Берік байланыс барлық бағытты қамтиды
Берік байланыс барлық бағытты қамтиды
651
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Бішкекке барды. Алатаудың ар жағындағы ағайындар Қазақстан Президентін сән-салтанатпен, құрмет-қошеметпен қарсы алды. Қырғыз Президентінің «Ала-арча» резиденциясы аумағындағы «Ақ кеме» мәрмәр шатырында ресми қарсы алу іс-шарасы өтті. Құрмет қарауылының бастығы Президенттерге рапорт беріп, қос елдің әнұраны шырқалды. Салтанатты рәсімнен кейін Қ.Тоқаев пен С.Жапаров алдымен оңаша отырып, пікір алмасты. Қазақстан Президенті ресми сапармен келуге шақырғаны үшін қырғыз басшысына ризашылығын біл­дірді. – Бұл сапардың мәні ерекше. Ол елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың одан ары дамуына зор серпін береді. Соның арқасында стратегиялық серік­тестігіміз де нығая түспек. Қырғыз Рес­публикасы – Қазақстанға барлық жағы­нан ең жақын ел! Бұған еш күмәніміз жоқ. Биыл екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толды. Осы кезеңде ынтымақтастық аясы барынша кеңейіп, дос­тығымыз нығайды. Біз барлық дең­гейде өзара сенімге негізделген саяси диа­лог орнаттық. Мемлекетаралық, пар­ламентаралық және үкімет­аралық кеңестеріміз бар. Қазақстан тек Қырғыз елімен осындай тығыз байланыс ор­натқанын ерек­ше атап өткім келеді! – деді Қ.Тоқаев. Бішкек Садыр Жапаров «қазақ-қырғыз – ынтымақ­тастығы жарасқан бауырлас елдер» деді: «Екі ел арасында, тіпті өңір деңгейінде де ешқандай тү­сін­бестік болған емес. Толықтай достық рухта бірге дамып келеді». І Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді Артынша Президенттерге екі елдің ресми делегацияларының өкілдері қосылып, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматтағы жүздесу нәтижесіне көңілі толатынын атап өтіп, қырғыз әріптесінің елімізбен ара­дағы көпжақты серіктестікті тереңдетуге деген ниетін жоғары бағалады. Ол осының алдында С.Жапаровтың Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Нақтылай кетсек, екі ел үкі­меті арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған «Қордай – Ақ жол» өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету және электр энергиясымен алмасу тілге тиек етілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың құбылмалы жағдайындағы ықпалдастықтың жаңа формаларына назар аударды. Өзара экспорттық номенклатураны кеңейту, қазақ-қырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігі, кедендік рәсімдерге цифрлық шешімдерді енгізіп, жақсарту арқылы тауар айналымын ұлғайту мәселелеріне тоқталды. Бұдан бөлек Қ.Тоқаев облыстар арасында кең ауқымды ықпалдастықты жолға қоюды маңызды деп таныды. Қазақстан мен Қырғыз елі арасында І Өңіраралық ынтымақтастық форумы тез арада ұйымдастырылатын болды. Ұқсас форумдар бұрын тек Ресеймен арада өтетін. Мемлекет басшысы өзара тиімді ұсыныстарды зерделеп және перспективті жобалардың тізімін түзіп, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Қырғыз Республикасында гидроэнергетикалық нысанды – «Қамбар ата ГЭС»-ін бірлесіп салу соның бірі болуы мүмкін. Келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері қарастырылды. Мәдени-гуманитарлық байланыстар бауырлас екі халықтың жақындай түсуіне игі үлес қосады. Мемлекет басшысы Бішкек орталығында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу жөніндегі шешімі үшін Садыр Жапаровқа алғыс білдірді. Екі ел президенті келіссөздерден кейін осы монументтің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқанын айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз кезегінде елордада Манасқа ескерткіш қойылатынын хабарлады. жиын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 8 жоғары оқу орны Қырғыз Республикасында өкілдіктерін ашуға ниетті екенін жария етіп, қырғыз студенттері үшін бөлінетін квота саны 50-ге дейін көбейгенін жеткізді. Кездесу аясында қазақ және қырғыз көшбасшыларына «Қарасу», «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінің аумағында «Алатау» индустриалды сауда-логистикалық кешені құрылысының басталғаны туралы бейнесюжет көрсетілді. Бұл нысанның салынуы арадағы делдалдардың санын азайтуға, тұтынушылар үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. 13 келісім бекітілді Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті жандандыруға және халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Мұның сыртында екі ел 13 келісім бекітті. Енді Алматы – Ыстықкөл, Түркістан – Ош, Жамбыл – Талас, Қарағанды – Шу, Ақтөбе – Баткен, Атырау – Жалал-Абад облыстары тығыз ынтымақтастықты жолға қоймақ. Қазақстан «Ақ тілек», «Қарасу» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен инфрақұрылымына инвестиция тартуға ықпал етеді. Екі ел өртпен, қылмыспен бірлесіп күреседі. Келіссөздер қорытындысында қос президент БАҚ үшін брифинг өткізді. – Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Cонымен қатар БАҚ өкілдерімен кездесуде Қазақ­стан Президенті жалпыхалықтық референдумның маңыздылығы турасында сөз қозғады.
«5 маусымда Қазақстанда өте маңызды әрі тарихи іс-ша­ра өткізілмек. Бұл – Конституциямызға өзгерістер ен­гізуге арналған жал­пы­ха­лық­тық референдум. Қазақ халқы өз тарихында­ғы шешуші кезеңге келді деп айтсақ артық болмайды. Жаңа Қазақстан, яғни Екін­ші Республика – бұл шын мә­ніндегі демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен, Парламенттің рөлі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естілетін болады. Мен Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым – бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы күні сауда-логистикалық индустриалық кешеннің іргесі қаланғанына тоқталып, бұл қадам өндірістік байланыстар мен сауда-саттықты жандандыруға жол ашатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстан Қырғыз Республикасының өзгелерден импорттайтын жүздеген тауар түрін қазірдің өзінде ұсына алады. Абай ескерткіші – Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа тауарларды экспорттауға дайынбыз. Бұған Kazexport қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық. Сондай-ақ азаматтардың шекарадан өтуін жеңілдетуге баса назар аудардық. Жүк тасымалы рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтадық. Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Былтыр «Қордай» бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат – шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою, – деді Қ.Тоқаев. Сонымен қатар Қазақстан капиталының қатысуымен Ыстықкөл облысында күн энергиясы стансасын салу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 300 миллион доллар. Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіруді «келесі маңызды бағыт» ретінде атады. Таяуда бірқатар қырғыз депутаттары тарапынан Қазақстанға су жіберуді доғару керек деген ауанда бостекі мәлімдеме жасалғаны есте. Бұл әңгімелерге нүкте қойылғандай. – Біз трансшекаралық су ресурстары ортақ байлық екенін тағы бір мәрте атап көрсеттік. Су тапшылығы мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте тапшы болады. Бұл – анық нәрсе! Ендеше Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек! Қазақстан барлық міндеттемесін толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын, – деді Қ.Тоқаев. Ол мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін екі ел зиялыларының форумын жыл сайын өткізуді ұсынды. Әлемдегі қазіргі елең-алаң заманда екі ел басшысы Орталық Азиядағы ықпалдастықты тереңдету мәселесін талқылап, уағдаласқан. Осы орайда көп ұзатпай, аймақ мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуін өткізуге келісті. Қазақстан Президентінің Қырғызстанға жасаған ресми сапарының бағдарламасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылу рәсіміне қатысуымен аяқталды.