Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған республикалық штаб мүшелері Дархан Мыңбайдың, Құдайберген Ержанның, Қайнар Абасовтың және Сырым Ертаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары жалғасып жатыр.
Түлкібас ауданы Мичурин ауылдық округіне барған штаб мүшелері аудандағы шаруалармен және кәсіпкерлермен кездесті. Жиында жалпыхалықтық референдумды өткізудің алғышарттарын, ұсынылған реформалардың ерекшеліктерін, демократиялық түрленудің маңызын халыққа қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді.
– Ықпалды Парламент халықпен жақындасудан басталады. Біз халықтың айтып отырған проблемаларын ортаға шығаруымыз керек. Бүгін халықпен етене сөйлесіп, 5 маусымда өтетін референдум мәселесін пікірлесуге келдік. Жалпы облыста халықпен кездесу барысында көтерілген бірнеше мәселелерді ерекше атап өтуге болады. Соның ішінде әйелдердің зейнет жасын қысқарту мәселесі барлық жерде көтеріліп жатыр. Бұдан бөлек жайылым жер тапшылығы, өнеркәсіп орындарын ашу, субсидия алу, агро банк құру төңірегінде ұсыныстар айтылды. Жалпы, бұл референдум – шын мәнінде әділетті Қазақстан құру жөніндегі саяси реформаларды жүзеге асырудың алғышарты, – деді Дархан Мыңбай.
Кездесуде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Солардың бірі Түлкібас кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тоғысбаев ұсынысын халық қалаулыларына жеткізіп, жаңа өзгерістерге оң көзқарас танытып отырғанын білдірді.
«Осыған дейінгі қолданыстағы Заңдағы 98 баптың 33-не өзгеріс енгізу жөніндегі мәтіндермен түгел танысып шықтым. Әрине, өте құптарлық мәселе. Себебі біз болашақта Жаңа Қазақстан үшін әділдік, ашықтық, демократиялық реформаларды қолдауымыз керек. Ол үшін алда болатын бүкілхалықтық референдумға барлық азаматтарды, әсіресе жастардың қатысуын сұраймын, – деді ауыл ақсақалы.