Көненің көзі, мыңжылдықтың куәсі
Көненің көзі, мыңжылдықтың куәсі
645
оқылды
Елордадағы Nur Alem болашақ энергиясы музейінде көне тарихымыздың куәсі болар «Жауһар жәдігер» атты көрме ұйымдастырылды. Өскелең ұрпаққа өнеге болар шараның өтуіне «AMANAT» партиясы мен QazExpoCongress ұлттық компаниясы мұрындық болды. Өйткені тарихты терең тануға септігін тигізетін осындай игі істер жас ұрпақтың бойындағы патриоттық рухты оятып, өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттырары хақ. Көрмеге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Әдемі-Ай» ұлттық кәдесыйлар компаниясының директоры, «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Бахаргүл Төлегеннің 20 жылдан бері жинаған қазақ халқының көне қолданбалы антикварлық бұйымдары қойылды. «Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – ұмыт қалып бара жатқан ата-бабамыздың көне, бай мұрасын жинап, жаңа буынға, жас ұрпаққа таныстыру, аманаттау. Бұл жерде мәдени құндылығы аса жоғары, бірнеше ғасырлық тарихы бар 1 000-нан астам жәдігер қойылған. Олардың барлығы Орталық Азия және қазақ халқының сирек кездесетін бағалы қолөнер бұйымдары. Көрмеде біздің ғасырымызға дейінгі I-III ғасырлардағы Кушан патша­лығының археологиялық артефактілері мен VI-ХII ғасырларға жататын тарихи құнды дүниелері кездеседі», – дейді коллекционер-этнограф Бахаргүл Төлеген. Айтуынша, 2011 жылы Алматы қаласында ашылған «Әдемі-ай» өнер музейіндегі қазақ халқы­ның антикварлық қолданбалы бұйымдарын елорда тұрғындары мен қонақтары өз қаласында тамашалау үшін тамаша мүмкіндік туып отыр. Nur Alem болашақ энергиясы музейінің көрме залында көздің жауын алар жауһар жәдігерлер бірнеше күн тұрады. Сонымен бірге келушілер назарына коллекционердің төрт атасынан бері келе жатқан отбасылық жәдігерлері де қойылған. Көрмедегі ең құнды заттардың ең көнесі 1-3 ғасырдағы тарихы мың жыл болған Кушан патшалығындағы айналымға айналған теңгелер. Одан кейінгісі 5-6 ғасырдағы түркі қимақ дәуіріндегі найза, жебе, айбалта пышақ, аң аулайтын бес қаруы бар. «Құны қымбат тұратын ұлттық қолөнер бұйымдарын шамам келгенше сатып алдым. Кейбіреулерін айырбасқа алдым. Мысалы, жәдігердің бірін құны күмістен де қымбат тұратын алтыныммен айырбастап алдым. Мен оларды сатпаймын, тек сатып аламын. Себебі мен үшін жәдігерімнің барлығы мен үшін өте құнды. XVIII-XIX ғасырдағы күміс әшекей бұйымдардың барлығы алтынмен апталып, күміспен қапталған. Барлығында асыл тастар қондырылып, маржан моншақтармен көмкерілген. Көрмеде қазақ халқының құдағи жүзіктері мен топсалы білезіктері, белдік, сырға мен жүзіктің бір-біріне ұқсамайтын әрқайсысының жүзден аса түрі бар», – дейді Бахаргүл Төлеген. ұлттық киім Ұқсамайтын деуінің сыры да сонда, тарихи әшекей бұйымдардың көшірмесін жасауға соңғы технологияның да көмегі тимейді екен. Мәселен, былтыр коллек­ционер әшекейлердің бірқатарын Қытай мен Түркиядағы ең үлкен зауыттарындағы зергерлер қайталап жасай алмаған. Кейбір түрлері ғана заманауи үлгіде жасалғанымен, құнды жәдігердің қалыбын қайталау қиынға соққан. «Былтыр қызымды ұзатқан кезде Этнографиялық эрмитражда тұрған сәукеленің түпнұсқасы негізінде сәукеле тіктірдім. Құны 500 байтал тұратын сол сәукелені көрмеден көруге болады. Сәуке­ле­де өзім жинастырған 5 келі таза күміс пен лағыл, маржан секілді 3 келі тас көмкерілді. Сол тойда өзім де этнографиялық қасаба киіп шықтым. Оны да көрмеге қойдық», – дейді Бахаргүл Төлеген. Іс-шараны ашқан QazExpoCongress ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Еркімбаев сан ғасырдан бергі тарихымыздан сыр шертетін құнды жәдігерлерді елорда төріне алып келгені үшін алғыс білдіріп, төл мәде­ниетімізді танытуға сеп болатын көрме көбейе берсе деген тілегін білдірді. «AMANAT» партиясы атынан құттықтау сөз алған Коммуникация және анализ департаментінің директоры Мұхамеджан Болысбек ұлттық құндылықты ұрпақ бойында сіңіртуге қосқан шараның қоғам үшін маңызын атап өтті. «Сіздің бүгінгі көрмеңіз баршамызды қуантып отыр. Бастаған ісіңіз жалғасын тауып, сәттілікке ұлассын. Себебі көне бұйымдар – көзбен көріп, қолмен ұстайтын тарих. Сөзінің соңын «Мәдениет пен өнер саласы үшін серпіліс беретін сан ғасырлық тарих өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз», – деді Мұхамеджан Болысбек.