Қарағанды қаласының орталығындағы саябақ – қала тұрғындары үшін ғана емес, қала қонақтары да барып демалатын жер. Мұнда жүздеген кәсіпкер өз саудасын жасап, нәпақасын тауып отыр. Саябақта тоған бар, жұртшылық оны «көл» дейді. Бірақ ол соңғы уақытта тартылып барады. Осыған байланысты кәсібін дөңгеленткендер алаңдаулы... Соңғы екі-үш жылда жаз уақытында су деңгейінің түсуі үйреншікті көрініске айналған және таяз суда балдыр қаулап өсіп, маңайды жағымсыз иіс қолқаны қабады. Әрине, дүйім елдің көз алдында «көл» құрып бара жатқанда билік қарап отырмайтыны анық. Жүздеген шаңырақ «көл» жағалап, бизнес қылып, жан бағып отырғаны тағы бар. Яғни, экологиялық мәселемен қатар, әлеуметтік салмағы да ауыр. Әкімдік шұғыл жиналыстар өткізіп, жоспар құрды. Ол жоспары екі-үш жылдың мұғдарында жемісін беруі тиіс. Бізді қызықтырғаны – бүгінгі аяқ алысы… – Бұл су қоймасын ел арасында «көл» дейді. Кейінгі жылдардағы құрғақшылық бұл «көлді» де айналып өткен жоқ. Әсіресе, 2020 жылы «Көл» деңгейі күрт түскен тұста жұртшылық шу ете қалды. Карантин күшейіп тұрған сәт еді. Барлық саябақ атаулы құлыпта жатқан. Ел қыдырудан қалған кез. Осы уақта су түбіндегі балдыр бой көтерді. Жайылып өсіп, су жасыл түске енді, – дейді қала тұрғыны, журналист Нұрқанат Қанафин. Ал мұны Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының сол кездегі бас инженері Талғат Смаилов адам аяғы тыйылғанымен байланыстырды. – «Көл» тереңдігі – 2,5 метр. Алайда қазір балдыр еркін өсіп, су бетіне шығып кетті. Біз бұл жайтты карантин салдары деп отырмыз. Бұрын әрі-бері ойқастаған қайықтар, басқа да техника балдырдың ұшын турап, екі метрден артық өсуіне мұрша бермей келді, – деген еді бас инженер. Маманның сөзінен түсінгеніміз, қозғалыссыз қалған су балдыр өсуге өте ыңғайлы жерге айналып шыға келген. «Көп тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды» деген. «Ашық дерек көздеріндегі мәліметке сүйенсек, саябақтағы су қоймасы 1941 жылы пайда болған. Ол кезде Бұқпа өзені толып ағатын. Шлюздер арқылы суды толтырып немесе ағызып жіберіп отырды. Ал 70-жылдардан бастап «көлге» шахталардағы суды айдай бастады. Билік алдында өткір тұрған мәселе – «көлді» суға толтыру. Ертеде қаланы қақ жарып аққан Бұқпа өзенінің дәурені өткен. Тек қары мол қыстан кейін ғана өзеннің бірнеше күн арнасы тола аққанын көреміз. Сондықтан «көл» қардың суын ғана қанағат етіп келеді. Ал жаздың ортасына таман әлгі судың кеуіп кететіні ақиқат. Ал Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының директоры Т.Байтохин: – Саябақтағы су қоймасындағы су табиғи түрде кебеді. Яғни, су деңгейі буланудан төмендейді. Тек, су тасқыны кезінде ғана Бұқпа өзенінен су жетеді. Сол кезде Бұқпа өзенінен шлюз ашылып, «көл» толтырылады. Сонымен қатар кіші «көлдің» жанында ұңғыма бар, – дейді. Былтыр күзде қала басшылығы «көлдегі» су тапшылығы проблемасын біржола шешетінін мәлімдеген-ді. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Хәлел Әкімжанов суды шахтадан алатынын айтты. – «Көлдің» проблемасы балдырға ғана байланып тұрған жоқ. Сумен қамтамасыз ету де үлкен мәселеге айналды. Кеңес уағында су қоймасы Бұқпаның есебінен толып отырды. Кейін шахтадан су алды. Біз де сол ескі әдіске жүгінуді жөн көрдік. Нақты айтқанда, Костенко шахтасынан су жеткізуге шешім қабылданды. Ол үшін Бұқпа өзенінің арнасын тазарту керек. Шахта суын осы арнамен жеткіземіз. Су құрамы зерттелді, экологтар оң бағасын берді, – деді Хәлел Әкімжанов. Бүгінде қалалық әкімдік 16 шақырымнан астам жерден су әкелуге бел шеше кірісіпті. Қала әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратта көрсетілгендей, жұмыс жобасы биыл әзір болмақ. «Орталық саябақта Үлкен Бұқпа өзенін сумен толтыруды қамтамасыз ету үшін Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы ғимаратының артындағы Новогородская көшесінен теміржолға дейін, кейіннен жабық коллекторға жаба отырып, Үлкен Бұқпа өзенін санациялау» жұмыс жобасын әзірлеуде. Жобада Костенко атындағы шахтаның суларын Үлкен Бұқпа өзенінің арнасына бағыттау қарастырылған. Жобаланатын учаскенің ұзындығы – 16,4 км. Жұмыс жобасын әзірлеуді аяқтау мерзімі – 2022 жыл. Жобалауды маусым айында аяқтап, Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясына келісуге жолдау жоспарлануда» делінген хабарламада. Кеңес өкіметі тұсында бір мәрте әбден құрғатылып, табаны түгел күрелген. Ал бүгінде парк қызметкерлері қоқыс пен балдырды сүзумен шектеліп отыр. Иә, тек қаланың тұрғындары ғана емес, қонақтары да барып демалатын саябақтағы жаздың шуақты күндері балалар да шомылатын «көл» тартылса қиындау болатыны рас. Жүздеген бизнес өкілі табысынан айырылып қалуы мүмкін. «Көлді» сақтау үшін қыруар қаражат керек. Оның жолы да қарастырылып жатыр. Дегенмен кеш қалмасақ болғаны...