Солтүстік Қазақстан облысында шу болған жылу шығындарына қатысты даудың нүктесі сотта қойылды. Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты монополист компанияның әрекетін заңсыз деп тапты. Әрі «Севказэнергосбыт» кәсіпорнына жылу шығындары үшін ақша есептеуді доғарып, артық соманы тұтынушыларға қайтаруға міндеттеді. Мәселеге «AMANAT» партиясының облыстық филиалының да араласуына тура келіпті. Былтыр жылыту маусымы басталған кезде петропавлдықтар жылу үшін коммуналдық төлемақының түбіртегіндегі сома 2-3 есе артқанын көріп, көздері шарасынан шыға жаздаған болатын. Кейбіреуінің бір айлық қарызы 40-50 мың теңгеге дейін жеткен еді. Көпшілігінің жылу үшін төлемақысына қарағанда шығын үшін төлейтін сомасы әлдеқайда көп болып шыққан. Мәселен, Сергей Гайворонскийге 43 292 теңге есептелсе, соның 9 590 теңгесі үйіне жылу берілгені үшін болса, 29 160 теңгесі – жылу шығындары үшін қордаланған қарыз, қалғаны комиссия. Осы тектес мысалдар жетерлік. Мұнымен келіспей, талай табалдырықтың есігін тоздырған тұрғындар ақыр аяғында «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жүгініп, әділдікті осы жерден тапты. Монополияға қарсы органның өкілдері, жылу берушілер, жергілікті мәслихаттардың депутаттары, жұртшылық өкілдері, қоғам белсенділері, заңгерлер, адвокаттар және қарапайым тұрғындардың басы қосылған жиында арызданушыларға «Севказэнергосбыт» кәсіпорнын сотқа беру туралы ақыл-кеңес берілген еді. «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры Андрей Калиничев болса, теңгерімдік тиесілілікті бөлу актілерін және құбырлардың оқшауланғанын тексеруге түгендеу жүргізген кезде әртүрлі себеппен деректері биллинг жүйесінде есептеу үшін енгізілмеген бірнеше жүздеген тұтынушы анықталғанын айтып, шамамен 800-ден астам осындай тұтынушыға жылу шығыны есептелгенін айтып түсіндірмек болды. «Мұның барлығы 2014 жылы Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген жылу энергиясын пайдалану қағидаларының 26-тармағына сәйкес жасалды», – деді ол. Директордың түсіндіруінше, шығындар құбырлардың ұзындығы мен диаметріне, қаншалықты қапталып-оралғанына, қандай әдіспен орнатылғанына байланысты екен. Кей жерлерде тиісінше оралмай, жылу сыртқа кетіп жатқан да құбырлар бар. Тұрғындардың ақшасы қайтарыла ма? Бұған дейін «бұл іске араласуға құқығымыз жоқ деп», аса құлық таныта қоймаған Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жағдай әбден ушыққан кезде тұтынушылардың құқығын қорғау үшін Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінді. Іске қатысқан прокурор Табиғи монополияларды реттеу департаментінің талап-арызын толық қанағаттандыру туралы ұйғарым жасаған болатын. Монополияға қарсы ведомство жылу энергиясы шығынын есептеуді жарамсыз деп тануды, есептеулер жүргізуді тоқтатуды және халықпен қайта есеп айырысуды талап етті. Бұл мәселені жан-жақты саралау үшін сот процесіне үшінші тұлға ретінде тұтынушылар, салалық министрлік өкілдері, Петропавл қалалық әкімдігінің, «Петропавл жылу желілері» ЖШС өкілдері, сондай-ақ сарапшылар тартылды. Нәтижесінде, сот облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Атап айтқанда, қолданысы тоқтатылған әдістеме негізінде жүргізілген жылу энергиясымен жабдықтауға 2007 жылғы 31 желтоқсаннан кейін жасалған шарттарға қосымшада көзделген жылу энергиясы ысырабының есептерін жарамсыз деп таныды. Сондай-ақ сот «Севказэнергосбыт» ЖШС-ның тұтынушылардың балансындағы желілер бойынша жылу шығындары үшін есептеулер жүргізу жөніндегі әрекетін де заңсыз деп тапты және 2020-2021 жылдары жылу шығындары үшін есептелген соманы төлеген тұрғындарға бір ай ішінде қайта есептеу жүргізуді және бұдан былай қарай есептеу жұмыстарын тоқтатуды міндеттеді. Сонымен бірге сот Табиғи монополияларды реттеу департаментінің «Севказэнергосбыт» ЖШС-ының тұтынушылармен жасасқан жылу энергиясымен жабдықтау шарттарының талаптарын жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырмады. Онда тұтынушының жылу шығындарын төлеу міндеті көзделген. Бастысы – қыстан қысылмай шығу Бірақ тұрғындар монополист компания ақшасын қайтаратынына сенбей отыр. Себебі биыл көктемде жылу-электр стансасының мұржасы құлағаны белгілі. Қазір оны жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуырда Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов жылу электр орталығының жұмысымен танысып, стансаны қалыпқа келтіру жұмыстарын сапалы әрі жылдам орындау керек екенін тапсырған еді. Сонымен қатар Үкімет басшысы петропавлдықтарды жаз бойы ыстық сумен қамтып, жылуды уақытында беруді міндеттеген еді. Жылу-электр орталығының мұржасы меншік иесінің қаржысы есебінен жөнделетін болып шешілді. Енді тұтынушылар монополист кәсіпорын өз шығынының орнын толтыруға тырысады деген болжам айтып отыр. «Ақшамызды қайтармақ түгіл төлемақы қымбаттады. Жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығынның орнын толтыру керек қой. Қазір бізді ақшадан гөрі мұржаның уақытылы жөнделіп, қыста тиісінше жылу берілгені алаңдатып отыр. Көзді ашып-жұмғанша «кәрі құда» келіп қалады. Сол кезде тағы суық пәтерлерде дірдеңдесек, әсіресе әкімдіктің пәрменімен жекеменшік үйі сүріліп, көпқабатты үйге көшкендер риза бола қоймасы анық», – дейді Алексей Иванов. Тұрғындар кәсіпорын жұмысына қанағаттанып отырған жоқ. Жарықпен қамтуға қатысты да наразылық көп. Айта кетейік, әзірге мұржаны қалпына келтіру жұмыстары әлі басталған жоқ. «СЕВКАЗЭНЕРГО» ЖШС-ының баспасөз хатшысы Лилия Шеринаның хабарлауынша, әлі үйінділер тазартылып жатыр. «Одан соң энергетиктер басты ғимаратты қалпына келтіріп, газ құбырларының құрылысына кіріседі. Қазандық агрегаттарын күрделі жөндеу – стансаны жылыту маусымына дайындау жөніндегі науқанның маңызды бөлігі. Қазандықтардың жылыту беттерін ауыстыру үшін 567 тонна құбыр өнімін сатып алу жоспарланып отыр. №1,3,4,5,6,7,9,10 қазандықтары үшін негізгі өнімді жеткізу 26 мамырдан бастап 10 қыркүйекке дейін кесте бойынша жүргізіледі. №5 қазандық агрегатында қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, № 4,6 және 7 қазандықтары қазір күрделі жөндеуге дайындалып жатыр. Жұмыстарға 400 адам тартылды, жөндеу науқаны қызған шақта олардың саны 750-ге жетеді. Сонымен қатар әлі №1 мұржаның тағдырын анықтайтын ресми сараптама қорытындысын алу керек. Әзірге ресми қорытынды дайын емес, күтіп отырмыз», – деді Лилия Шерина. Қызылжарлықтарды толғандырып отырған мәселе – қайткенде қыстан қысылмай шығу.
Солтүстік Қазақстан облысы