Референдум сізге не береді?
Референдум сізге не береді?
798
оқылды
Халық құптаса, алдағы референдумда қабылдануы тиіс Конституция­лық реформа – мемлекетіміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Бұл сарап­шылардың тұжырымы. Президент бастамашы болып отырған Ата Заңға түзетулер мемлекетіміздің басқару моделін және саяси жү­йесін түбегейлі өзгертпек. Осының арқасында қазіргі «геосаяси дауыл­ға» тап болған аумалы-төкпелі әлемде қазақ елінің қуаттануына, тұ­рақ­тылығының нығаюына, экономикасының өркендеуіне қажетті жағдайлар жасалады. Бірақ бұл өзгерістер қарапайым адамға не береді? Саясаттанушы, Қазақстандық қоғам­дық даму институты басқармасының төра­ғасы Қазбек Майгелдинов референдумнан кейін Жаңа Қазақстанның жаңа ережелері күшіне енетінін жеткізді. «Қазір референдумға дайындық қызды. Парламент депутаттары, сарапшыларымыз аймақтарға шығып, халықпен кездесулер өткізіп жатыр, «AMANAT» партиясы барлық өңірде іс-шаралар ұйымдастыруда. Өйткені мемлекетіміз, ұлтымыз үшін маңызды мәселе күн тәртібіне шығарылып отыр. Елдің және өзінің болашағына бей­жай қарамайтын әрбір азамат референ­думда дауыс беріп, саяси мәдениетін, саяси белсенділігі мен сауаттылығын көр­сеткені жөн», – деді саясаттанушы. Оның байламынша, референдум мен Конституциялық реформа әсіресе, жас­тар үшін маңызды. Жаңа Қазақстанда жас ұрпақ үшін мемлекеттік дамудың ең озық моделі енгізілгелі тұр. Соның арқасында олардың алдынан аға ұрпақ армандап көрмеген ғаламат мүмкіндіктер ашылуы мүмкін. Мемлекетте жасалып жатқан бар­лық жаңғыру жарқын болашаққа, демек жастарға арналады. «Қазақстанда референдум соңғы рет 1995 жылы өткізілді. Сонда дүниеге келген немесе балабақшада, мектепте оқыған балалар қазір ержетіп, алғаш рет дауыс бергелі тұр. Жаңа Қазақстанды құратын да жастар болады. Сондықтан бұл референдум жас қазақстандықтарға да жауапкершілік жүктейді», – деді Қазбек Майгелдинов. «Референдумнан кейін не өзгереді?» дегенге келсек, сарапшының айтуынша, өзгерістер тек орталық деңгейде ғана жүр­мейді, өңірлерді де кеңінен қамтиды, барлық қазақстандыққа қатысты болады. «Ең бастысы, жүйе жаңарып жатыр, ал ескі жүйе жаңашылдықтарды қабылдамауы мүмкін. Сол себепті жаңаруды қалаған азаматтар референдумға келіп, ұстанымын, қолдауын білдіруі керек. Қазақстан елдегі бүкіл маңызды шешімді бір тұлға қабыл­дайтын суперпрезиденттік жүйеден толық бас тартып, «еститін мемлекетке» құрыл­ған жаңа тұрпатты президенттік-парла­менттік жүйеге көшеді. Мәжіліс депутат­тарының 30 пайызын қазақстандықтар партиялық тізім арқылы емес, әр канди­датқа жеке дауыс беріп, тікелей сайлай алады. Ол үмітті ақтамаса, кейін кері ша­қыртып алады. Жергілікті мәслихаттардың маңызы мен рөлі күшейтіледі, облыс әкім­дерін бірнеше кандидат арасынан солар таңдайды. Әкімді де алып тастауға мүмкіндік беріледі. Мұның бәрі облыс басшылығына жергілікті өңірдің қамын ойлайтын азамат, білікті маман келуіне жол ашады», – деді ол. Сарапшылар Конституцияға түзетулер адам құқықтарын қорғауды күшейтеді, демократияландыру процестеріне серпін береді деген сенімде. Мәселен, Консти­туциялық сот құрылады. Бұл кез келген қазақстандықтың өміріне қатысты болады. Қолданыстағы Конституциялық кеңестің кінәраты бар көрінеді, ол біріншіден, заңның Ата Заңға сәйкестігі немесе сәйкеспейтіні жөнінде кеңес береді, соңғы шешімді Президент қабылдайды. Екін­шіден, оған биліктегілердің шектеулі са­наты ғана жүгіне алады. Ал Конститу­циялық сотқа барша азаматтың, сондай-ақ прокуратураның, омбудсменнің жүгінуіне мүмкіндігі болады. Саясаттанушы Ислам Кураевтың пі­кірінше, «Жаңа Қазақстан», «Екінші рес­публика», референдум және басқасы – эксперттік ортаға ғана түсінікті терминдер. Оны қарапайым халық түсінуі үшін олар­дың мазмұнын, елге не игілік әкелетінін түсіндіру керек. «Мысалы, ауылдықтар «бұл маған не береді?» деп сұрайды. Референдум арқылы Ата Заңға енгізілетін 30-дан аса түзету елге жаңа мүмкіндіктер әкеледі. Бір қарағанда, осының өзі жаман емес. Сонымен бірге біздің қоғамда депутат болуды арман­дайтындар көп қой?! Ендеше 5 маусымда келіп, дауыс беріңіз, сонда осындай мүмкіндікке ие боласыз! Өйткені елде Мәжілісті қалыптастырудың мажори­тарлы-пропорционалды аралас жүйесі енгізіледі. Депутаттық мандаттардың 30 пайызы бір мандатты округтерге беріледі, яғни кез келген адам депутаттыққа өзін-өзі ұсына алады. Осының өзі Қазақстанды алда біраз өзгеріске түсіреді, саясат сах­насындағы бәсекелестік қызады. Саясатқа жүйрік халық біраз қызыққа қарық бо­лады», – деді И.Кураев. Оның пайымдауынша, ел күткен на­ғыз өзгерістер референдумнан кейін бас­тал­­мақ. Референдум соны легитимді етеді, халықтың қаншалықты қолдайтынын көр­сетеді. Ары қарай конституциялық өз­герістерді жүзеге асыру жөніндегі жал­пыұлттық іс-шаралар жоспары іске қо­сылады. Қажетті заңнама түзіледі, Үкімет қаулылары, әкімдер мен мәслихаттар­дың шешімдері қабылданады, тетіктері түзіледі. Жаңа түзетулерге сәйкес, Үкімет өз мойнына жауапкершілік алып, дағдарыста, соғыста, төтенше жағдайда заң күші бар актілер қабылдау құзырына ие болады. Бұл ауыр замандарда экономиканы құрдымға құлаудан құтқаруға, елдің әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға септесуі тиіс. Олай болса, мұның өзі Ата Заңға түзетулердің ел тағдыры үшін маңызын білдіреді. Әйтпесе, «қаралы қаңтар» оқи­ғалары кезінде ескі Үкімет республикадағы ахуалды тұрақтандыру үшін өз мойнына жауапкершілік ала алмады. Саясаттанушы Расул Жұмалы рефе­рендум өте маңызды саяси науқан және жанама емес, «тікелей демократияның» құралы екенін қаперге салды. Осы арқылы билік халықпен санасатынын байқатты. «Соңғы рет елімізде референдум 27 жыл бұрын, 1995 жылы өткізілді. Содан бері халық оның не екенін ұмыта бастады. Бұған дейінгі Ата Заңға өзгерістер депу­таттар арқылы қабылдана салды. Енді азаматтар өзі дауыс беріп, ойын, ықтиярын тікелей білдіру арқылы жаңарған Конс­титуцияның қабылдануына ықпал етеді. Еліміздегі басты бір саяси өзгерістің бірі де осы. Сондықтан кеш те болса осындай игі дәстүрдің оралғаны – өз алдына ма­ңызды дүние. Азаматтардың өз мемле­кетіне, оның болашағына қатысы бар екенін, осы елдің азаматы екенін, билікке ықпал ете алатынын сезінуі болашақтағы барлық игі өзгерістердің бір бастауы болса керек», – деді саясаттанушы. Сарапшы пікірінше, конституциялық түзетулер Жаңа Қазақстанда халықтың тек жергілікті билікке ғана емес, сондай-ақ тікелей Парламентке ықпал етуіне жол ашады. Біріншіден, Мәжіліс депутатта­ры­ның 30 пайызы бір мандатты округтер арқылы сайланады. Яғни, депутат болып сайлану үшін азаматтан қандай да бір партияның мүшесі болуы талап етілмейді. Екіншіден, «императивті мандат» енгізіл­гелі тұр, яғни сайланған депутат міндетті түрде өз сайлаушыларының талап-ті­лектеріне құлақ түруі, соларды орындауы шарт. Әйтпесе, ол талапты бұзса, ел се­німін ақтамаса, ол кері шақырып алынады, мандатынан айырылады, орнына жұрт­шылық сенім артатын басқа кандидат сайланады. Президент Қ.Тоқаев айтқандай, біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшеміз. Бұл сапалы өзгерісті «Екінші республика» деп атауға болады. Ал референдум – осы ұлы бетбұрысқа халықтың ақ батасын алу. Яғни, халқы­мыздың жанына жақын қазақы жо­ралғы. Оған қатысу да әр қазақстандықтың па­рызы болса керек.