Гүл сыйлауға болады
Гүл сыйлауға болады
508
оқылды
Биыл 170 мыңнан аса түлек мектеп бітіреді. Олардың ішінде 8 139 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Жалпы, биыл елімізде 3,5 миллионнан аса оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. Жыл сайын оқу бітірушілердің мектеп ұжымына немесе жекелеген ұстаздарға сыйлық жасауы қоғамда резонанс тудырып, азаматтардың бір тобы, соның ішінде көптеген ата-ана тарапынан наразылық тудыратыны рас. Өйткені мұндай дәстүрді жеке мәселесін шешіп алу үшін пайдаланатындар бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Екінші жағынан өздерінің құрметі мен қимастық сезімін «алтын ұя мектебіне» осылай білдіргісі келетін түлектерді де түсінуге болады. Ал ол сыйлықтардың ажырамас атрибуты – гүл сыйлау. Бұл мәселе биыл да көтеріліп, бұл сұраққа Білім және ғылым министрлігі жауап берді. «Жыл сайын 1 қыркүйек немесе 25 мамыр қарсаңында қоғамда «Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма және бұл заңбұзушылық болып саналмай ма?» деген сұрақ туындайды. Біздің ұстанымымыз – иә, болады! Бұл – жақсы дәстүр», – деп хабарлайды БҒМ баспасөз қызметі. Әйтсе де, мектеп бітіру кешін білім беру ұйымы өзі ұйымдастырып, өткізуі керегі айтылды. Бұл кеште кейбір шараларға рұқсат етілмейді. Мәселен, аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін ақылы жеке студияларды тартуға, мерекелік дастар­қандар жаюға, жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала (аудан) бойынша экскурсиялар өткізуге, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар алу үшін қаражат жинауға, ойын-сауық мекемелерінде бітіру кештерін ұйымдастыруға болмайды.