Құқық қорғау органдары жұрттың ақшасын заңсыз тартатын қаржы пирамидаларымен күреске төселіп алды. Олардың тәсілі белгілі, қылмыстық құрамын анықтау жеңіл, схемалары қарабайыр. Ал пирамидалардың желілік-тауарлық маркетинг, тұтыну кооперативтері аталатын түрлері кең қанат жаюда. Олармен күресу әлдеқайда күрделі. Себебі азаматтар жай ғана салым жасамайды, нақты бір тауар не қызмет алады, кейбірінде салым несие түрінде рәсімделеді. Соның салдарынан үстінен қылмыстық іс қозғалған заңсыз ұйымдардың кейбірі жұмысын ары қарай жалғастырған көрінеді.
Мұндай қаржы пирамидаларының қылмысын әшкерелеу қиын екенін мамандар да жасырмайды. Заңда әлдебір затты өз құнынан бірнеше есе қымбатқа сатуға тыйым салынбаған. Мысалы, Incruises тез баюға құмар жұрттың салымын теңіз круиздеріне жолдама түрінде рәсімдеді (кейбір салымшы шынымен шетелге саяхаттап қайтқан), ал Qnet компаниясы дискі, сағат және өзге де тауарларды «сатқан» немесе тауарлық несие түрінде рәсімдеген.
Көрші Ресей бірінші болып, Incruises-ті қаржы пирамидасы деп танып, оның есепшоттарын, сайтын бұғаттап тастады. Ал Қазақстанда оның халықаралық сайты әлі күнге дейін ашылады. Онда қазақ бөлімі бар, одан компанияға қаржы салуға халықты үгіттейтін қазақстандық өкілдерінің арамза қызметін жалғастырып жатқанын байқауға болады.
Сондай-ақ Qnet-тің де ұқсас схемаларды пайдаланатыны әшкереленді. Алматы облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасының дерегінше, аталған компанияның Талдықорғандағы қызметкерлерінің тобы тұрғындарға «қаржылай көмек» беретінін жарнамалаған. Соған сеніп келген адамдармен бірлескен қызмет туралы келісімге отырған, Qnet-тің ОVI club клубтық саяхат картасын сатып алу туралы мәміле бекіткен. Ол адамдар қарызға батқан, одан шығу үшін басқа клиенттерді ертіп келуі тиіс болған. Қызметкерлер тобы үстінен қаржы пирамидасы қызметімен айналысқаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Көпбалалы ана Айнар Теміржанқызы балаларын жалғыз тәрбиелеп келеді. Оның үлкен қызы туабітті мүгедек екен. Былтырғы 24 қыркүйекте ол жолдасы Ақеркенің үгіттеуімен, оны қолдау үшін Алматыдағы «Нұрлы Тау» бизнес орталығында орналасқан Qnet кеңсесіне ере барады.
«Ол жерде қызымның басын айналдырып, бірнеше қызметкері жан-жақтан психологиялық қысым көрсетіп, Каспи банктен тауарлық кредит рәсімдеуге көндіріпті. Нәтижесінде, 953 мың теңге несиеге бір iPhone 12, 5 Huawei смартфоны сатып алынған. Мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысынан басқа табысы жоқ жас қызға банктің қалай несие беруге келіскені белгісіз. Ары қарай «кьюнетшілер» Sulpak-та телефондарды алып, «Студент» ұялы телефондар дүкеніндегі таныс сатушысына апарып, өткізіп жіберген. Одан түскен қаражат қызыма емес, Qnet қызметкері Маржанның есепшотына түскен. Бұған ашуланған қызым кредитті жабу үшін тауарды қайтаруды талап етеді. Қызметкерлер істің мән-жайын кеңседе түсіндіретінін айтқан», – дейді ана.
Кеңседе қызға ақшаны қайтару үшін туыс-туған, дос-жаранды салымшы ретінде тартып, оларға кредит рәсімдету керегін жеткізген. Ол одан бас тартады. Анасы не болғанын біле сала қызын ертіп, полицияға барған. Ішкі істер органы іс қозғаған.
Алаяқтар тұзағына жастар ілігеді
Бүгінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет ресурсындағы «Лицензияланбаған қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімінде» Qnet Ltd қаржы пирамидаларының белгілері бар ұйымға жатқызылған. Тиісінше, оның qnet.com.ru, qnet.net сайттары бұғатталды. Алайда өзге домендердегі сайттары жұмысын жалғастырыпты.
Қызылорда облысында алданған бірнеше тұрғын ішкі істер органдарына заңсыз әрекеттері үшін Qnet компаниясы үстінен шағымданды. «Қызылорда облысында қаржы пирамидалары белсенді жұмыс істейді. «Кьюнетшілер» біздің жетеуіміздің әрқайсысымыздан миллион теңгеден алып, қайтармады. Біз ІІМ-ге арыз жаздық. Қызылорда қаласының Ішкі істер департаменті шағымданушылардың бәрін бір рет қана жинады. Ізінше Qnet басшылығының әрекеттерінен қылмыстық құрамды таппағанын мәлімдеді», – дейді жәбірленушінің бірі Ш.Олжас.
2022 жылғы 22 сәуірде Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Qnet-тің жергілікті басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады: «Компания Қазақстан аумағында ресми тіркелмеген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, банктік қызмет пен банктік операцияларды жүргізуге лицензиялары мен рұқсаттары жоқ. Іс бойынша сотталушылардың біріне қатысты үйқамаққа алу шарасына санкция берілді», – деп түсіндірді ведомство. Qnet-тің жаһандық қолдау орталығы Малайзияда орналасқан.
Белсенді қазақстандықтар тыйым салынған ұйымдардың одан ары жұмыс істеп жатқанына шағымданып жүр. Елорда тұрғыны Анар Қабдуллинаның айтуынша, банктердің бірі қоңырау шалып, оның қызының 800 мың теңге көлемінде ірі қарызы барын хабарлапты. Тексеріп көрсе, шын екен.
«Мен аң-таң болып, банк қызметкерінен 18 жасар балаға кредит беруге тыйым салынғанын алға тарттым. Сөйтсе, тауарлық кредитті бере береді екен. Қызым 2 ай бойы Qnet қаржы пирамидасының кеңсесіне барып жүріпті, кеңсесі қаланың қақ ортасында, «Сулы-желекті бульварда» орналасқан. Ақыл-санасы жетілмеген 18-20 жасар жастарды тартады. Оның досына телефон соқтым, ол да алаяқ фирмаға миллион теңге салыпты. Біз, ата-аналар, балаларымызға абай болғанымыз жөн, өзіміз сақтануды білеміз, ал қаржы пирамидалары енді балаларды, өскелең ұрпақты алдауға көшіпті», – дейді Анар.
Жалпы, қазір бұл ұйымға қатысты әр облыста қылмыстық іс қозғалған, ендеше оның заңсыз ісіне куә болған не алданған адамдар полицияға арыз жазғаны, сөйтіп алаяқтарды соттатуға үлес қосқаны маңызды. Негізі, бұл шетелдік компания Қазақстанда 2010 жылдардан бері әрекет етеді. Қанша қазақстандықты сазға отырғызғаны белгісіз.
Пирамида тұрғызушылар көбейіп барады
Қала тұрғыны Әлия Сабырова дәл осы компанияның кесірінен қаншама танысы опық жегенін әңгімеледі: «Олар жаңа жарна енгізу үшін қаптатып кредит алды. Бар уақытын соған арнап, көбірек салымшы тарту үшін жұмысынан кетті. Бірақ барынан айырылып, белшеден борышқа батып, төленбеген несиелері үшін коллекторлардың қудалауына ұшырап, қайтадан ресми жұмыс іздей бастады. Отбасылар ойрандалып, шаңырақтар күйреді. Өйткені осы жолға түскен әйел ерінің, еркек зайыбының тілін алмайды, есінен айырылып, елтиді. Отбасылардың шырқы кетеді. «Кьюнеттегілер» көптеген адамды бақытсыз етті. Ақылсыздар көп болған соң алаяқтық істерін тыятын емес», – дейді ол.
Жалпы, Қаржылық реттеу агенттігінің 2022 жылғы қаңтарда жаңартылған «қара тізіміне» әрекетінде лицензияланбаған инвестициялық делдалдың және қаржы пирамидаларының белгілері бар 121 ұйым кірген.
Қаржылық консультант Шолпан Шалғазина проблемалы берешектер мәселесімен айналысады.
«Өкінішке қарай, бүгінде негізінен, алданған жастар көп. Жасы 17-ден басталады. Қазіргі жастардың көбі үлкен байлыққа тез кенеліп, бума-бума ақша ұстағысы келеді. Бұған қаржылық сауаттылықтың жетіспеуі қосылады. Салдарынан, көтере алмас кредиттің қамытына бас сұғады, қаржылық пирамидалардың үгіттеуімен тауарлық кредиттер рәсімдейді. Одан тек алаяқ делдалдар ғана пайда табатынын түсінбейді. Қалай болғанда, кредит алып, келісімшартқа қол қойдың екен, оның қарызын бәрібір өзіңнің өтеуіңе тура келеді. Мысалы, бір жас жігіт мұң шағып келді, бірнеше миллион теңгеге 7 кредит рәсімдепті. Есепшоттары бұғатталған, жұмыс берушілер банктік картасы болмаған соң жұмысқа алмайды. Оп-оңай алған несиесін төлеу үшін жылдар бойы қатты қиналатынын енді ұғынған», – дейді Ш.Шалғазина.
Қылмыстық кодекстің «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» деп аталатын 217-бабы бойынша 2016 жылдан бері республикада 780 қылмыстық іс қозғалыпты. Оның басым көпшілігі кейінгі жылдар үлесінде. 2021 жылдың бірінші жартысында қаржы пирамидаларымен байланысты 161 қылмыстық іс тіркелді. Бұл пандемия қысқан 2020 жылдан 90 пайызға көп.
Соңғы дерекке тоқталсақ, Қаржылық мониторинг агенттігі өткен аптада GAP ТК (Global Asar Project) басшылығына қатысты қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық іс қозғады. Істі агенттіктің БҚО бойынша аумақтық департаменті тергеуде. Зардап шеккен 14 адамға келтірілген жалпы шығын 15 млн теңгеге жуық.
Жәбірленушілердің әлеуметтік желіде орналастырылған арыз-шағымын талдасақ, қозғалған істердің көбі жабылып қалады, алаяқтар жазалана бермейді. Тіпті, сот үкімі шыққанның өзінде біразы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілігіп кеткен. Осылайша, қаржы пирамидаларына қатысты жағдай күрделі болып қалды.
Құзырлы органдар да, мамандар да азаматтарды аса сақ болуға, алаяқтардың айла-амалына түспеу үшін салым салар алдында ол компания туралы интернеттен, әлеуметтік желілерден мәлімет жинауға, мұқият тексеруге кеңес береді. Қаржы пирамидаларының басты ұсынысы – еш еңбексіз, күш-жігерсіз тез табыс табу және капиталды еселеп ұлғайту екені белгілі. Демек, осыған ынтық жандар барда олардың тасы өрге домалай беретінге ұқсайды.