Конституциялық реформа – ұлт сенімділігінің кепілі
Конституциялық реформа – ұлт сенімділігінің кепілі
426
оқылды
Елбасы кітапханасы Баспасөз қызметінің басшысы Ә.Д. Нүркеновтың Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумды қолдауға арналған пікірі. Конституция Биылғы Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев супер-президенттік басқару формасынан күшті Парламентке үстемдік беретін президенттік республикаға көшу арқылы мемлекеттің саяси жүйесін қайта құруға ден қойды. Бұл мақсат қоғам мен билік арасындағы алшақтықты азайтып, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған екінші республика жүйесіне көшуді көздейді. Бұл ұғымның негізінде біздің қоғам дамудың келесі кезеңіне аяқ басудың алдында тұр. Ата заңның тұтас 31 бабы өзгеріп, жаңадан екі бап кіріп жатыр. Демек, бүгінгі үлгісіне қарағанда құзыреті өзгеше құжаттың анағұрлым айырмашылығы бар. Әзірленіп жатқан Конституция жаңа даму сатысын қамтамасыз ететін құрылым болмақ. Оның арқасында институционалдық құрылымның деңгейі тереңдейді. Жауапкершілік күшейе бастады. Адам құқығынан бастап, жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне дейін жалпы бағыттар өзгереді. Мұның бәрі «Халқымның ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын» деген Президенттің адал ниетін растайды. Қазақстанның конституциялық құрылымын қайта жүйелеудің рөлі мен маңызы да, жауапкершілігі де зор. Ата заңға енгізілетін өзгерістерді әділ мемлекет ұстанымының бастамасы деуге толық негіз бар. Осы орайда ықпалды Парламенттің,  халық сайлаған мәслихаттардың, азаматтарға есеп беретін үкіметтің жұмысы үшін тиімді тетіктер де іске қосылмақ. Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі саяси плюрализм мен бәсекелі демократиялық ортаны дамыту үшін қажетті жағдайлар қалыптастыратыны сөзсіз. Сайлау жүйесін аралас пропоционалды-мажоритарлық модельге көшіру арқылы жетілдіру, партиялық жүйені дамыту, Мәжіліс депутаттарын бір мандатты округ жүйесі бойынша сайлау, облыс әкімдерін баламалы негізде мәслихат депуттатарының келісімімен тағайындау жаңа саяси үлгіге жол ашпақ. Конституциялық соттың  құрылуы да азаматтардың әділет саласына деген сенімін едәуір нығайтатыны анық. Мемлекет басшысы  конституциялық түзетулер қатарына жер ресурстарының халыққа тиесілігін бекітетін ережені де ұсынып отыр. Жердің байлығын халықтың меншігіне мәңгілік шегендейтін бұл норма қабылданса, қазақ зиялыларының ұрпаққа аманат қып қалдырған Алаш идеясының нақты жүзеге асатынын көреміз. Ата заңымызға енгізілетін әр өзгеріс мемлекет пен қоғамға жалпылама түрде ғана емес, әрбір жеке азаматтың өміріне, оның тағдырына, тұрмыс деңгейіне, ұрпағының болашағына да тікелей әсер ететіні айқын. Бұл реформа мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді, халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Елде жүргізілген сауалнама нәтижесінде халықтың 76%-ы референдумды қолдайтыны белгілі болды. Оның 66%-ы қатысуға ниет білдірген. Дамудың тың жолдары мен жаңа мүмкіндіктерін ашуға бағытталған ауқымды жұмыстарды мемлекет пен қоғам күш жұмылдыра атқаруы тиіс. Қоғам сенімін терең сезінген Мемлекет басшысы түбегейлі реформаларды қолға алып,  азаматтық борыштың жүгін халқымен бірге көтермек. Сондықтан Президентіміздің қасына барша қазақстандықтардың топтасуы бүгінде айрықша маңызды болып отыр. Референдум – халықтың пікірін ескеруге арналған  бірегей тетік. Еліміздің жаңғыруы мен дамуы, республика экономикасының алға басуы, әлеуметтік  мәселелердің тиімді шешімі табылуы референдумның нәтижесіне тікелей байланысты. Сондықтан отандастарымызды белсенді азаматтық ұстаным танытып, саналы таңдау жасауға шақырамын.