Рейдер келді дегенше, бизнес «өлді» десеңші
Рейдер келді дегенше, бизнес «өлді» десеңші
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
559
оқылды
Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қор­ғапты. Бұл тұтас 2021 жылдың көр­сет­кішіне жуық! Осы төбе шашты тік тұрғызар дерек жуырда Ақордада Президенттің отандық бизнес өкіл­дерімен кездесуінде жария етілді. Егер қорғамағанда ше? Онда жүз мың­дай бизнес нысаны жабылып ты­нуы мүмкін еді. Бұл мәлімет Қазақ­стан­да кәсіпкерлерге қандай қысым мен ауыртпалық түсіп жатқанын аң­ғар­­тады. Бизнес омбудсменнің ақпа­ра­тына сенсек, айыппұлмен жазалан­ған бизнесмендердің саны да күрт артты. Құзырлы органдар кәсіпкер­лер табын құртып тынбай ма? Әкімшілік жаза әкіреңдеуге жақсы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтының «ҚР Прези­дентіне жыл сайынғы баяндамасында» ай­тылғандай, республикада әкімшілік жауап­кершілікке тартылған кәсіпкерлердің саны жыл санап өсіп келеді: соңғы 6 жылда жазаланғандар саны 2 есеге ұлғайды. Нақ­тылай кетсек, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тіркелген құқықбұзушылықтар саны 2015 жылы 253 525 іс болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 319 828-ге, 2017 жылы 396 002-ге, 2018 жылы 445 940-қа, 2019 жылы 501 649-ға, ал 2020 жылы 445 504 іске жеткен. Бизнес омбудсмен Рустам Жүрсіновтің байламынша, құзырлы органдардың асыра сілтейтін кезі аз емес. Бұған заңнамадағы ол­қылықтар ықпал етеді. Бизнесмендерге са­лынатын айыппұлдар кәсіпкерлік субъек­­тісінің санатына, жол берген бұзу­шы­лығының қоғамға қаупіне сайма-сай бола бермейді. Айталық, айына 100 мыңдай ғана табыс табатын микрокәсіпкерге одан 1,5-2 есе көп айыппұл салынады. Тағы бір мысал: Әкімшілік кодекстің (ӘҚБтК) «Халықтың санитариялық-эпи­демиологиялық саламаттылығы саласын­дағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигие­налық нормативтерді бұзу» деп аталатын 425-бабының айыппұл санк­циялары 8-13 есеге ұлғайтылыпты. Сөйтіп, мөлшері 230 АЕК-тен 1600 АЕК-ке дейін жетті (2022 жылы 4 млн 900,8 мың теңгеге тең). Бұл түзетулер 2019 жылғы 11 сәуірде, яғни дәл пан­демия қарсаңында қолда­нысқа енгі­зілді. Әрине, коронавирус індеті жаһанды жайпаған шақта халықты қолдау үшін қатаң карантин шараларын қа­бы­лдаудың қа­жеттілігі болды. Соның ішінде жүздеген адам жиып, жасырын той өт­кізген мейрам­хана-тойханалар аяусыз жазаланды. Алайда бұл бап індеттің беті қайтқан шақта тексеруші органдардың кәсіпкер­лерге негізсіз «репрессия» жүргізуіне септесуі ықтимал екен. «Халықтың санитариялық-эпидемио­логиялық салауаттылығы және гигиеналық нормативтер саласындағы тексеру парақта­рында кәсіпкерге қойылатын 1700-ден астам талап бар! Соның ішінде 60-қа жуық гигиеналық норматив белгіленген. Оның талаптарын бұзу Әкімшілік құқықбұзушы­лық кодексінің 425-бабы бойынша жа­залауға соқтырады (1600 АЕК). Онда шикі­зат пен өнімнің қауіпсіздігін куәлан­дыра­тын құжаттардың болмауы сияқты кәсіп­орындар жол беретін өрескел жөнсіз­діктер ескерілген. Бұлай бассыз кеткенді тәртіпке келтіру – жөнді іс. Бірақ кәсіпкер қоқыс жәшігінің қақпағы жоқ болғаны үшін жаза­ға тартылады, өйткені «қатты тұрмыс­тық қалдықтарды жинауға арналған қақпағы бар контейнерлердің болуы» деген талап қарастырылған», – дейді бизнес омбудсмен. Бұл қоғамда теріс резонанс тудырады. Кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің талдауы көрсеткендей, біріншіден, әкімшілік жазаларды белгі­леудің өлшемі жоқ. Екіншіден, айыппұл мөлшерін анықтауда субъективті тәсіл жиі қолданылады. Үшіншіден, құқықбұзушы­лықтар үшін өндіріп алудың салдарлары болжанбайды, бағаланбайды. Соның кесірінен мемлекет айыппұл салу ақыры әлдебір бизнес нысанын жойып тынады. Шабуыл табысты бизнестің түбіне жетеді Ақордадағы жиында Президент Қ.Тоқаев «елімізде ешқандай да қолдаушы тірек пен рейдерлік болмауы керек» деп міндет қойды. Қалай болғанда да, қолында билік би­шігі барлар кәсіпкерлердің ісі өрге басқан, табысы өзендей тасқындаған «майшелпек» бизнесін тартып алудан тайынбайтыны жасырын емес. Бұл кесірлі құбылыспен қатаң күресу қажеттілігін Президент те айтты. «Рейдерлік» ағылшынның raid, яғни шапқыншылық, шабуыл деген сөзінен шыққан: қандай да бір кәсіпорын-ком­панияны оның қожайынының еркінен тыс тартып алуды, басшылықтан аластатуды білдіреді. Осы мақсатта әкімшілік ресурс, күштік құрылымдардың жазалаушы тетік­тері, қолдан жасалған қылмыстық істер, қоқан-лоққы, азаптау қолданылуы мүмкін. Мысалы, Алматыда VITA Industry деген салмақты, өз саласындағы жүйеқұраушы компания болды, 100 ірі компания қата­рына қосылды. KASE дерегінше, бұл – ТМД аумағындағы сояны терең өңдейтін тұңғыш кәсіпорын еді. Жылына 140 мың тонна сояны өңдеумен айналысты. 2007 жылы елде сұйық май тапшылығы бастал­ғанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де сол ықпал еткен екен. Қанатын кең жайып, Ресейде, Қырғыз Республикасында да зауыттарын тұрғызды. Дегенмен 2013 жылы оның негізін қалаушысы және акционері Петр Потапов зауытқа рейдерлік шабуыл жасалып жатқанын мәлімдеді. Ол осы заңсыз тірліктерге нақты кімдердің айыпты екенін де атады, олардың арасында ірі қазақстандық банк бар-тын. П.Потаповтың мәліметінше, Қазақ­стан­ның қаржы полициясы 2009 жылдың қарашасынан 2010 жылғы 11 қаңтарға дейін компанияның барлық есепшотын бұғат­тады. Ол кезде бұл кәсіпкерлерді жазалау­дың таралған тәжірибесі еді. Содан зауыт иесі VITA АҚ ауыр қаржылық жағдайға жетті, зауыт өзге компанияға жалға берілді. Жаңа жалгерлер аренданы төлеуді доғарып, қарызға батқан Потаповты Vita Industry директоры қызметінен кетіруге күш салды. П.Потапов 2012 жылы сот арқылы Vita Industry-ді сауықтыруға қол жеткізеді. Осы кезде оның Vita Industry ЖШС директоры лауазымын тартып алған тұлға реабили­та­ция­лау туралы сотқа өтінімді кері қайтарып алған. Бертінде ақпарат құралдары соттың Vita Industrу-ге сауықтыру рәсімін қолдану туралы ақырғы шешім қабылдағанын жазды. Әйтсе де, қазіргі кезде аталған зауыт соя өңдемейді. 2021 жыл соңында Сарыағаш аудандық соты өз тарихында алғаш рет Қылмыстық кодекстің «Рейдерлiк» атты 249-бабы бойын­­ша қылмыстық істі қарады. Сары­ағаш қаласында 2017 жылы ашылған жеке­меншік мектеп заңсыз иелену объектісі ретінде анықталды. Білім ордасының құ­рыл­тайшы­сы әрі жалғыз иесі әлдекімдердің кеңесімен басшылық, әкімшілік лауазым­дарға бірқатар тұлғаны жалдайды. Дирек­торға мекеменің бүкіл оқу, шаруашылық және қаржылық істерін жүргізуге толық құқық береді. Кәсіп­кер күш-жігері мен уақытын өзге бизнестерін дөңгелентуге бағыттаған. Тергеу барысында және сотта айқындал­ғандай, мектеп директоры мен орынбасары қожайынның жоқтығын пайдаланып, оқу ұйымының меншік иесін толық өзгертіп алған. Мұны заңдастыру үшін олар құрыл­тайшылық жиын өткізіп, онда құрылтайшы­лардың жаңа құрамын бекіту, бұрынғы қожайынды алып тастау, заңды тұлғаны қайта тіркеу туралы шешім қабылдайды. Соттағы талқылау кезінде әлгілердің заңсыз әрекеттері және айыбы толығымен дәлел­денді. Сот екі әйелді де 3 жылға бас бостан­дығынан айырды. Олар тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған рақымшылыққа ілігіп, жазалары 1 жыл 6 айға дейін азай­тылды. Жаңа Қазақстанда рейдерлерге орын жоқ Ақордадағы Президенттің отандық бизнес өкілдерімен кездесуінен кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз қызметінің басты бір басымдығы адал кәсіпкерлерді қорғау болатынын мәлімдеді. «Бизнесті заңсыз араласудан қорғау үшін қосымша шаралар қабылдадық. Агенттік бизнестің мүдделеріне қатысты кез келген тергеу әрекетін қосымша келісу­ді көздейтін алгоритм әзірлеп отыр. Негізсіз тұтқындауға, тінтулерге, негізсіз ақпарат алуға жол бермеу үшін қызметкерлердің іс-әрекеттеріне бақылау қатайтылады», – деп хабардар етті Антикор. Сонымен қатар агенттік қызметкерлері мен «Атамекен» ҰКП өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылады. Топтың негізгі міндеті – ақпаратты жедел алу және бизнестің шағымдары бойынша мәсе­лелерді алқалы түрде қарау болады. Топ тексерулерге қатысты шағымдарды және кәсіпкерлердің басқа меморгандардың сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы өтініштерін қараумен шұғылданады. «Бұл шаралар Мемлекет басшысының бизнесмендермен кездесуінде айтылған тапсырмаларын орындау аясында қабыл­данды. Антикор адал бизнестің жұмысына араласпауы тиіс. Бизнесмендерді басқа мемқұрылымдардың кәсіпкерлік қызметке негізсіз қол сұғуынан да қорғауымыз ке­рек», – деді Антикор төрағасы Олжас Бектенов. Жалпы, төрт жылда Қылмыстық ко­декстің «рейдерлік бабы» бойынша 14 қылмыстық іс қана қозғалыпты. Соның екеуі ғана сотқа жеткен. Заңгерлердің пікі­рінше, дәл осы бап – тәжірибеде дәлелденуі ең қиын қылмыстық құрам. Себебі рей­дерлер бәрін сауатты жасайды, заңсыз әре­кетін көбіне азаматтық-құқықтық мә­міле­мен бүркемелейді. Осыдан біраз бұрын Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы мен «Атамекен» палатасы кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту тәжірибесіне талдау жүргізді. 120 мыңдай қылмыстық іске мониторинг жүргізілген. Экономикалық және коррупциялық сипаттағы 500 іс, 30 мыңнан астам шағым зер­деленген. Оның қорытындысында, Қа­зақстанда кәсіпкерлердің сол баяғыдай құқық қорғау және бақылаушы органдардың негізсіз әрекеттерінен өрбитін қаптаған проблемадан зардап шегіп жатқаны әш­кереленді. Кәсіпкерлердің әрбір бесінші арызы сотқа дейінгі тергеу өндірісі бары­сында түрлі бұзушылық, қысастық пен қиянатқа жол берілетінімен байланысты көрінеді. Атап айтқанда, қылмыстық қу­далау органдары жеткілікті негізсіз бизнес­мендердің кәсіпорнында, үйінде тінту, құжаттарды алып қою шараларына баста­машы болады, кәсіпкерлердің мүлкіне, есепшотына бұғат салып тастайды. Кейінгі төрт жылда экономикалық тер­геулер қызметі қозғаған істердің 2 069-ы немесе 17,3 пайызы ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылған. Бұл ретте кәсіпкер­дің шеккен шығынын мемлекет өтемейді, тіпті ешкім кешірім де сұрамайды. Не құ­қық қорғау органдарында, не сотта әділдік таппай, өзін-өзі өлтірген кәсіпкерлер бар. Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстан десек, мұндай сорақылықтарды енді түпкілікті тыйған абзал.