«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңында «Референдум халыққа не береді?» тақырыбында жиын өтті. Жиылған топ 5 маусым күні өтетін референдумды талқылады. Жиынға «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев, қалалық мәслихат депутаты, журналист Қали Сәрсенбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы Алтынай Көбеева және бір топ қоғам белсенділері қатысты. Спикерлер алдағы өтетін жалпыхалықтық референдумның маңызы мен тарихи мәні зор екенін атап өтті. Сөз тізгінін алған Мейіржан Отыншиев Конституцияға өзгеріс енгізуге қатысты референдум бірінші рет өткізіліп отырғанын айтып өтті. «Өздеріңіз білесіздер, 1995 жылы референдум арқылы қабылданған Конституциямыз бойынша бұған дейін енгізілген түрлі өзгерістер тек Парламент депутаттарының арасында дауысқа салу арқылы қабылданып келді. Ал осы жолы Президенттің бастамасымен өзгерістер енгізу мәселесі бірінші рет жалпыхалықтық референдумға шығарылып отыр. Сондықтан да бұл саяси қадамның маңызы мен жауапкершілігі әрқайсымыз үшін де өте жоғары. Себебі бұл күні Ата Заңға енетін өзгерістерді халық өзі дауыс беру арқылы қабылдайтын болады», – деді «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы. Алматы мәслихатының депутаты Қали Сәрсенбай: «Мемлекет басшысының бастамасымен Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Сол арқылы саяси, әлеуметтік жағынан көптеген өзгеріс енгізуді алға қойып отырған жайымыз бар. Ол үшін соған сай заңдарымыз да өзгеруі керек. Өзгерістің негізгі үш бағытына ерекше тоқталғым келеді. Біріншісі – суперпрезиденттік жүйеден мықты, ықпалды Парламенті бар жүйеге өту, екіншісі – жергілікті мәслихаттардың құзыретін кеңейту. Үшіншісі, Конституциялық сот жүйесін құру. Сонымен қатар Ата Заңға өзгеріс енгізуді референдум арқылы шешеміз деуіміздің өзі айтарлықтай жақсы өзгерістің басы деп санаймын», – деген пікір білдірді. Ал Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов қолданыстағы Конституцияның 33 бабына референдум арқылы өзгеріс енетінін атап өтті. Мәжілісменнің пікірінше, Жаңа Қазақстан бастамасын іске асыру үшін осы баптарға енгізілетін әрбір өзгерту аса маңызды. Спикерлердің пікірінен кейін жиын соңы сұрақ-жауап алмасуға ұласты. Жиылған топ депутаттарға көкейде жүрген сан сауалын қойып, пікір алмасты.
Алматы