Субсидияға сеніп, тақырға отырды
Субсидияға сеніп, тақырға отырды
556
оқылды
Солтүстікқазақстандық тасымалдаушылардың ба­сына қиын күн туып тұр. Қа­­лалық әкімдіктің олар­дың шығындарын субси­диялау бойынша қарызы қордаланып қалды. Оны төлеуге ешкім асығар емес. Мәселеден шенеу­нік­тер ха­бардар. Бірақ бұл қиын­дық әлі күнге дейін ше­шімін таппай келеді. Петропавл қаласындағы әлеу­меттік маңызы бар автобус бағыт­тары мен жолаушылардың кейбір санаттарына кететін шығындарды субсидиялау шартына сәйкес де­меуқаржы төлеу мәселесі бұған де­йін де талай рет көтерілгенімен, әлі күнге түпкілікті шешімін тап­пай келеді. Бұған дейін олардың өті­ніші Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық «Атамекен» кәсіпкерлер палата­сында қаралып, шешімі та­былды деп жарияланған бола­тын. Шын мәнінде сөз жүзінде ғана шешіліпті. «Барлық тасымалдаушы суб­сидия жөнінен қиындыққа тап бол­ды. Бізге әлі өткен жылдың 450 мил­лион теңге қарызы төленген жоқ. Сондай-ақ жеңілдікпен жүре­тін жолаушылардың жолақысы бойынша да былтырдың және биылғы бес айдың берешектері бар. Биыл қалалық әкімдік наурыз және сәуір айларына қарыз. Ке­шеден бастап есепшоттарға қаржы түсе бастады. Бірақ қаржы жетіс­пеушілігіне байланысты сұралған соманың тек 49 пайызы ғана төле­ніп жатыр. Ал атқарылған жұмыс ту­ралы актілерімізді әкімдік қа­был­дап алды. Бұған дейін кәсіп­керлер палатасына жүгінгенімізде мәселе сөз жүзінде шешімін тапты. Яғни, барлық тарап қол қойған Жол картасы жасалып, қарызды қайтару үшін қаржы іздестіріледі деген еді. Бірақ бәрі әңгіме күйінде қалды», – дейді «Солтүстік Қа­зақстан облысының автокөлік ода­ғы» қауымдастығының төрайы­мы Галина Семенова. Былтыр автобус паркін жа­ңарт­қан тасымалдаушылардың «Сол­түстік» әлеуметтік-кәсіп­кер­лік кор­порациясы алдында қарызы бар. Сондықтан келісімшарттары бойынша ай сайын несиені уақы­тылы төлемегендері үшін оларға өсімпұл есептеледі. Олар көлік құнының 18,8 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеп, 7 жылға 7 па­йыздық несие рәсімдеген-тін. Алай­да ол кезде олар субсидия тө­леу­де іркіліс болуы мүмкін екенін ес­кермеген еді. Енді несиелерін уа­қ­тылы төлей алмай қиналып қалды. «Бұл жағдайда біз кепілге қо­йылған адам сияқтымыз. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бізге ақша төлемегендіктен, біз әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорация­сына лизингтік төлемдерімізді кешік­тіреміз. Осындай тұйық шең­бер­дің ішінде жүрміз. Бір-біріне сіл­тейді», – деді Галина Петровна. 775 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАЙДА КЕТТІ? Мәселен, KYZYLZHAR BUSES ЖШС-ның корпорация ал­дындағы берешегі – 1 миллиард теңге көлемінде. Ал қалалық әкім­­дік кәсіпорынға бес бағыт бойын­ша 211 миллион теңге қа­рыз. Ли­зинг бойынша қарызын уақытылы төлемегендіктен, кә­сіпорынға ай сайын 190 мың теңге көлемінде өсім­пұл есептеліп жа­тыр. Кәсіп­орынның өкілі Нау­рызжан Исмаи­ловтың айтуынша, осылайша 7 мил­лион теңгедей қарыз қорда­ланып қалған. Әлеу­меттік-кәсіп­керлік корпорация әзірге оны өн­діріп алып жатқан жоқ, бірақ ай сайын шағым жол­дайтын көрінеді. «Былтыр Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен келісімшарт жасастық. Кәсіпорын қыркүйек айынан бері жұмыс­­тарды тиісінше атқарып жатыр, бірақ әкімдік демеуқаржыны беруге асы­ғар емес. Қарыз көлемі ұлғаю­да. Өтінішімізге ТКШ бө­лімі тіпті жауап бергісі келмейді, қар­жы жоқ дейді. Меніңше, бұл мә­селе алдын ала пысықтамаған, Қар­жы бас­қар­масы да дұрыс жұ­мыс істе­меген», – дейді Нау­рыз­жан Исмаилов. субсидия Солтүстік Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары басқармасы бас­шысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов барлық келісімшарт пен есептерді сұратқандарын, бұл кәсіпорынның бағыттары шы­ны­мен де субсиялануы керек екенін айтты. «20 автобус бағытына бе­рілетін субсидия көлемі 3 мил­лиард теңгеге жуық. Осы жылдың басын­да тасымалдаушыларға 775 мил­лион теңге бөлінді. Ал бұл қаржы қайда, қалай жұмсалға­нын біз біл­мейміз. Тасымалдаушы ­ком­паниялардың қайсына қанша бө­лін­генін қалалық әкімдік қана бі­леді. Біздің қала бюджеті тура­лы ақпа­рат алуға құқығымыз жоқ», – деді ол. Солтүстік Қазақстан облысына кәсіпкерлер құқығын қорғау жө­ніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов кел­ген кезде, тасымалдаушылар өз проблемасымен оған да жүгінген болатын. Бизнес-омбудсмен бұл жағдай Semey Bus автопаркінің мәселесіне өте ұқсас екенін айтты. Субсидияға сенген Semey Bus 140 автобусты лизингке алып, кейін уә­де етілген демеуқаржыны ала ал­мағандықтан, банкротқа ұшы­раған болатын. 240 адам жұмыссыз қалған. Петропавлдық тасымал­даушылар да Semey Bus-тің кебін кимесі үшін бұл мәселені шұғыл шешуі керек. Біздің мақсатымыз – сот шешімін алып шығу емес, мәселені шешу. Бизнестің мемле­кетпен соттасқаны – аса дұрыс емес, кәсіпкер үшін күйзеліс. Бұл мәселені біз бақылауға алып, Мем­лекет басшысына жеткіземіз», – деді Рустам Жүрсінов. Петропавлда да барлық тасы­малдаушы былтыр субсидияға се­ніп, лизингке 100 жаңа автобус са­тып алған болатын. Енді демеу­қаржыға қол жеткізе алмаса, бан­кротқа ұшырауы мүмкін. «АРАНДАРЫН АША БЕРМЕСІН» Бірақ Петропавлда әлі де бар­лық көлік жаңартылып болған жоқ. Қызмет көрсету сапасына қа­тысты да сын жетерлік. Сон­дықтан қоғам белсендісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев тасымалдаушылар арандарын аша бермей, тәбеттерін төмендеткені жөн деген пікірде. «Тасымалдаушылар сұрап отыр­ған сома өте көп. Біз жеке­меншік компаниялардың қиын­дықтарын шешуге міндетті емес­піз. Тасымалдаушылар қауым­дас­тығы ұсынған сандарға сене беру­дің қажеті жоқ, тексеріп, зерттеу қажет. Автобус паркі толық жаңар­тылған жоқ, қызмет көрсету са­па­сы сол қалпы. Ендеше не үшін ақ­ша төленуі тиіс? Бюджет қар­жы­сын ысырап етуге болмайды», – дейді Павел Афанасьев. Галина Семенова болса, та­сымалдаушылардың қарызы бас­тан асып кеткенін айтады. Авто­бустар жаңа болғандықтан, әзірге күрделі жөндеуді қажет етпейді. Бірақ азын-аулақ жөндеу жұмыс­тарына жұмсалған ақша – қосым­ша шығын. «Егер автобустар сы­нып қалса, еңбекақы төлейміз бе, жөндеу жасаймыз ба, лизинг қа­рызын жабамыз ба, салық, ғимарат, гараж жалдау ақысын төлейміз бе – ол жағын айта алмаймын. Қазір­дің өзінде әр кәсіпорынның қа­рызы бар. Субсидия уақытылы тө­ленбегендіктен, берешегіміз ай­дан-айға қордаланып қалды. Ша­мамыз келгенше бар ресурсы­мызды жұмсаймыз. Бірақ күшіміз қашанға жететінін білмейміз», – деді Галина Петровна. Қалай болған күнде де, петро­павлдықтарға керегі – қоғамдық көліктің іркіліссіз қызметі.

Солтүстік Қазақстан облысы