейді қызы Ләззат. Ал Әлия Мұстафиева ми­нистрге жазған хатында зейнета­қы жинағын баспана мәселесін шешуге шығындауға рұқсат етуді сұрады. «Президент тапсырмасы бо­йынша зейнетақы жинағын пай­далану мәселесі қарастырылып жатқанын білемін. БЖЗҚ-дағы есепшотымда 6 млн теңгеден астам қаржы жиналған. Яғни, 7-20-25 бағдарламасына қатысуға мүмкіндік бар: зейнетақылық жарналарым 20% бастапқы жар­наны өтеуге жетеді. Төл баспанам жоқ, Алматыда пәтер қымбат. Әйелдер қорда 9,6 млн теңге жи­наса, тек содан асқанын ғана алуына рұқсат деген жаңалықты оқыдым. Дәл қазір зейнетке шық­қалы отырған жоқпыз. Жас әйел­дерді олай кемсітудің қажеті қан­ша? Бұл тұрғын үй құрылысы бағ­дарламасына да серпін бере­ді», – дейді ол. Ал үй болмай, адам­да күй болмайтыны мәлім. Вице-премьер Бердібек Са­парбаевтың айтуынша, «жеткі­ліктілік сомасы» (сумма доста­точности) аталатын межені тө­мендету пысықталу үстінде. «Президентке ұсыныстар ен­гіздік, ол құптады. Біздің мін­детіміз – зейнеткерлікке шыға­тын азаматқа қалыпты өмір жағ­дайларын қамтамасыз ету. Осы мақсатта актуарлық есеп­теме жасалды. Қазақстандық­тардың орташа өмір сүру ұзақ­тығы – 73 жыл. 2025 жылға қарай оны 75 жас­қа дейін ұлғайту мін­деті қо­йылды. Есебіміз бойынша зейнеткер атанғасын азаматта­рымыз орташа алғанда, тағы 15-тен 25 жылға дейін өмір сү­реді. Зейнетақы жинақтарының жеткі­ліктілік сомасы – 10-12 млн теңге. Бұл соманы азайту нұсқасы да қарастырылуда», – деді вице-премьер. Бүгінде болашақ зейнетақы тек зейнеткердің өз жинағы мен мемлекеттің төлемінен ғана құ­ралады. «Атамекен» палата­сы­ның және кәсіпкерлердің қы­сымымен Үкімет жұмыс беру­ші­лерді өз қызметкері үшін 5 пайыз жарна аударудан 3 жылға бо­сатты. Болашақта олар да осы жү­йеге тартылса, қазақстан­дықтардың зейнетақысы артпақ. Вице-премьер Б.Сапарбаев басқаратын Зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар кешенін әзірлеу жөнін­дегі жұмыс тобы зейнеткерлік жасына жеткен адамдарға қор­дағы жинағының жартысын алу­ға рұқсат ету жайын да пысық­тауда. Ал экономист Олжас Құдай­бергенов осы топтан шығатынын мәлімдеді және Б.Нұрымбетовтің отставкаға кетуін талап етті. Ол «министр біліксіз шешім ұсын­ды» дейді. Біріншіден, салымшы­лар­дың тек 1%-ына жинағын пай­­далануға рұқсат етілмек. Ал ол адам­дар онсыз да ауқатты, бас­панаға мұқтаж емес. Екін­шіден, жұмыс тобы зейнетақы жинақ­тарының сақталуына мем­лекеттік кепілдікті жоюды ұсын­ған. «Аза­маттар зейнетақы жүйесіне онсыз да сенбейді, енді мемкепілдікті алып тастаса, бұл адамдар сенімін түпкілікті құр­тады. Бұдан тек зейнетақы актив­терін жауапсыз басқаратындар ұтады», – дейді экономист. Дамыған елдерде адам өз жинағын тегіс алып қоямын десе де, өз еркі. Мысалы, АҚШ-та ең ірі банктер Lehman Brothers пен Merrill Lync банкрот болғанда, қаншама америкалық зейнет­кердің активі күйіп кетті. Бірақ ол үшін мемлекет өтемақы жа­самады. Өйткені болашақ зей­нетақысын әр адам өз бетінше басқарса, демек оның жойылып кетуіне де өзі жауапты. Жалпы, ішкі саясаты қатаң АҚШ және Еуропа елдеріне қа­рағанда, Қазақстан – әлдеқайда әлеуметтік бағдарланған мем­лекет. Ендеше алдағы зейнетақы рефор­масы барысында барлық тараптың көңілінен шығар қа­дамдар қолға алынады деген үміт мол.   Айхан ШӘРІП