Мың зияткер күй шертті
Мың зияткер күй шертті
821
оқылды
Кеше елордада физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мың оқушысы бір мезетте бірнеше күй орындады. Іс-шара оқу жылының соңында «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен Гиннесс рекордтар кітабына енді. Сабақты қосымша білім беру пе­да­гогы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқта­ған өткізді. Оқушылар «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды танымал күйлер­дің шығу тарихын баяндап, аталған туындыларды күмбірлете орындады. Мың баланың бір мезетте қатар шерт­кен күйі астананы сиқырлы сазға бөлеп, ұлттық өнеріміздің құдіретін тағы бір мәрте паш етті. – Оқушылар не істесе де шын көңілімен істейді. Бүгінгі сабақ балалардың ұлттық өнерімізге деген сүйіспеншілігін дәлелдеді. Зияткер­лер физика, математика бағытын тереңдетіп оқыса да, өнерден құр алақан емес. Қаны да, жаны да қазақ болған соң балалар домбыраны тез меңгеріп алады. Өзге елдер тарихи аспаптарын насихаттап, әлемге көрсетіп жатады. Ал біз домбыраны әлі де дұрыс насихаттай алмай жүрміз. Сондықтан бүгінгі жиын қазақ өнерін әлемге танытуға арналды, – деді Айтжан Тоқтаған. Жалпы, ел астанасындағы физи­ка-математика бағытындағы НЗМ-де домбыра сабағы 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Айтжан Тоқта­ғановтың жетекшілігімен құрылған мектепішілік «Жігер» ансамблі көптеген республикалық және халықаралық музыкалық байқау­лардың жеңімпазы. Олар АҚШ-тың атақты Гарвард пен Бостон универ­ситеттерінің, Массачусетс техно­логиялық институтының сахна­ларында өнер көрсетті. Ал Гиннес рекордтар кітабына енуге өтінімді былтыр желтоқсан айында берген. Нәтижесінде барлық шарттарды сақтай отырып өткізілген күй кешін 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалады. Әрбір 50 қатысушыны бір тәуелсіз стюард бақылап, зияткер­лердің шын мәнінде домбыра шертіп отырғанына көз жеткізді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың айтуын­ша, домбыра үйрену балаларға кедер­гісін келтірмейді, керісінше жақсы жағынан әсер етіп жатыр. Шығар­машылыққа жақын баланың жан дүниесі де таза болады, қоғаммен байланысын сезеді. – Біздің негізгі мақсатымыз балаларға ұлттық тәрбие беріп, ұлтжанды азамат тәрбиелеу. Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің барлық баласы домбыра ойнайды. Оқушылар жас болса да қазақтың домбырасын дүниежүзіне танытып жатыр. Бұл үлкен өнерге әр баланың қосқан кішкентай ғана үлесі, – деді Күләш Шәмшидинова. Бүгінде қасиетті домбыра аспабы Назарбаев зияткерлік мектептерінің төл символына айналып кеткен. Еліміздегі барлық НЗМ-ге домбыра пәнінің элективті курстары енгізіліп, оның аясында Құрманғазы Сағыр­байұлы, Тәттімбет Қазан­ғапұлы, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлері­нің тарихы оқытылады. «100 күйдің тарихы» жобасы аясында барлық мектепте домбыра ансам­бльдері мен студиялары жұмыс істейді. – Домбыраны үйренгеніме 3 жыл болды. Күй өнері – қазақтың рухани қазынасының бірі де бірегейі. Маған домбыраның әуені ұнайды. Қазір әншілердің барлығы күйді заманауи стильде өз әндеріне қосып орындап жүр. Бұл менің домбыраға деген қызығушылығымды арттыра түсті, – дейді 9 сынып оқушысы Әділби Есімбаев. Айта кету керек, еліміз бойынша барлық Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу жылы домбыра сабағымен аяқталып жатыр.