Ауыл тұрғыны үш жастағы қызды өрттен құтқарып қалды
Ауыл тұрғыны үш жастағы қызды өрттен құтқарып қалды
449
оқылды
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Бидайық аулының маңындағы «69-РЗД» елді мекенінің 20 жастағы тұрғыны 3 жастағы қыз баланы тілсіз жаудың тырнағынан құтқарып қалды. Көршісінің кішкентай қызы Айарудың жанұшыра шырқыраған даусын естіген жас жігіт өрттің жалаңдаған жалынына қарамастан жанып жатқан қорадан бүлдіршінді сыртқа алып шықты. Бұл туралы «Ortalyq Qazaqstan»  сайты жазды. – Қою түтіні қолқаны атқан өрт кезінде көршімнің қыз баласы қорыққаннан қозғала алмай, бір бұрышта отырып қалған екен. Ойланып тұруға уақыт қайда, отқа оранып жатқан қораға кіріп кеттім де, баланы сыртқа алып шықтым. Қайғылы жағдайдың алдын алуыма жұмыс орынында қауіпсіздік ережесін, өрт қауіпсіздігі туралы оқып-үйренгенімнің пайдасы тиді, – дейді жүрек жұтқан жігіт. Өрт сөндірушілер жеткенше қораны лаулаған өрт құшағына алып үлгерген. «2022 жылы 18 мамырда «Бидайық» ауылының «69-РЗД» елді мекеніндегі қоралардың бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама сағат 16.39-да келіп түсті. Өрт салдарынан адам шығыны орын алған жоқ. Бұған басты себепкер – құтқарушы жігіт» делінген ресми ақпаратта. Ай мен күннің аманында айтпай келген апаттан үш жастағы бүлдіршінді аман алып қалған Ағыбай Мақсұтұлы теміржол бойындағы «69 –РЗД» мекемесінде электромонтер болып жұмыс істейді.

Қарағанды облысы