Қоқыс полигондарының жыры таусылар емес
Қоқыс полигондарының жыры таусылар емес
© коллаж: Әсел Балтақызы
1,235
оқылды
Былтырдан бері күні бүгінге дейін «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты 72 шағым түсті. Арыздың көпшілігі Қа­ра­ғанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары мен Алматы қа­ласына тиесілі. Олардың басым бөлігі қоғамдық қабылдаулардың өңірлерде өткізген кездесуі кезінде айтылды. Өтініш-тілектердің 90 пайызы елді мекендердегі заңсыз күл­төкпелерді жоюға, оның тасымалдау құнын арзандатуға байланысты болды. Сондай-ақ күлтөкпелерді заңдастыру жөнінде де түрлі қиындықтар туындаған. Полигон ісі партияның бақылауында – Бұл мәселеге қатысты бір­неше түйткіл бар. Біріншіден, күл­төкпені рәсімдету құны тым қымбат. Қатты тұрмыстық қал­дықтар жинақтау полигонын ашу үшін бизнесмен қомақты қаржы төлеуге мәжбүр болады екен. Ол туралы облыстарды аралап, көш­пелі кездесулер өткізгенімізде көп адамдардың шағымын естідік. Жергілікті жерлердегі атқарушы билік осы іспен айналысуға рұқсат беретін сертификаттың құнын қаншаға бағалап отырғанын қазір тексертіп, сондай-ақ полигон ашу үшін тағы қандай күрделі талаптар қоятынын анықтап жатырмыз, – деді «AMANAT» партиясының Рес­публикалық қоғамдық қа­был­дау басшысының орынбасары Азамат Дулатұлы. Естуімізше, жергілікті әкім­дік­тер полигон ашу үшін бір жапырақ сертификат қағазының құнын 40 миллион теңгеге бағалайтын кө­рінеді. Бұл цифрды қайдан алғаны, қандай өлшемдер бойынша жа­сағаны белгісіз. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау ісін бизнеске бергеннің өзінде жеке кәсіпкер­лердің оны үйден тасымалдауға арналған көліктері жетіспейді. Әсіресе, ауылдық, аудандық дең­гейдегі елді мекендерде арнайы көлік тапшылығы өте үлкен. Шал­ғайдағы елді мекендерде ма­шина түгілі, тіпті заңдастырылған күл­төкпенің өзі жоқ. Мысалы, Ақмо­ла облысында 158 полигон бол­са, оның заң бойынша рәсімдел­ге­ні – 28 ғана. Одан бөлек, қоқыс жинайтын орындарды орнату құны қымбат. Жеке кәсіпкерлер онымен шұ­ғыл­дану үшін Үкіметтен субсидия сұ­рап отыр. Бірақ мемлекет ол үшін де­меу­қаржы бермейді. Сон­дықтан қоқыс жинау ісімен ай­налысуға құлшынып тұрған кәсіп­кер жоқ. Оны айтасыз, тіпті көп­қабатты үй­лердің алдына кон­тей­нер орнату құ­ны да өте қымбат. Мұндай жағ­дайда жұмыс істеу кәсіпкерге тиімсіз. – Біз қатты тұрмыстық қал­дықтар жинау ісіне қатысты бар­лық мәселелерді жинақтап, ми­нистрлікке хат жазып жібердік. Енді олардың ресми жауабын күтіп отырмыз. Оған қоса өз ұсыныс­тарымызды да жеткіздік. Қазір біз­де партия жанынан ашылған қоғамдық кеңестер жұмыс істейді, оның ішінде экологиялық мәсе­лелермен айналысатын кеңес бар. Оны Парламент Мәжілісінің де­путаты Аманжан Жамалов мырза басқарады. Енді осы экологиялық кеңесте тиісті министрлік өкіл­дерін шақырып, полигон мәсе­лесін көтеріп, олардың жауабын тыңдамақпыз, – деп Азамат Ду­латұлы алдағы жоспарын айтты. «AMANAT» партиясының Рес­публикалық қоғамдық қабылдау басшысы орынбасарының ай­туын­ша, егер министрліктің жауа­бы көңілден шықпаса, немесе қор­даланған мәселені шешуге пәр­мені жетпесе, партия мүше­ле­рінің, жергілікті жерлердегі бел­сенділердің, сондай-ақ күлтөкпе мәселесімен көптен бері айналы­сып жүрген адамдардың бәрінің басын қосып, өз ұсыныстарын жол­дамақшы. Өңірлерде шешімін күткен экологиялық мәселе көп Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан экологиялық пробле­малардың біріне айналған тұр­мыстық қатты қалдықтар мәселесі әсіресе Ақмола облысында ушы­ғып тұр. Облыс аумағында поли­гон­дардың тек 18 пайызы ғана заң аясында жұмыс істейді, ал қал­ғандары ресми ресімделмеген. Қо­қыс полигонының жағдайына на­разы тұрғындар «AMANAT» пар­тиясының Республикалық қо­ғамдық қабылдауына да келіп, әл­денеше рет арызданған. Мы­са­лы, Көкшетау қаласының ірге­сіндегі Красный Яр елді мекенінің тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының пайдалану мерзімі 2020 жылы аяқталған. Сөйте тұра, ол жерге қоқыс төгу әлі де жал­ғасып жатыр. Мұнда қаланың тұрмыстық қат­ты қалдықтары бірнеше жыл­дан бері төгіліп келеді. Полигон­ның аумағы шағын, бар болғаны 9 гектар. Ол тез толып, жақын маң­дағы елді мекендердің тұрғын­дарына қолайсыздық туғызады. – Қоқыс бүкіл аумақ пен жа­йылымға желмен ұшып таралып, одан шығатын жағымсыз иіс елдің мазасын қашырып отыр. Мұндай жағдайда өмір сүру мүмкін емес. Ауру-сырқау, қарт адамдар көп. Кейбіреулерінің созылмалы ауруы бар. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығына зиян тигізіп тұр. Полигон мәселесі қашан шеші­леді? – деп шағымданды кент тұр­ғындары. Ақмола облыстық Табиғи ре­сурстар және табиғатты пайда­ла­нуды реттеу басқармасы басшы­сының орынбасары Болат Төкішев полигонның рұқсат беру құжат­тарының мерзімі мен жобалық қуаты тексерілгенін айтты. – Жұмыс істеп тұрған поли­гон­ды одан әрі пайдалану туралы мәселе Көкшетау қаласы әкім­дігінің бақылауында. Бүгінде оның жайы пысықталып жатыр. Эко­логия департаменті үйіліп жатқан қалдықтардың бір бөлігін сұ­рып­тап, өңдеуге жіберуді ұсынып отыр. Содан соң босаған жерде қалдықтарды қабылдау мерзімін екі жылға ұзарту көзделген,– деді Болат Төкішев. Қазір Көкшетау қаласынан қалдықтарды шығару үшін Зеренді ауданындағы Қонысбай ауылдық округінде жаңа полигон салу жо­басы әзірленіп жатқан көрінеді. Облыстық басқарма ол жерде қо­қыстарды сұрыптау пунктін ашуды да жоспарлап қойған. Көкшетау қалалық мәсли­ха­тының депутаты, «AMANAT» пар­тиясының жанындағы экология­лық мәселелер жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Мариям Әбішеваның айтуынша, қоқыс мәселесі барлық өңірлерде де өзек­ті. Сондықтан оны тұтас рес­публика деңгейінде шешу керек деп санайды. Ал Ақмола облы­сы­ның қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына қатысты былай деді: – Ақмола облыстық Табиғи ре­сурстар және табиғатты пайда­лануды реттеу басқармасы қазір жаңадан полигон ашу үшін құ­жаттар әзірлеп жатыр. Бірақ бұл шаруа өте ауқымды қаржыны қа­жет етеді. Сондықтан оған бюд­жеттен ақша бөліне ме, жоқ па, ол жөнінде де әзірге нақты айтуға ер­те. Сондай-ақ жаңадан ашы­ла­тын жеті полигон облыс аумағында қордаланған қоқыс мәселесін түгел шешіп бере алмайды. Өйт­кені әр елді мекеннің өзінде тұрмыстық қалдықтарды төгетін өз қоқыс полигондары, сондай-ақ сұрыптау цехтары болуы керек, – деп санайды Мариям Әбішева. Ал Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтуынша, қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін облыс әкімдігі салалық министрліктермен бірлесіп, өңірдің экологиялық мәселесін 2024 жылға дейін кешенді шешудің жол картасын әзірлеп бекіткен. Осыған орай, экологиялық жағ­дайды жақсарту үшін атмосфераға шығарылатын зиянды заттарды тазалау және төмендету бойынша қазіргі заманғы технологияларды енгізу, газификациялау, қатты-тұрмыстық қалдықтардың 7 жаңа полигонын салу, Щучинск-Бу­рабай курорттық аймағының көл­дерін тазалау, 5 электрстанса салу және тағы басқа да жобалар қа­растырылған. Әкім қатты-тұрмыстық қал­дық­тардың жеті жаңа полигоны Щу­чинск, Ақкөл, Қорғалжын, Ар­шалы, Қосшы, Коянды және Зе­ренді өңірлерінде орналаса­ты­нын жеткізді. Сонымен қатар Көкшетау қаласында қоқысты сұрыптайтын жаңа полигон салу бойынша жоба әзірленген. Дегенмен бұл жоспардың қан­шалықты сәтті іске аса қоятыны белгісіз. Себебі Қосшыда полигон ашатын қолайлы орын табылмай тұр. Ал Тайтөбеде заңсыз жұмыс істеп тұрған қоқыс полигоны жа­былғаны, жергілікті билік елді мекеннің қоқысын қайда таси­тынын білмей дал. Тайтөбеліктер оны елордадағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын за­уыт­қа өткізбекші болған, бірақ әзірге бұл іс тек келіссөз күйінде қалып отыр. Басында оны астанаға та­сымалдауға елорда әкімдігі рұқсат бермей қойған, қазір енді барлық келіссөздерге қол жеткізілгенімен, қоқысты елді мекеннен тасы­мал­дайтын компания табылмай тұр.
СӨЗ СОҢЫ. Әлемде жыл сайын 2 миллиард тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Дүниежүзілік банктің есебінше, 2050 жылға қарай әлем­дегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 70 пайызға өсіп, 3,4 млрд тоннаға жетеді. Яғни, келешекте Жер пла­нетасы үлкен қоқыс полигонына айналуы мүмкін. Бірқатар дамушы елдерде қалдықты бөліп жинау мәдениеті әлі қалыптаспаған. Өкі­нішке қарай, оның қатарында Қа­зақстан да бар. Республика аума­ғында көп жылдан бері қордаланған қоқыстың мөлшері 160 миллион тоннадан асты және ол жыл сайын 6 миллион тоннаға көбейіп отырады. Бүгінде қоқыс мәселесі еліміз үшін аса күрделі мәселелердің біріне айналды. Ресми дерек бойынша, республикада соңғы жылдары 1,5 мың заңсыз қатты тұрмыстық қал­дықтар полигоны жойылған екен. Алайда әлі 6 мың заңсыз қоқыс полигоны қалған. Ал рұқсат етілген 3,5 мың полигонның тек 17,7 па­йызы ғана экологиялық және са­нитарлық талаптарға сай. Басқа­лары токсиндер бөліп, топырақты, ауаны, суды аяусыз ластап жатыр. Ол адам денсаулығына да орасан зор қауіп төндіріп жатыр.