Референдумның маңызы талқыға салынды
Референдумның маңызы талқыға салынды
463
оқылды
«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанынан «TALQYLAU» диа­лог алаңы жұмысын бас­та­ды. Онда өңірдің зиялы қауым өкіл­дері, журналис­тер, та­рих­шылар және заң­герлер «Референдум – Жаңа Қазақ­стан­ға алғашқы қадам» та­қы­рыбында өз ой-пікірін ортаға салды. Диа­лог алаңын об­лыстық пар­тия филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысыр­әлі­мова ашып, жүр­гізіп отыр­ды. «TALQYLAU» алаңында пар­тия­ның референдумды қол­дау бойынша республикалық шта­бының мүшесі, «Ақмола-Тір­шілік» серіктестігінің дирек­торы Жабал Ерғалиев алғаш­қы­лардың бірі болып сөз алып: «Біз, Қа­зақстан халқы тарихтың жауапты кезеңінде тұрғанымыз­ды айқын сезінуіміз керек. 5 мау­сым күні өте­тін референдум мемлекетіміз­дің жаңа бола­ша­ғын анықтайды. Кейбіреулер референдумның ке­регі қанша дейтін бос сөз айтып жатады. Оның жөні жоқ. Өйткені қолданыстағы Конституцияның 99-бабының 33-іне өзгеріс ен­гізу ұсынылып отыр. Осы өз­гертулер арқылы біз дамудың жаңа саты­сына түсетін бола­мыз», – деп ол алдағы референ­дум­ның халық үшін маңызды­лығына тоқталды. Тарих ғылымдарының кан­дидаты Аманай Сейтқасымов пен Ш.Уәлиханов атындағы Көк­шетау университетінің Құқық кафедрасының аға оқыту­шысы Ерлан Наурызбаев Конституцияға енгізілетін өз­гертулер жайлы нақ­ты ақпарат беріп, әр тармағына жеке-жеке тоқталды, өзгертулер­дің маңыз­ды­лығын айқындап берді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректоры­ның кеңес­шісі, тарих ғылым­да­рының кан­дидаты Аманай Асылбайұлы: «Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституция­лық референдум – «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» идея­сының нақты жүзеге асуының дәлелі. Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі сайлау­шылардың республикалық қана емес, жергілікті жердегі мүдде­сінің де жіті қорғалуына мүм­кіндік туғызады. Саяси жүйені дамыту мен олардың мүмкін­діктерін кеңейту мақсатында партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмен­дейді. Бұлардың барлығы Әділетті Қазақстанды құрудың алғы­шар­ты. Енді осы өзгерісті Парламент депутаттары өздері дауыс беріп, бекіте алмайды. Ол үшін халық­тың қолдауы қажет. Сондықтан әрбір азаматымыз 5 маусымда дауыс беріп, осы тарихи бетбұрыс­ты жасауға өз үлесін қосуы тиіс», – деген ой-пікірін білдірді. «TALQYLAU» алаңына жи­налғандар өз ойын ортаға салып, сұрақтарына жауап алуға мүм­кіндік алды. Тікелей эфирде өт­кендіктен, әлеуметтік желі бойын­ша көрермендерден сан түр­лі сұрақ келіп түсті. Мәселен, референдум қабылданған жағ­дайда ең басты өзгеріс қандай болмақ деген сауалға жауап бер­ген Аманай Асылбайұлы: «Рефе­рендум бірден өзгеріс әке­леді деген қате түсінік бол­мауы тиіс. Себебі Конститу­циядағы өзгеріс­тер негізінде жерге қатысты, әйт­песе басқа да сұрақтар бойынша заң қабыл­данады. Ал Екінші Республика деп айтып жатырмыз. Бұл кезеңге көшу 5-10 жылға созы­луы мүмкін. Сондықтан асы­ғудың қажеті жоқ. Ең бастысы, саяси реформаларды жасап алсақ, бұл халықтың тұрмысына да, ел экономикасына да әсер ете бас­тайды, сонда барып оң өзгеріс­терді көреміз», – деді ол. Жазушы Жабал Ерғалиұлы референдум өткеннен кейін болатын оң өзгерістерді тізбек­теп берді. «Жақсы өзгеріс бо­лады. Президент пен әкімдердің саяси партияда болмауының өзі жақсы қадам. Биліктегілердің жақын туыстарының саяси қыз­меттерде, квазимемлекеттік сек­торда лауа­зымды қызметте болмауы жем­қор­­лықты, па­ра­қорлықты, заң­сыз­дықты тыяды. Соңғы жылдары халық неге кө­шеге шығып кетті?! Олар әділет­тікті іздеді. Соттардың шешіміне риза болмай, сот алдына тұрып алған жағдайлар көп кездеседі. Енді Конституция­лық Сотқа жүгінуге әрбір қазақ­стан­дық азаматтың құқығы бар. Ендеше Жаңа Қазақстан құру дегеніміз – әділетті қоғам құру», – деп өз ойын жеткізді. Сөйтіп, диалог алаңы ар­қылы алдағы референдумның мән-маңызын халыққа жеткізу мақсат етілді. Мақсат орындал­ғандай. Айта кетейік, «TALQYLAU» алаңы бірреттік эфир емес. Тұр­ғындарды толғандыратын түйт­кілді мәселелер алдағы уақытта да осы алаңда талқыланатын болады.