Қалың қалай, балалар басылымы?
Қалың қалай, балалар басылымы?
968
оқылды
Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі емес пе? Кішкентайынан газет-журнал оқып, қызығушылығын дұрыс қалыптастыра алған баланың рухы да, өресі де биік болары сөзсіз. Ендеше баланы тек ата-ана мен мектеп тәрбиеле­мейді. Баспасөз де бала тәрбиесінде басты рөл атқарады. Алайда қазіргі оқушылар газет-журнал оқып жүр ме? Балалар жылында балалар басылымына қандай жағдай жасалып жатыр? Газет-журнал оқыған баланың ойы ұшқыр, тілі жатық болады. Кеңес Одағы кезінде қазақ балалары арасында «Пионер» (тәуелсіздіктен кейін «Ұлан») газеті, «Балдырған» журналы аса танымал болды. Тіпті, ол тұста бұл басылымдарды оқымаған қазақ баласы болған жоқ. Соның арқасында орта мектепті бітірген балалардың 90 пайызы кітап, газет-журнал оқитын дағды қалыптастырып, басылымның қадірін біліп, бағасына жетті. Бұл халықтың сауатты болуына үлкен әсерін тигізген еді. Сондықтан да сол уақытта дүниеге келген ұрпақтың арасынан небір ұлт қайраткерлері мен қазақ классиктері шықты. Ал қазір ше? Өкінішке қарай, бүгінде кішкентай оқырмандарды қалыптастыруға бейжай қарап отырмыз. Балалар басылымдарының қазіргі хәлі ауыр. Соның кесірінен газет-журналдың не екенін білмейтін, білсе де қолына ұстап көрмеген, есесіне туғаннан смартфонның не екенін білетін ұрпақ өсіп шықты. Балалар ақыны Серікбол Хасанның айтуынша, биылғы Балалар жылында балалар басылымдарына қамқор­лық жасалуы керек. Бала өздігінен кітап сатып алып, басылымға жазыла алмайды. Сол себепті оларға ата-анасы, мұғалімі бағыт-бағдар беруі тиіс. – Мектептерге кездесуге барғанда, бірінші «Балдырған» жайлы сұраймын. Балалардың біразы білмей, тосылып қалып жатады. Әрине, бүгінгідей жаңа медианың алға озған заманында журнал жайлы білмеу айып емес шығар. Алайда балалар журналы қай кезде де оқылымды, сұраныста деп ойлаймын. Оны балаларға насихаттай, қызықтыра алмай отырған өзіміз секілді. Мерзімді басылымды сақтау, таралымын арттыруға әрқайсымыз үлес қоса аламыз, – дейді Серікбол Хасан. Таралымы тұңғиыққа батты Иә, қазіргі газет-журналдардың үлкен проблемасы – таралымның төмендеп бара жатқаны. Елімізде тәуелсіздік алғаннан бері балалар басылымының саны көбейіп, 20-ға жетіпті. Бірақ бәрінің де таралымы мәз емес. Мәселен, алғашқы санының шыққанына биыл 92 жыл толған, балалар мен жасөспірімдерге арналған респуб­ликалық «Ұлан» газеті мен шыға баста­ға­нына 64 жыл болған «Балдырған» журна­лы­ның кеңестік кезеңдегі таралымы бір­не­ше жүз мыңнан асып жығылса, қазір бір­неше мыңның айналасы. Бұл біздің болашағымыз саналатын балалардың өздеріне аса пайдалы газет-журналдарды оқи бермейтінін көрсетеді. «Айгөлек» балалар журналының бас ре­дак­торы Қымбат Әбілдәқызының пікірінше, бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды еке­нін тиісті мекемелер толықтай білмей отыр. Біз мектепке баратын уақытта не­месе балалар мерекесінде ғана жағдайы жоқ ата-аналарға көмектесеміз деп арзан­қол сөмке сыйлап, соны жариялап жасанды қам­қорлық көрсетеміз. Ал баланы мем­ле­кет тарапынан шынайы қамқор­лыққа жары­тып өсіруіміз керек. Қазір адамдар «оқы­май-ақ бақытты болуға болады» деп ой­лайды да, рухани азықты екінші орынға ысы­рып қойды. – Кезінде біздің оқымаған ата-әже­леріміз зейнетақысынан немерелерін бас­пасөзге жазып қоятын. Иә, қазір бар­лық балада гаджет бар. Бірақ интернеттегі ақпарат пен газет-журналдағы материал­дардың сапасын салыстыруға келмейді. Балалардың тілін дамытатын баспасөздің құдіретін қолдан шығарып алдық. 22 жыл бойы «Айгөлекке» жазылу науқаны басталғанда өзім бірінші болып жазылып, әрбір отбасы оқыса екен деп тілеймін. Балалар басылымы болғандықтан арнайы суретшілерге қаламақы төлеп, сапалы қағаздарға басып шығарамыз. Мұны саралап, балалар басылымдарына баға беріп, қолдап отырған ешкім жоқ,– дейді Қымбат Әбілдәқызы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Балалар жылын» науқаншылық­қа салынбай өткізейік деді. Алайда «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармахан­ова­ның айтуынша, балалар жылының есебі баяғыда тапсырылып қойған, бірақ ауыз толтырып айтарлық мардымды нәтиже жоқ. – Былтыр елімізде «Балалар әдебиеті» жылы жарияланды. Есеп үшін өте сал­ған­дай әсер қалдырды. Биыл Президен­тіміз «Балалар жылы» деп жариялады. Бала құ­қы­ғы, денсаулығы, рухани дамуы тұрғы­сынан көп дүние жасалуы керек еді, – дейді Жадыра Нармаханова. Оның айтуынша, мемлекет «Балдыр­ған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Дружные ребята» басылымдарын мемлекеттің бала­ларға қатысты саясатын жүргізу үшін қаржыландырады. Бірақ ол басылымдар балаларға жете бермейді. Қазір осыны оқып отырған адам «мемлекет қаржылан­дырғаны аз ба, таралымын өздері жасамай ма?» деп айтуы мүмкін. Өкінішке қарай, біздің елімізде бірдеңе жасаса, оған қарсы тетіктер тұрады. Бір министрлік екінші министрліктің не істеп жатқанынан хабарсыз. Жоғарыдағы аты аталған балалар басылым­дары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарайды. Ал балалар білім алатын мектептер жергілікті әкім­діктердің Білім беру басқармаларына, ал мектептердегі білім саласындағы басшы­лықты жүзеге асыру Білім және ғылым министрлігіне жүктелген. Алайда Білім және ғылым министрлігі де, әкімдіктердің Білім беру басқармалары да оқушылардың басылымға жазылуына, олардың қызығу­шылығының қалыптасуына жағдай жаса­май­ды. Салдарынан басылымдардың тара­­лымы жыл өткен сайын құлдырап бара­­ды. Айталық, басында 86 мың тара­лым­мен шығатын «Айгөлек» қазір 15 мың таралыммен шығады, «Ұлан» газеті апта­сына бір рет 5000, «Ақжел­кен» журналы айына бір рет 3000, «Балдыр­ған» журналы айына бір рет 7000, «Дружные ребята» газеті аптасына бір рет 3000 таралым­мен шы­ғады. Сарыла күтіп сарғаяды Шыны керек, баспасөз таралымының азаюына жеткізу қызметінің сапасыздығы да әсер етеді. Қазір «Қазпошта» АҚ-ның жұмысы газет-журналдың таралуына көп кедергі келтіріп жатыр. Адамдар жазылған басылымын уақытылы ала алмайды. Тіпті, бір жылға жазылып, бір газет алмаған адам­дар да бар. Ол адам келесі жылы ақша­сын тағы да далаға шашқысы келмейтіні анық. – Сондықтан «Қазпошта» қағаз газет-журналға электронды жазылу жағын іске қосуы керек. Оның жазылу тетігі «Ти­кетон», «Каспи» қосымшасы секілді жеңіл әрі оңай болуға тиіс. Жалпы, газет-жур­нал­дың тиражын ақсатып жатқан «Қаз­пош­та» қызметін мемлекет өз қадағалауына алмаса болмайды, – дейді Жадыра Нармаханова. Бас редактордың бұл сөзін Зеренді ауданы М.Ғабдулин атындағы мектептің мұғалімі Назым Сапар да растады. Оның айтуынша, шалғайдағы елді мекенге бала­лар басылымдары бір ай кешігіп немесе мүлдем келмей де қалады. – Балалар жылында тек қана мемле­кеттік тапсырыспен шығатын кітаптар емес, балалар қызығып оқитын журналдар да мектеп кітапханаларына тұрақты келіп тұрса қуанар едік. Көбіне ата-аналар балалар басылымдарына жазылмайды. Әсіре­се, жалпы білім беретін мектептер мен ауылдық жерлерде оқушылардың ба­сы­лымға қол жеткізуі қиын. Мен оқу­шы­ларыма «Ұлан» мен «Балдырғанды» алып келіп оқытамын. Қызығушылығы ай­тар­лықтай жоғары. Әр бала өзінде осындай журналдың болғанын қалайды. Бірақ журналға жазылуға барлығының бірдей жағдайы келе бермейді, – дейді Назым Сапар. Алайда балалар баспасөзіне жазылудың жылдық бағасы анау айтқандай қымбат емес. Айталық, кезінде атақты ақын­дарымыз Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев басқарған «Балдырған» журналының жылдық жазылу бағасы 3000 теңгеден сәл асады. Бұған дейін сенатор Нұртөре Жүсіп ағамыз аз қамтылған отбасыларға арналған Әлеуметтік пакетке «Балдырғанды» қосу жайлы жақсы ұсыныс айтқан болатын, өкінішке қарай қолдау таппаған секілді. Сапалы балалар контентін қалыптастырып отырған «Балдырған» журналы кітапханалардың міндетті түрде жазылуға тиіс мерзімді басылымдары қа­тарына да енгізілмеді. – Кітапханашылар балаларды қызық­тыру үшін әртүрлі Bookcrossing өткізіп жатады. Бірақ ол жерге осыдан он жыл бұрынғы өзектілігі өтіп кеткен журналдар мен Кеңес заманында шыққан кітаптарды қойып қояды. Бұл тақырыптар қазіргі заманның балаларын қызықтыра алмайды. Сондықтан басылымдарды насихаттауда мектеп кітапханашыларына жаңашылдық керек. Бұрыш-бұрышта газет-журнал тұрса, бала да оқиды, – дейді Назым Сапар. Ана тілімізді үйрету де балалар басы­лымынан басталады. Үйде отырып «Балам­ның тілі шүлдірлеп шықты» дегенше, қо­лындағы смартфонды газет-журналмен ауыстыратын уақыт жетті. Мүмкін сол кезде бүгінгінің Соқпақпаевтары мен мерейлі жыл­да қарап қалмай, балалар басылымдарының таралымын арттыруға мән берсе, көптің тілеуі жерде қалмас еді.