«AMANAT» партиясының алаңында саяси ұйымның хатшысы Э.Жұмағазиевтің, Парламент Мәжілісінің депутаты Е.Смышляеваның, сондай-ақ жауапты мемлекеттік орган өкілдерінің, «Зерде» ҰИХ» АҚ Басқарма төрағасы А.Әбдірәсіловтың, «НИТ» АҚ Басқарма төрағасы Р.Коняшкиннің қатысуымен IT саласын дамытуға қатысты жиын өтті.
Аталған басқосудың осы форматта өткізілуіне ең алдымен еліміздің ІТ қауымдастығының өзі бастамашы болды. Ақпараттық технологияшылар бірқатар проблемалардың қордаланып қалғанын, оны саяси күші бар «AMANAT» партиясымен бірлесіп шешпесе болмайтынын айтып, ұйымның ІТ саласына жауапты Э.Жұмағазиевке шыққан екен. Қауымдастықтың бұл өтінішінің жөні бар: Үкімет негізінен бірыңғай партия мүшелерінен тұрады, Парламент депутаттарының дені, яғни 76-сы осы ұйымнан, сондықтан «AMANAT»-тың аталмыш мәселені шешуге күші мен жігері жетеді.
Жиналысты өткізуші Элдар Жұмағазиев күн тәртібінде тұрған үш мәселені атап өтті. Олар: бәсекелестік нарықта бизнестің қатысуын төмендету; импорт алмастыру және жергілікті әзірлеушілерге қолдау көрсету; жергілікті қызметтер мен өнімді экспортқа шығару.
– Біз комитет құрамындағы 13 қауымдастық өкілдерімен бірігіп, кейінгі 3-4 жылда осы сала бойынша өзекті проблемаларды жинақтап, оның рейтингін жасадық. Бұдан бөлек, жақында нарыққа қатысушылар арасында оларды нақты қандай түйткілдер толғантып жүргенін сұрап, сауалнама жүргіздік. Оған ІТ компаниялардың 220 бірінші басшылары қатысты. Соның нәтижесінде ең көкейкесті деген үш мәселені анықтадық, – деді «Атамекен» ҰКП жанындағы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Болат Башеев.
Біріншісі – мемлекеттік компаниялардың бизнеспен бәсекелестігі. Бұл жайт респонденттердің 58 пайызын алаңдатады екен. Мәселен, әр министрліктің, әр әкімдіктің жанынан ІТ құрылымдар ашылған. О баста олар өздеріне жүктелген міндетті жүзеге асыру үшін қажетті мердігерлерді іздестіріп, жалдаумен айналысатын болды. Сондай-ақ олардың жұмысына бақылау жасайды. Кейін мемлекеттік ІТ-лердің қызмет аясы кеңейіп, олардың өздері де бағдарлама жасақтайтын болды. Сөйтіп бизнеспен бәсекеге түсе бастады. Қазір ІТ нарығының 35-40 пайызын мемлекеттік тапсырыс құрайды. Бизнес қауымдастығы нарықта қалыптасқан осы ахуалды өзгертіп, таза бәсекелестікті дамытуды көздейді.
Бизнесті алаңдатып отырған екінші мәселе – деректер қорының ашықтығы. Сұрау салынғандардың 53 пайызы деректердің жабықтығын айтып шағымданған. Коммерциялық сервистердің көпшілігі несие алу кезінде ақпараттардың жеткілікті болуын қалайды. Бұл негізінен мемлекеттік деректер қорында шоғырланған. Ал оған жеке кәсіпкерлердің қол жеткізуі оңай емес. Тіпті, кейбір мемлекеттік органдар қандай да бір ақпарат беруден үзілді-кесілді бас тартатын көрінеді. Мәселен, Смарт жобаны техникалық тұрғыдан жүзеге асыру үшін 1-2 апта уақыт кететін болса, оның келісу мерзімі кейде жарты жылға дейін созылып кетуі мүмкін.
Үшінші проблема – жергілікті мазмұн. Мемлекеттік органдар сатып алатын бағдарламалық қамтудың 70-80 пайызы шетелдік жасақтамалар. Ал ол отандық өнімге қарағанда әлдеқайда қымбат, тіпті 30 есе қымбат тұруы ықтимал. Бұл бюджет қаржысын орынсыз шығынға соқтыруда. Ал егер ақпараттық технологиялар нарығы шетелдік өніммен емес, жергілікті компаниялармен жұмыс істесе, ол қазынаның қалтасына да ауыр соқпайды әрі қосымша жұмыс орындарын ашуға септігін тигізер еді. Өкінішке қарай, «Атамекен» ҰКПЫ-ның оған ықпал етерлік заңды құзыреті жоқ.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі, жоғарғы заң шығарушы органда ІТ саласына жауапты Екатерина Смышляеваның айтуынша, цифрлық сала әлемдегі ең жаса бағыт болып саналады. Сол себепті заң шығару ісінде цифрлық сала мен ақпараттық технологияларға қатысты ескерілмей жатқан кемшілік-кетіктер аз емес. Оның нақты моделі де қалыптаспаған.
– Қазір бұл салада бүкіл әлем эксперимент жасап жатыр. Әр мемлекет өзінің цифрлық құқын қалыптастыруда. Ал ақпараттандыру мен байланысқа арналған бұрынғы заңдар моралдық тұрғыдан ескірген. Олар бүгінгі күннің сұранысына жауап бере алмайды. Алайда қалай дегенмен де бұл саланың болашағы үлкен. Сол себепті біз ІТ саласын дамыту үшін неғұрлым қолайлы болады-ау деген заңдарды дүниеге әкелуге тиіспіз. Қазір Мәжілісте цифрландыруға қатысты заң жобасы қаралып жатыр,– деді депутат.
Әлі күнге дейін ІТ саласының нормативтік-құқықтық базасы қалыптаспаған. Мамандарды даярлау бойынша жоғары оқу орындары мен нарық арасында байланыс орнатылмаған. Өмір тәжірибесі көрсеткендей, көпшілік жағдайда оқу бітіріп келген түлектерді жұмыс орнында қайтадан даярлауға тура келеді. Сол себепті ІТ саласы қауымдастығының Парламентпен және Білім және ғылым министрлігімен арадағы байланысты күшейткен жөн. Ал «AMANAT» партиясы жоғарыда көтерілген проблеманың оңтайлы шешілуін өз бақылауына алатын болды.