Халықпен санасудың жарқын мысалы
Халықпен санасудың жарқын мысалы
373
оқылды
Әне-міне дегенше таяп қалған маусымның бесінші жұл­ды­зындағы маңызды күн елдің болашағына оң өзгерістер әкелуі тиіс. Саяси салмақты сәт осы күні бұқара халықтың үмітін үдете түсті. Жалпы, «референдум бізге не береді?» дейтін заңды сауал­ға жауап табу үшін әлемдік тәжірибені айналып өту мүмкін емес. Осы тұста біз де осыған дейін жалпыхалықтық референдум ұйым­дастырған өзге елдердің өткенін шолып көрдік. Конституцияға өзгертулер мен тү­­зетулер енгізу мәселесі бойынша әлем­­дік тәжірибеге үңілер болсақ, көп­­теген демократиялық елді ұшы­ра­­тамыз. Соның бірі – Швейцария. Тіп­­ті, бұл елде кез келген қоғамға ор­тақ мәселеде халықтың пікірі мен ұс­танымын референдум арқылы анық­­тайды. Соңғы 170 жылда бұл ел­де 600-ден астам референдум өткен екен. Қазірдің өзінде осы елдің аза­мат­­тары әр тоқсан сайын аймақтық және ұлттық деңгейдегі сан түрлі мә­селе бойынша ылғи референдум ұйым­дастырып отырады. Әскерден бас тарту жағы бола ма, темекі өнім­дері жарнамасын шектеу мәселесі бо­ла ма, бәрі халықтың қалауымен, көп­тің тілегімен шешімін табады. Бұ­дан бөлек, жергілікті тұрғындар заң­дар мен Конституцияға қатысты тү­зетулерге де тікелей араласуға құ­қылы. Ол үшін белгілі бір мерзім ішін­де кемі 100 мың адамның қолы жи­налуы тиіс. Осының арқасында Үкі­мет пен шенеуніктердің, жалпы би­ліктің жұмысы үнемі азаматтардың бақылауында тұрады. Негізі, әлем елдерінің көбінде мем­лекет ішіндегі түйткіл дауысқа салу арқылы шешіледі. Азаматтар бір мәселеге қатысты билікке наразылық көр­сетсе, артынша референдум ұйым­дастырылады. Мәселен, Чили елін­де де биыл қыркүйектің төртінде бү­кілхалықтық референдум өтпек. Ел азаматтары жаңа Ата Заңды қа­был­дау бойынша өз таңдауын жа­сай­ды. Бұған себепкер болған 1980 жылы қа­былданған Конституциядан бас тар­ту мақсатында өткен 2019 жылғы кө­теріліс. Бұл кезеңде халық тең­сіздікке қарсылық көрсетіп, кө­ше­ге шыққан еді. Міне, ақыры сол на­­разылық референдумға түрткі бол­ды. Сондықтан референдум өткізу көп мемлекетке таңсық дүние емес. Ал кей адамдар демократияның оша­ғы санайтын Францияда рефе­рен­думның екі түрі бар. Біріншісі, ұлт­тық деңгейдегі. Министрлер ка­би­нетінің немесе Парламенттің ұсы­ны­сы бойынша, болмаса пре­зиден­ті­нің бастамасы бойынша заңна­ма­лық референдум үлгісі онда 1958 жыл­дан бастап бар. Екіншісі, жер­гі­лікті деңгейдегі. 2003 жылдан бастап ен­г­ізілген жергілікті референдум үлгісі белгілі бір аймақтарға арналған. Яғни, бір аймақтың жұртына ғана ор­тақ шешімін таппаған дүние болса, жұрт­шылық дауысқа салады. Рефе­рен­дум ауқымы біршама үлкен. Ба­тыс елдері кейде өз одақтас елдерін де дауысқа салу арқылы таңдап жа­та­ды. Сондай-ақ референдум әділ жол­ды нұсқайтын амал екенін, сол се­бепті жаһанда да кең таралғанын осы­ған дейін Қазақстан мәсли­хат­тары депутаттарының республикалық қо­ғамдық бірлестігінің төрағасы Тө­леу­бек Мұқашев те айтқан болатын. «­Қазір әлемдегі дамыған озық мем­лекеттің барлығының саяси жүйе­сі – демократиялық жүйе. Се­бе­бі де­мок­ратиялық жүйе эконо­ми­калық бос­тандыққа жол ашады. Бұл – әлем­дік тәжірибе, әлемдік үрдіс. Егер біз әлемдік бәсекеге қабілетті дамыған елдерден артта қалғымыз келмесе, шын мәнінде демократиялық жүйеге көшуіміз керек. Алдағы консти­ту­ция­лық реформа туралы бүкіл­ха­лықтық референдум мемлекеттің бо­лашағына әсер ететін бұдан да жар­қын келешектің іргетасын қалай­тын аса маңызды күн» деген еді. Сөзді түйіндер болсақ, елімізде өт­келі жатқан референдум жаңа заң­намалық өзгерістердің бастауы бол­мақ. Сондықтан әр азамат өзінің таң­­дау еркінде жатқан жауапкерші­лі­гін сезінсе керек.