Оқушылардың уақытын жүз пайыз тиімді жұмсауға арналған бағдарламаның соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Ендігі жерде қосымшаларға қаражаты жоқ отбасылардағы балалар бәз баяғыдай бос сандалуға мәжбүр. Жазғы демалыс уақытында қаладағы балалар ауылға, ауылдағылар қалаға жол тартады. Бірақ ауылда ағайын-туысы жоқ балалардың дені тәулік бойы смартфонға телміріп, күнұзақ ауланың шаңын шығаруға мәжбүр. Себебі тегін сауықтыру орталығы мен лагерьлер оқушыларды түгел қабылдай алмайды. Ал арнайы статусқа жатпайтын ата-аналардың балаларын қосымшаға беруге қаражаты жетпейді.
Тоғыз ай біліммен сусындаған балалар үш ай демалысында да денсаулығын нығайтып, білімін арттыруы керек. Алайда әлгінде айтқандай, балаларының шығармашылығын шыңдауға ата-аналардың ынтасы болғанымен, қалтасы жұқа болып тұр. Сол үшін жыл сайын Білім және ғылым министрлігі әрбір баланың демалысын тиімді өткізіп, келесі білім күніне дейін күш-қуат жинап келуін қадағалауы керек-ақ. Өйткені жазғы демалыс балалардың бос уақытын тиімді жұмсауы ғана емес, физиологиялық және дүниетанымдық тұрғыда даму кезеңі болып есептеледі.
Бағасы бас айналдырады
Білім және ғылым министрлігі биыл балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу мақсатында «Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық!» тұжырымдамасын дайындаған. Бұл тұжырымдаманың игілігін барлық өңірдің балалары көруі керек. Бұл бойынша балалардың жазғы демалысын 13 аптада 13 түрлі тақырыппен өткізу туралы іс-шараларға ұсыныс берілген. Сондай-ақ биылдан бастап сауықтыру орталықтарының қолжетімділігі туралы ақпаратты барынша ашық ету мақсатында bala-demalys.kz сайты мен мобильдік қосымшасы іске қосылыпты. Осы карта арқылы кез келген ата-ана баласы үшін лагерьдің қолжетімділігін көруіне болады. Оның ішінде бағдарламамен танысып, бағасы мен орналасуын бақылауында кедергі жоқ. Бұдан бөлек, министрлік оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында жазғы лагерьлерге қоғамдық мониторинг жасауды да қолға алған. Сол үшін бала қауіпсіздігін басты қаперде ұстау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін Сенім телефоны мен арнайы чаттар құрылған.
Жергілікті атқару органдарының мәліметіне сенсек, биыл қала сыртында – 236, мектеп жанындағы – 10 284, 930-ден астам шатырлы лагерьде балалардың 81,3 пайызы, яғни 2,6 миллион бала демалысқа жіберіледі. Соның ішінде 1,5 милионға жуық бала жазғы мектеп жанындағы, 256 169 бала палаткалы, 183 050 бала қала сыртындағы лагерьлерде бос уақытын өткізуге жолдама алған. «Жалпы республика бойынша 1306 жуық балаға 18 жоғары білім ұйымдары әртүрлі бағытта лагерьлер ұйымдастырады. 7 лагерь жоғары білім ұйымдары, 8-і ата-аналардың қаражаты есебінен, біреуін кәсіподақ арқылы мүмкін болмақ. Ал 2-еуін жатын орны жоғарғы білім ұйымдары ұйымдастырады. Бірақ оның тамағы ата-ана есебінен», – делінген министрліктің жауабында.
Мемлекет қаражаты есебінен төленетін лагерьлерге әлеуметтік жағынан қорғалған 5 санаттың балалары бара алады. Оның ішінде тегін жолдама мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылар, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге беріледі. Осы санатқа кіретін отбасының балалары өздері оқитын білім ұйымына барып өтініш жазса, бес күн ішінде жауабын алады.
Бірақ министрлік айтқан сайт арқылы әлеуметтік санатқа жатпайтын ата-аналар аспандағы бағаны сұрайтын лагерьлерге баласын жібере алмайды. Мәселен, Ақмола облысындағы 7 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға арналған «Жас өркен» спорттық дағдылар мен ойын-сауық лагері адам басына 30 мың сұрайды. Щучинск-Бурабай ұлттық паркіндегі орман алқабында орналасқан Edelweiss Borovoe демалыс орталығына 8-16 жастағы балаңызды жіберу үшін 10 күндік демалысқа 75 мың теңгеңіз болуы керек. Зерендінің курортты аймағында орын тепкен «Сұңқар» сауықтыру кешені 10 күндік демалыс үшін әр балаға 88 мың теңгені санап алады. Ал Алматы облысындағы лагерь мен сауықтыру кешендерінің ұсынған бағасы бас айналдырады. Мәселен, аймақтағы Jellyfish Camp балалар лагері он күнге бала басына 112 000, «Связист» балалар сауықтыру лагерінде демалу үшін он күнге 115 000 теңге қажет.
Елордалық оқушылар үшін ерекше демалыс
Еліміздің бас қаласында білім алатын оқушылардың 94 пайызы биыл жазғы демалыста уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алды. Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлының айтуынша, қаладағы 92 мектептің 1-4 сыныптағы 81 600 баласы мектеп жанындағы лагерьлерге, 1440-і қалаға қарасты сыртқы, 700-і профильді, 960-ы шатырлы лагерьде демалады. Сондай-ақ 3-маусымнан бастап Оқушылар сарайы жанында жазғы лагерьлер жұмыс істемек. Бұдан басқа жыл сайын министрліктің балаларға бөлінетін квотасы бар. Оған сәйкес мектеп оқушылары «Балдәурен-Щучинск», «Балдәурен-Қапшағай», «Балдәурен-Балқаш», «Бөбек» республикалық сауықтыру лагерьлерінде денсаулығын нығайтады. Сондай-ақ басқарма басшысы оқушыларды еңбекпен қамтуға да көңіл бөлінгенін айтып отыр. Мәселен, жазғы демалыс уақытында 4 бағыт бойынша 51 847 оқушы еңбекпен қамту жұмыстарына тартылды. Соның ішінде «Жасыл ел» жобасына 2 860, қаладағы 28 аула клубының үйірмелеріне 35 216 бала тіркелген. 1 755 бала мектептегі спорт алаңдары мен залдарында «Дидарлы жаз», «Айбынды маусым» лагерьлеріне, «Жас ұлан» мен «Жас қыран» дебат лагерьлеріне 12 016 бала қамтылған.
Биыл 176 мыңнан астам елордалық оқушы сауықтыру орталығына жолдама алған. «Бастауыш сыныптың оқушылары мектеп жанындағы лагерьлерде демалады. Сауықтыру он бағытта жұмыс істейді. Бір жаңалық, биыл республикалық деңгейдегі қалалық театрлар балаларға тегін қойылымдар қояды. Балаларды қорғау күніне орай әртүрлі концерттік іс-шараларға балалар тегін қатыса алады. Сонымен бірге биыл мектептер мен балалардың жұмысын жандандыру мақсатында лагерьлер арасында байқау ұйымдастырамыз», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының Қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы Мәдина Сүлейменова. Лагерьге тегін жолдама алу үшін мектеп әкімшілігіне өтініш жазу жеткілікті. Бірақ жолдама алдыңғы кезекте әлеуметтік санатқа жатқызылатын отбасылардың балаларына беріледі. Сондай-ақ «Жас ұлан», «Жас қыран» балалар ұйымдары балалар үшін тіл курстарын ұйымдастырады. Олардың бағдарламаларында балаларға шетел тілін меңгерту үшін шекара сыртына жіберетін тегін сапары кіреді екен.
– Биыл «Балдәурен» демалыс лагеріне тегін баруға 800 орын бөлінді. Жолдама алған балалар жолақыларын ғана төлейді, жатын орын мен тамағы тегін. Мұндай сауықтыру лагеріне әлеуметтік статусы бар бес санаттың балаларынан бөлек, оқуда озат, спорттық және шығармашылық жарыстан жүлделі орын алған балалар да жіберіледі, – дейді Мәдина Сүлейменова. Сонымен бірге қазақтың дарынды тұлғаларының атына берілген мектеп оқушылары оның туған жеріне саяхат жасауына жұмсалатын шығын мектеп қаражатынан өтеледі.
Жақсыны жұртестімейді
Байқасақ, біздің елде мектеп оқушыларының жазғы демалысын өткізуі үшін жақсы бағдарлама көп. Бірақ көше кезіп, көк жәшікке телміретін баланы жиі кездестіресің. Себебі айтқанда әдемі естілетін бұл демалыс барлық балаға арналмаған. Мәселен, республика бойынша 3,4 миллион оқушы болса, соның бір мыңнан астамы ғана тегін сауықтыру орталығына жолдама алады. Қалғаны қаражат болса, қосымшаға барады. Ата-анасының қалтасы көтермесе, төрт қабырғаға қамалады. Жолдама алғандардың демалысы ары кетсе 10 күнге созылады. Сонда жазғы демалыстың 80 күні балалардың бос сенделісімен өтеді деген сөз. Қала сыртында ұйымдастырылатын лагерь мен аула клубтары, жастар ұйымдарының жаңалығын жұрт естімейді. «Көпбалалы отбасымын. Қызым биыл бастауышты бітіріп жатыр. Алайда министрлік тарапынан осындай сауықтыру лагері туралы жаңалықты естіген емеспін. Аула клубтарының үйірмелерін де естігенім бүгін ғана. Оқушылардың жазғы демалысы үшін жасалып жатқан дүние неге айтылмайды? Балаларым жаз бойы үйде отырады. Біз жұмысқа кеткенде, кішілерін қарап қалады. Көпбалалы ана ретінде қызыма тегін жолдама алып көрген жоқпын. Жақында ғана көпбалалы аналардың балаларына саябақтағы ойын алаңдары тегін екенін естіп, әкімдікке бардым. Сөйтсем бұл да бос әңгіме екен», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айсұлу Көсемәлі. Ал он күн үшін айлықтан көп ақша сұрайтын ақылы лагерьлерге бару көпшілікке арман ғана. Өкініштісі сол, баласының жазғы демалыстағы әр күнін мерекеге айналдырып, жаңа оқу жылына күш-қуат жинауына барлық ата-ананың мүмкіндігі жоқ.